Қазақстанның Венадағы Халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) Бас хатшысы Абдалла әл-Бадримен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның жаһандық энергетикалық ынтымақтастықтағы рөлі мен екіжақты әрекеттесу перспективаларын, мұнай нарығын тұрақтандыру бойынша ОПЕК қызметі мен әлемдік энергетика нарығының ағымдағы жағдайын талқылады.
Бас хатшы Абдалла әл-Бадри мұнай нарығының ағымдағы ахуалы туралы ақпараттандырып, ОПЕК мұнай өндіруді күніне 30 млн. баррель деңгейінде ұстайтынын атап өтті. ОПЕК басшысы мұнай саласында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.
Тұрақты өкіл Қайрат Сарыбай энергетика саласында Қазақстан кім-кім үшін де сенімді стратегиялық серіктес болып табылатынын атап өтіп, Қазақстанның ОПЕК-пен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін хабарлады. Осыған орай, Бас хатшыны үстіміздегі жылғы 27 қарашада Астанада өтетін Энергетикалық хартия конференциясының 25-ші сессиясына қатысу және Қазақстанмен ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін Қазақстанға келуге шақырды. Мұнай бағалары мен жеткізілімдерінің тұрақтылығын қолдау жөніндегі ОПЕК қызметін оң бағалады.
«Егемен-ақпарат».