Махамбет ауданының Есбол орта мектебінде тарих пәнінен дәріс беретін Жалғас Таңатов оқушыларды археологиялық қазба жұмыстарына жиі апарып жүр. Өткен жылы ол өзі тұратын ауыл маңынан көптеген тарихи жәдігер тапқан.
Оның айтуынша, алғашқы табылған жәдігер – азамат соғысы жылдарына тиесілі оқ патрондары. Бұларды Есбол мен Ақжайық ауылы аралығындағы ескі қыстақ орнынан тауып алған.
– Нөмірлі кодына қарағанда, патрондардың бірі Германияда, енді бірі Петербургта шығарылғаны анықталып отыр. Ауыл маңындағы ескі егін алқабының орнынан Алтын Орда дәуіріндегі Өзбек ханның тұсында қолданылған кәдімгі мыс ақша табылды. Шамамен 1313-1341 жылдарға тиесілі теңгеде «721г.х», «Сарай Берке» деген жазу анық сақталған. Бұлардан басқа қыш құмыралар, күміс әшекейлер, алтын, мыс тиындар мен тұрмыстық бұйымдарды да таптық. Жәдігердің барлығы Есбол орта мектебіндегі шағын мұражайға қойылды, – дейді Жалғас Таңатов.
Мұғалімнің пікірінше, оқушылардың тарихи жәдігерлерге қызығушылығы артқан. Сол себептен, олардың тарихи жәдігерлерді зерттеуге ынтасын оятуды көздеп отыр.
– Бала күнімізде қой жайып жүріп, құмыраның сынықтарын тауып алатын едік. Бірақ оны зерттеу ойымызға келмеді ғой. Үлкендерден Есбол ауылының маңында тарихи орындар көп екенін еститінбіз. Бірі – азамат соғысы кезіндегі «ақтар» мен «қызылдардың» шайқасы болған жер, екіншісі – Исатай мен Махамбеттің Жайықтан өткен жолы, үшіншісі – археологтер зерттеу нысаны ретінде белгілеген ежелгі сарматтардың қорымы. Бұл ауылдың маңында Айтуар би, Мұрат Мөңкеұлы бабаларымыздың өмірдеректеріндегі зерттелмей жатқан орындар да жетерлік. Тіпті Алаш арысы Халел Досмұхамедұлының әкесі де біздің ауылдан 5 шақырым жерде жерленген болып шықты. Оны тапқан қарапайым ауыл тұрғыны, жылқышы ағамыз Аслан Жалмұханов еді, – дейді ауыл мұғалімі Жалғас Таңатов.
Атырау облысы