Астықты өңірде ұн өнімдерінің біршама қымбаттап кеткені әрі тапшы бола бастағаны туралы өткен жылдың соңында ел газеті «Egemen»-де мәселе көтеріп жазған болатынбыз. Жаңа жылдан кейін облыс орталығында сонау 1952 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Көкшетау нан зауыты» кәсіпорны өз жұмысын тоқтатты.
Жаңа жыл мерекесінде бүтін бір қалада ішінара нан тапшылығы сезіле бастады. Өйткені аталған кәсіпорын қала халқының нанға деген қажеттілігінің 10 пайызын өтеп тұрған екен. Қазір тұтынушылардың алаңдаушылығы басым. Айдың-күннің аманында ас атасына жарымау не деген сұмдық дейді олар. Зауыт нан ғана емес, нан-тоқаш өнімдерін де шығаратын.
– Бірнеше дүкенге кіріп нан таба алмадым, – дейді қала тұрғыны Еркен Сәбитов, – шынын айтқанда, нан зауытының өнімі жақсы еді. Адал дәм туралы ғайбат айтуға болмас, дегенмен, көптеген наубайхананың пісіретін наны көңілден шыға бермейді. Кейбірі сағыздай созылып жатқан дәмсіз, үлбіреп, үгіліп жатыр. Жұмыстан шыға нан сататын дүкенге жүгіретін болдық. Кештетіп барсаң, нан болмай қалады. Ал күндіз алуға жұмыстан шыға алмайсың. Көп алсаң бүлініп кетеді, аз алсаң келесі күнге жетпей қалады.
Мәселенің мән-жайын білмек болып Ақмола облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребинмен сөйлестік. Басқарма басшысының орынбасары болған жайдан хабардар екен. Бірақ кәсіпорынның жабылуы туралы анық білмейді. Мәселе неге қатысты, ұн қымбаттады ма, жоқ әлде әлдебір тетігі істен шықты ма, ол жағы беймәлім. Зауыт директоры Әнуарбек Омаров шетелде жүр екен. Айтатын уәжі – ендігі арада нан пісіріп сату мүлде тиімсіз.
Тағы бір өкініштісі, осы зауыттың жабылуына байланысты ондаған жұмысшы қыстың көзі қырауда жұмыссыз қалды. Олардың дені зейнет жасына таяп қалған мамандар. Егде адамдар түгілі тепсе темір үзетін жастардың өзі екі қолға бір күрек таба алмай отырғанда, ендігі арада жұмыс табыла ма, жоқ па, бұл жағы да белгісіз.
– Кәсіпорын құрылтайшылардың шешімімен биылғы 1 қаңтардан бастап жабылды. Жұмыссыз қалған мамандардың саны – 59. Олар қысқартылатыны туралы ескертуді 1 желтоқсаннан бастап алған. Заңға сәйкес жұмысшыларға барлық төлемдер төленді. Өкінішке қарай, зауыттың құрылтайшыларын білмейміз. Тек директорын ғана білеміз, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов.
Басқарма басшысының айтуына қарағанда, жекеменшік зауыт қожайындарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ұсынылған екен. Тіпті тиімділігін жақсарту мақсатында «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдік шартымен несие де ұсынылған. Алдағы уақытта бұл ұсыныстар зауыт қожайындары тарапынан қабылдана ма, жоқ па, белгісіз. Қалай болған күнде де көкшетаулықтардың сапалы наннан сыбағасы кемігендігі анық.
КӨКШЕТАУ