Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, алаяқтарға алданған тұрғындардың мұң-зары толып тұр. Зейнеткерлер былай тұрсын, «құқықтық сауатым жақсы» деген тұрғындардың өзі қалай қақпанға оңай түскенін түсіне алмай дал. Цифрландырудың жаңашылдығы өмірімізді жарқын еткенімен, интернет алаяқтықтың қанат жаюына да түрткі болып отырғанын мойындауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді. Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударса, жағдайдың ушығып тұрғанын пайымдай беріңіз.
Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, бүгінде азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстардың ең көп тараған түрі.
– Интернет алаяқтықтың өршуіне пандемия кезіндегі шектеу шаралары ерекше әсер етті. Сол кезде тұтынушы халық онлайн қызмет көрсету түрлеріне жүгінді, тауарларды интернет арқылы сатып ала бастады. Сәйкесінше, банктердің қызмет көрсетуі барынша цифрлық форматқа көшті. Онлайн қарыздар мен электронды ақша аударулар көбейді. Қазір әрбір азаматтың қолындағы телефонда екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары бар. Цифрлық технологиялардың дамуы оларды пайдалана отырып жасалатын ұрлықтардың өсуіне әкелді.
Бұл – жалғыз біздің елде емес, бүкіл әлемде белең алған өзекті мәселе. Алаяқтар азаматтарды алдау үшін әртүрлі амалдарды қолданады. Сол себепті қылмыстардың саны жылдан жылға көбейіп отыр. Тіркелген істерді талдау көрсеткендей, алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді (бағдарламалық жасақтама) белсенді пайдаланады. Яғни бағдарламалық жасақтаманың көмегімен шынайы абоненттік нөмірді өзгертіп, жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып отыр. Әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие алуға әрекет туралы хабарлайды. Олар көбіне өздерін банктің қауіпсіздік қызметі, полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде ұсынады және банктің жосықсыз қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды шоттағы немесе депозиттегі ақшаны қауіпсіз «сақтандыру» шотына аударуға көндіреді, – дейді Рүстем Дүйсетаев.
Тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты. Алаяқтар бірнеше несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген ақшаны мойнына іліп берген. Әйтпесе, нарық қыспаққа алған уақытта екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатқан жоқ. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, «есепшотыңыздағы қаражатты алаяқтар шешіп алайын деп жатыр» деп қара бұлтты төндіріп, қарттарды қапы қалдырып жатады. Жастардың өзі әп-сәтте алданып, сан соғып жүр.
Жұрт арасында алаяқтарды «аяғынан шалу» үшін жазаны күшейту керек деген ұсыныс жиі айтылып жүр. Еліміздің Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға немесе айыппұл (4 мың АЕК) салуды көздейді. Қылмыс топ құрамында немесе аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бүгінде өңірлерде киберқылмысты тергейтін мамандандырылған тергеу-жедел тобы құрылған. Республика бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтыр 26-28 маусым аралығында еліміздің барлық аумағын қамтыған «Анти-Фрод» жедел-профилактикалық шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 303 құқық бұзушылық тіркеліп, 457 бұрын жасалған қылмыс ашылды, 254 адам ұсталды. Ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларға қатысты 2 және одан да көп алаяқтық жасағаны үшін осындай 39 адам құрыққа түскен.
Әрине, киберқылмыспен күресуде тәртіп сақшыларының да жоғары біліктілігі – басты назарда. Сала мамандары халықаралық және салааралық келісімдерді іске асыру шеңберінде шетелдерде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау мен оларды ашудың жаңа әдістемелері негізінде білімін жетілдіріп жүргенін атап өткен жөн.
Жасыратыны жоқ, интернетте жарнамасы жарқын тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық етпейді. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады.
Тағы айта кететін маңызды мәселе – әрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіздің бағдарламаларыңызға тікелей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.
Естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Себебі телефон арқылы мұндай мәселелер шешілмейді.