• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 16 Қаңтар, 2023

Президент колумбиялық мектепке БАӘ-нің жаһандық сыйлығын табыстады

296 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммиті аясында Global High Schools номинациясы бойынша (Америка аймағы) Zayed Sustainability Prize сыйлығын колумбиялық Fundacion Bios Terrae - ICAM Ubate мектебіне табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Zayed Sustainability Prize – тұрақты даму саласындағы орасан зор жетістігі үшін берілетін Біріккен Араб Әмірліктерінің жаһандық сыйлығы. Бұл марапат БАӘ Тұңғыш Президенті марқұм шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның гуманитарлық мұрасына құрмет белгісі ретінде 2008 жылы өткен «Болашақтың энергиясы» әлемдік саммитінде тағайындалды.

Аталған сыйлық денсаулық сақтау, азық-түлік, энергетика, суды үнемді пайдалану секілді санаттар бойынша тұрақты даму саласындағы тиімді және инновациялық шешімдері үшін коммерциялық емес ұйымдарға, шағын және орта кәсіпорындарға және орта мектептерге беріледі.

2009 жылдан бері әлем бойынша 96 адам осы сыйлықтың иегері атанды. Zayed Sustainability Prize сыйлығының жүлдесі – 3 миллион АҚШ доллары. Биыл сыйлыққа 152 елден 4 538 өтінім түсіп, оның үздік 30 жобасы финалға өткен.