• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2014

Колледж технопаркі – тәжірибе алаңы

534 рет
көрсетілді

 ЫҚПАЛДАСТЫҚ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Облыс орталығындағы химиялық-механикалық колледж түлектері әрі қарай оқуларын жалғастыру үшін «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС- Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті, И. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде бакалавриат бағдарламасы негізінде мамандықтарға жыл сайын грант бөліп келеді. Колледж түлектері «Мұнай-химиялық зауыты» ЖШС, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Кастинг» ПФ ЖШС, «Каустик» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Нефтехим LTD» ЖШС сияқты жетекші кәсіпорындарда еңбек етуде.

Жалпы, химия-механикалық колледжі өңірдегі мұнай-химия саласы бойынша мамандар даяр­лайды. Кезінде 1979 жылдары облыс орталығындағы химиялық зауытқа мамандар даярлайтын техникум болды. Ал, 1992 жылы ел Үкіметінің қаулысымен химия-механикалық колледжге айналды. Ал, биыл Павлодар химия-механикалық колледжінде оқу­шы­ларды дуалды оқытып, дайындап шығу үшін «ПМХЗ», яғни «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС оқу-өндірістік технологиялық парк ашып берді. Ақпан айында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов келіп, колледждегі технопарк жұмы­сымен танысып қайтты. Бізде сол кезде технопарктің ашы­луына қатысып, колледж дирек­торының орынбасары Сәния Төленқызымен бірге ара­лап көрген едік. Колледж техно­паркі жарқырап тұр. Жаңа технологиялар, зертхана­лар, тәжірибе алаңдары, шетелдік құрал-жабдықтар, құрылғылар, үстел-орындық, кабинеттер – бәрі де жаңа, бәрі де автоматтандырылған, оқушыларға барлық жағдай жаса­лыпты. Колледж технопарк орта­лығын слесарлық, механи­калық, металдар технологиясының шеберханалары, кәсіпорындарға тех­никалық қызмет көрсету және жөндеу, кәсіпорын цехтарын жабдықтау кабинеті және кон­ференц-зал құрайды. Колледж директоры Гүлнәр Аманжолованың айтуынша, колледжде 700-дей оқушы білім алады. Оқушыларға «Мұнай, газ өңдеу және химия өнеркәсібінің жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Химиялық қосылыстардың сапасын сараптамалық талдау», «Мұнай және газды қайта өндеу технологиясы», «Авто­көлік­терге техникалық қызмет көрсе­ту, жөндеу және пайдалану», «Автоматтандыру және бас­қару» мамандықтары бойын­ша Г. Конюхова, Т. Рудольф, С.Гор­бачева., Н. Құсаинова, Л.Ру­синович, И.Науменко, Б.Құр­ма­налиев, В.Шиков, А.Назаренко, Е.Светличная сияқты тәжірибелі, білікті мамандар сабақ береді. Ал, технопаркті құрал-жабдықтармен жаб­дықтау үшін зауыт 2 миллион 311 мың теңге қаражат бө­­ліпті. Құралдар колледжге жал­­ға берілді. Сонымен қатар, кәсіп­орын химиялық зертхана, ше­берханаға әкелінген бұл құ­рыл­ғылар мен құралдардың бәрін орнатып құрып берді. Сөй­тіп, колледж бен өндіріс, яғни «Мұ­най химия зауыты» ЖШС арасында мемлекеттік-әлеуметтік се­ріктестік бағыты арқылы дуалды оқыту жүйесіне негізделген екі жақ­ты келісім жасалды. Бұл жүйе бой­ынша оқыту жоғары білікті ма­ман­дардың басшылығымен өтуде. Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсы­рамын. Кәсіби-техникалық жә­не жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді, деген болатын. Жалпы, дуалды оқыту әдісі әлемдік тәжірибеде бар, ол – студентті оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Бұл әдіс Германия, Австрия, Да­ния, Нидерланды, Швеция, Ан­глия, Оңтүстік Корея сияқты да­мы­ған мемлекеттерде жүзеге асуда. Мысалы, Германияда кәсіп­тік мектеп оқушысы бір апта­ның 3,5 күнінде өндірісте, ал, қал­ған 1,5 күнінде оқу орындарын­да теориялық білім алатын кө­рінеді. Колледж оқушылары «Мұнай, газ өңдеу және химия өнеркәсібінің жабдықтарына тех­никалық қызмет көрсету және жөн­деу» және «Мұнай және газ­ды қайта өңдеу технология­сы» мамандықтары бойынша білім алуда. Сабақтар екі тілде жүргізіледі. Оқушылар колледжде оқығандарын зауыт цехтарында жалғастыруда. Қазір 3-курстың 44 студенті кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде. Студенттерге 20 мың теңге сти­пен­дия төленеді. Жауапты тәжіри­белі жетекшілер бекітілген. Колледж оқушыларына алып зауыттың цехтарында техно­ло­гиялық орнатқыш оператор­лары, техникалық сорғыш және компрессорлық орнатқыш ма­шинистері, технологиялық орнат­қыштарды жөндейтін мамандар ретінде арнайы жұмыс орындары жасалды. Өндірістегі оқу-тәжі­рибелерін бітірген соң колледж түлектері өңірдегі өндірістік кәсіп­орындарға бірден жұмысқа орна­ласады. Оқу-өндірістік сынақ 2015 жылғы 15 маусымға дейін жал­ғасады. Болашақ мамандарға зауыт­тың орталық зертханасында мультимедиялық оқулықтарды пайдалана отырып компьютерлік сыныпта оқу өтеді. Жалпы, колледж оқушыларын дуалды оқыту жүйесіне мамандану сабақтарын өткізу үшін кәсіпорын 17 миллион теңге қаражат жұмсапты, ал, оқу алаңын жөндеуге 29 миллион теңге бөлінген көрінеді. Екіншіден, зауыт колледжде оқу корпусының біріне күрделі жөндеу жүргізді. Үшіншіден, Гүлнәр Қабиденқызының айтуынша, өткен жылы «Техникалық және кәсіптік білім беруді жетіл­діру» атты институттық даму жобасы шеңберінде колледж Дүниежүзілік банктен 380 мың доллар көлемінде грант ұтып алыпты. Бұл қаражатқа да түгел­дей заманауи құрылғылар, құрал-жабдықтар сатып алынған екен. Өйткені, колледж және өн­діріс, яғни оқу орны мен өн­ді­рістің серіктестігі бірігіп, дуалды оқытудың бастапқы кезеңінде кәсіпорынға қажетті мамандарды оқытып шығаруға міндетті. Өндіріс талаптарына дағдыланған колледж бітірушілер бірден зауытқа келеді немесе зауыт көме­гінің арқасында өз елімізде, Ресей­де жоғары білім алып қайта ора­лады. Колледж директоры Гүл­нәр Аманжолованың айтуынша, колледждің Ресейдің Омбы, Том, Новосібір техникалық білім беретін жоғары оқу орындарымен байланыстары жалғасуда. Көп­теген колледж түлектері сол жақтарда білім алуда. Оқу­шы­лар оқып жүргенде зауытта тәжірибеден өтіп, жұмыс жаса­ған оқушылар оқу бітірген соң, зауытқа келсе, ұжымға да тез үй­ренеді, кәсіпорын тәртібіне жылдам бейімделеді. Дуалды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені, ол дайын маман. Бір өкініштісі, аты мен заты жақсы колледждің ауласы әбден жөнделмегендіктен ас­фальт төселген беті тозып кетіп­ті. Еліміз өндіріс орындарына қа­жетті мамандықтар даярлайтын кәсіптік білім саласына жете көңіл бөліп жатқан кезде жергілікті билік те колледжге қолұшын созса дұрыс болар еді деп ойлаймыз. – Дуалды жүйе жастар үшін тиімді. Кәсіби білім алуға мол мүмкіндік. Жұмыс берушілердің сұраныстарына, талаптарына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаймыз. Маман даярлауға кәсіпорындар да жауапкершілігін арттырады, – дейді колледж директоры Гүлнәр Аманжолова. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.

Ұтылмайды. Ұтады

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков брифинг өткізіп, партияның Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі ұстанымынан хабардар етті. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ­тың интеграциялық байланыстар­ды дамытудағы маңызы ерекше. Жамбыл Ахметбеков алды­мен осыған тоқталды. «Еура­зия­лық экономикалық одақ құру мәселесі қоғам арасында кеңі­нен талқыға түсті, – деді ол. – Соның нәтижесінде үш мемле­кет­тің басшылары өзара түсініс­тік жағдайында ЕАЭО туралы шарт­қа қол қойды. Кез келген ел бір-бірімен қарым-қатынас жасамай, сондай-ақ, халықаралық ынты­мақтастық орнатпай, дамып кете ал­май­тынын өткен тарих әлде­қашан дә­лелдеп берген. Әсіресе, бұл жа­һан­дану заманында аса қажет». Бұдан кейін депутат Еура­зия­лық экономикалық одақтың тиімділігін атап өтті. Оның айтуынша, одақтың біздің еліміз үшін экономикалық жағынан беретіні орасан зор. Алдағы уақытта ол нәтижесін көрсете бастайтын болады. «Біз өз өнімдерімізді 170 миллионнан астам адамды қам­титын аса үлкен нарыққа шы­ғаруға мүмкіндік аламыз, – деді Жамбыл Ахметбеков осы жөнінде. – Егер біздер Бүкіләлемдік сау­да ұйымына кіретін кезде, осы на­рықты игерсек, еліміздің тауар өнді­ру­шілеріне әлемдік рынокта жұ­мыс істеу жеңіл болады. Бәсе­ке­лестікке қабілеттілікті арттырады». Еуразиялық экономикалық одақ елімізді тәуелсіздігінен айырады деген пікірлердің бар екені де жасырын емес. «Бұл пікірмен келісуге болмайды. Мұндай сөздер бүгінгі күні де айтылуда, – деді депутат осы жайында. – Мен айтар едім, бұдан елімізге төніп тұрған қауіп-қатер жоқ. Осылардың барлығы елдің игілігі үшін, мемлекетіміздің беріктігі үшін жасалып жатқан өміршең іс-шаралар болып табылады». Сондай-ақ, ол ЕАЭО «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында бел­гі­ленген негізгі міндеттер мен мақ­саттарға қол жеткізуге септі­гін тигізетін бірден-бір жол еке­нін де атады. «Еуразиялық инте­гра­ция оған мүше елдердің іргесін бекітуге қызмет етеді, – деді Жам­был Ахметбеков сөзін түйіндей келіп. – Сондықтан да заманауи еуразиялық интеграцияның құқық­тық, ерікті және экономикалық негізде болуы заман талабына айналып отыр. Бұл жерде Қазақстан ұтады. Ал Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қолдау білдіреді». Әлисұлтан Құланбай, «Егемен Қазақстан».

Одақтастық – ортақ игілік

«Үй таңдама, көрші таңда» дейді дана халқымыз. Мағынасы терең сөз бұл! Бірақ, адам үшін үй таңдау мүмкін болғанымен, мемлекет үшін көрші қону–бір Алланың ісі. Сондықтан көрші елдермен тату-тәтті өмір сүру, алыс-беріс, барыс-келіс түзу болуы қажеттігі ықылым заманнан бері талас тудырмайтын, тарих айғақтаған ақиқат. Қандай  елмен жақынырақ болу жайлы  ата-бабаларымыз аталы сөздерді баяғыда айтып кеткен... Соның бәрін ой елегінен өткізгенде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық эко­но­микалық одақ құру идеясын осы­дан жиырма жыл бұрын М.В.Ло­моносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінде оқы­ған дәрісінде жариялаған кемең­герлігіне еш күмән келтіре алмайсың. Қазіргі көптеген елдер дүние­жүзілік экономикалық дағда­рыстың зардаптарын әлі де тартып жатқан, кейбір тағдырлас мемлекеттер саясатқа тым көп мән беріп, экономикасын әлсіретіп алып, этносаралық қатынастарды да дұрыс жолға қоя алмай, халқының бірлігін бұзып, қиын жағдайда қалған қилы кезеңде мұндай одақ құрудан қай тұрғыдан алсақ та, ұтылмасымыз анық. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақ құрған үш мемлекеттің де тең құқыққа ие болуы, тиісті келісім жобасынан саяси мәселелердің алынып тасталуы жұрт көңіліндегі күдікті сейілтіп, бауырлас елдеріміздің ортақ болашағына сенімді күшейте түскені кәміл. Тағы бір айта кетерлігі, бұл оқи­ғаның мән-маңызы зор болғанымен, ол әлем тарихы үшін тосырқай қарайтындай тың жаңа­лық болып табылмайды. Өйткені, кәрі дүние – Еуропа елдері осындай одақ құрып, ынтымақтасудың арқасында қандай жетістіктерге жеткенін бүгінде барша жұрт біледі. Бізге сол Еуропалық одақ­тың оң тәжірибесінен үлгі алып, жіберген қателіктерінен сабақ алу керектігі жөнінде Елбасымыз айтқан пікір кімнің болсын көкейіндегі ойды дөп басты деп ойлаймын. Еуразияның жүрегіндегі ақыл-парасат ордасына айналған Ас­танамызда қабылданған осынау тарихи шешім одақтас үш мемлекет халықтарын бұрынғыдан да жақындастырып, өзара сыйластық пен ежелгі достық қарым-қаты­настарды одан әрі жақсарта түседі, сөйтіп, өз еліміздегі экономикалық жағдайға қоса, саяси ахуалды да жақсартып, ішкі бірлігімізді нығайтады деп сенемін. Кәрібай МҰСЫРМАН, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Петропавл.

Экспортқа бағыт ұстаған

Біз «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС-іне келгенде уақыт түске таяп қалған болатын. Алдын-ала ескертпей келгенімізбен, серіктестік директоры Қанат Тапаев орнында болып шықты. Бұл бізді қуантып тастады. Біздін, келген шаруамыз серіктестік басшысымен Еуразиялық экономикалық одақ және кәсіпорынның келешегі туралы әңгімелесіп, ой бөлісу еді. Облыс аумағындағы ірі кәсіпорындардың бірін басқаратын азамат әңгімеге бірден кірісіп кетті. Ол өз ісін, нарықтық қатынастың қазір қалыптасып отырған жағдайын жетік білетінін әңгіме ауанынан-ақ аңғартып тастады.

Серіктестік «Астық индустриясы» компаниясының Батыс Қазақстан өңіріндегі құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Мұнда «Корона» брендімен шығарылатын ұнға сұраныс жо­ғары. Компанияның филиалдары Ба­тыс Қазақстан, Қостанай және Оңтүс­тік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. – Күні кеше қол қойылған Еуразия­лық экономикалық одақ туралы шарт біздің экспорттық мүмкіндігімізді арттырады деп есептеймін. Кеден одағы елдері деңгейіндегі интеграциялық үдерістер бізге өңдеу саласында көшбасшы болуға алғышарт жасайды. Қазір еліміз әлемдік нарыққа ұн шығаратын ірі жеткізуші болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қойылуы үлкен нарыққа кіруге мүмкіндік береді. Мұның өзін одаққа кірген елдердің егеменді теңдігін сақтай отырып, сая­си құрылымын құрметтеу арқылы еуразиялық кеңістіктегі ықпал­дас­тықтың сапалы кезеңі басталғандығымен тарихи маңызды оқиға деу орынды. Интеграциялық үдерістерді бұрынғыдан да тереңдетуге берік негіз қаланатыны сөзсіз. Бұл қол қойылған шартта жан-жақты қамтылған. Дамудың ортақ жолын табу арқылы елдеріміздің экономикасын нығайтып, адамдардың тұрмысын жақсартуға берік негіз қа­лайды, – деді ол. Кәсіпорын басшысы еліміздің салық туралы заңнамаларының кейбір артықшылықтарын, банк жүйесінің жақсы дамығанын алға тарта сөйледі. Кәсіпкерлікті дамыту жөнінде үлкен бағдарлама қабылданып, Елбасының бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуге тапсырма бергеніне тоқталды. «Аргробизнес-2020» бағдарламасы қабылданып, ауылшаруашылық тау­ар өндірушілерін субсиядиялау жүр­гіз­іле­тінін де тілге тиек етті. Осының барлығы, сайып келгенде, кәсіпкерліктің көсегесін көгертер шаруалар екенін айтты. – Қатаң бәсекелестік жағдайында әркім өз нарығын қорғауға тырысады. Сондықтан, бәсекелестікке төтеп беретіндей қауқарымыз болуы керек. Біздің елде бұған барлық жағдай жасалған. Біз қазіргі таңда жаңа технологияларды сатып алып, өзімізде енгізу арқылы әлемдік нарыққа еніп келеміз, –деді сөз арасында. Қазақстанда соңғы кездері барлық салада даму бар екенін жеткізді. Жылыжай шаруашылығының дамып келе жатқанын, болашақта Ресейдің солтүстік өңірлерін көкөніспен қамтамасыз етудің мүмкіндіктері бар екеніне мысалдар келтірді. Ауыл шаруашылығының дамып отырғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласында экспортқа Қазақстан етін шығарудың мол мүмкіндіктері бар екенін интеграциялық ықпалдастықтың бір көрінісі ретінде бағалады. Оның мәлімдеуінше, кәсіпорын бидай, ұн, макарон сияқты өз өнімдерінің басым бөлігін қазір ішкі нарықты былай қойғанда, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Ауғанстанға және Кавказ елдеріне шығарады. –Еуразиялық экономикалық одақ бізге Ресейдің солтүстік аймақтарына астық өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Кеден одағына кіргелі тауарлардың өтуі жеңілдеді, – дейді Қанат Тапаев. Серіктестік Ресейге басында айына 50-100 тонна ұн жөнелтсе, үстіміздегі жылы ай сайын 1000 тонна астық өнімдерін экспорттап отырған көрінеді. Болашақта астық экспортын екі есе арттыру көзделуде. Мұның өзі шек емес, дейді кәсіпорын басшысы,серіктестіктің болашақтағы қайтарымды қадамдарын саралай келіп. Біз мұны неге сүйеніп айтып отырғанын сұрадық. – Ресейдің Оңтүстік Урал өңірінде 10 миллион халық тұрады. Оларға ұн Орталық Ресейден жеткізілуде. Бұл қашық, бізге жақын. Сондықтан Орынбор, Самара, Челябі, Свердлов облыстарын сапалы қазақстандық ұнмен қамтамасыз етуге күшіміз жетеді, – деп деректі дәлелдерін келтірді. Серіктестік директорының сөзі­нің жа­ны бар. Бұған Еуразиялық эконо­ми­калық одақ мол мүмкіндік ашып отыр. Оның үстіне1993 жылы пайдалануға берілген кәсіпорынның қуаты да жетеді. 2006 жылы Италияның қондырғысы орнатылып, өндіріс жаңартылды. Осы заманғы диірмен кешені тәулігіне 550 тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді. Мұнда 250 адам еңбек етеді. – Біздің өнімдеріміз өзгелердікінен қалыспайды. Диірменде жоғары 1 және 2 сортты ұн тартылады. Рас, баға саясатына байланысты өткен жылы экспортты қысқартуға тура келді. Шығынмен жұмыс істеуге болмады. Енді жағдай басқаша. Қазір жағдай қазақстандық экспорттаушылардың пайдасына өзгере бастады. Оның үстіне біздің өнімдеріміз екі жыл қатарынан алтын сыйлықты иеленді. Жақында Мәскеу қаласының кәсіпкерлері келіп, біздің өнімдерімізге қызығушылық танытты. Қазірдің өзінде Ресейдің басқа өңірлерінен әріптестерден тапсырыстар түсуде, – деп түйіндеді ойын ол. Еркіндік қағидаттарға негізделген Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енгенде көп нәрседен ұтарымызды кәсіп­кер­лер жете түсініп, қолдау білдіруде. Ық­пал­дастықтың ел игілі­гіне қызмет ете­тініне көздері жетіп, инте­гра­циялық бай­ла­ныстарды осы бастан ойластыра бас­тағаны аңғарылады. Соның бірі «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС директоры Қанат Тапаев екеніне көзіміз жетті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.