Кейінгі бір жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында 3 үшем, 78 егіз бала дүниеге келген. Ал жаңа жылдың алғашқы күндері жарық дүние есігін ашқан Айназ, Айзада, Айдана облыстық перинаталдық орталықтан аман-есен шығып, енді үйіндегі ата-әжесін қуантады.
Үшем 3 қаңтар күні сағат 20.00-де араларына бір минут салып өмірге келген екен. Сол сәттегі салмағы – 2279, 2240 және 2700 грамм болған. Орал қаласында тұратын Талап Боранғалиев пен Жадыраның бұған дейін де үш баласы болған. Бір күнде көпбалалы отбасы, күміс алқа иегері атанған 39 жастағы Жадыраның да, кішкентай сәбилердің де жағдайы жақсы.
Келіншектің толғағы мерзімінен бұрын басталғандықтан, сәбилер кесарь тілігі арқылы ота жасалып алынған. Үшемнің салмағы қалыпты деңгейге жеткенше облыстық перинаталдық орталықта дәрігер бақылауында болыпты.
«2022 жылы Батыс Қазақстан облысында жалпы саны 6116 сәби дүниеге келді. Соның ішіндегі шала туғандар саны 507 болды. Біздің дәрігерлер 700 грамм салмақпен туған шарананың да өмірін сақтап қала алды. Бүгін біздің бөлімшеден шығып жатқан үшем мен анасының да жағдайы қалыпқа келді. Енді олар қаладағы №6 перзентхананың қамқорлығында болады», дейді Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығы нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Нығметова.
Батыс Қазақстан облысы