• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

ТУДЫ КӨБЕЙТІП, ЖАМАН НЫШАН ШАҚЫРМАЙЫҚ

676 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылғы сәуірдің 14-і күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Құрманғали Уәли Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, кейбір әкім­дік­тер өңірлердің белгісін туға айнал­дырып, жиналыс өтетін залдардың төріне Мемлекеттік тумен қатар орнатып қойғанын сынға алған болатын. Атап айтқанда, депутат өз сауалында былай деген еді: Жақында бірауыздан қабылдап, ел болып қуанып, қасиетті көк Туы­мызды көтергенімізге 18 жыл (4 мау­сым 1992 жылы қабылданды) толады. Заңдағы “нышандары” деп дұ­рыс аталмаған атауынан 2007 жылы әрең құтылып, “Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік рәміздері туралы” деген нағыз атымен атал­ға­нына да көп мезгіл бола қойған жоқ. Бірақ бүгінгі таңда көңілге түйткіл салып, бізді алаңдататын бір “дәс­түр” пайда болып, бірте-бірте өріс алып бара жатыр. Еліміздің Мемлекеттік туы мін­детті түрде, ұдайы көтерілетін тәртібі “Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік рәміздері туралы” Заң­мен белгіленген, толық тізімдері көр­се­тілген. Сонымен қатар ғимараттарда тұрақты тігілген Мемлекеттік туға тәуліктің қараңғы мезгілінде де жа­рық түсіп тұруға тиіс екендігі міндеттелген. Алайда, қоғамдық бірлес­тік­тер­дің және басқа ұйымдардың жалауы көтерілуіне заңмен шектеу қойыл­маған. Соған еліктеушілік пе, коми­тет­тердің, агенттіктердің, облыс­тар­дың, қалалардың ел Туымен жарыс­тырып ту көтере бастағанын қалай түсінуге болады?! Маңдайымызға ар­мандап жүріп жеткен көк байрағы­мыз тар болып бара ма? Бас-ба­сы­мызға ту тігіп, Мемлекетіміздің туы­мен жарыстыру сияқты жаман нышанға шектеу қойыл­маса, бір күні бір пысығымыз ру-рудың туын көтеріп шықпасына кім кепіл?! Мұнымен көк Туымыздың күшін әлсіретпесек, күшейте ал­маймыз. Қазақстанның Мемлекеттік туының қасында тек халықаралық кездесулер мен жарыстар өткен кез­де өзге елдің туы тұруы тиіс. Ал, әр ауданның, облыстың, қа­ла­ның­ белгісі (эмблема) басқа мә­се­ле. Ол белгі ғана. Бүгінгі таңда кей­бір өңірлердегі әкімдіктердің сол белгіні туға айналдырып, жиналыс өтетін залдардың төріне Мем­ле­кет­тік тумен қатар орнатып қойғанына куә болып жүрміз. Газеттерге де суреттері шығып жатыр. Біз дәл бұлай ететіндей федеративтік емес, унитарлы мемлекетпіз ғой. Бұл көрген көзге де, көңілге де қон­бай­тын жаман нышан, ал нышан деген сөзден әрең құтылып, өзгеріс енгізгенімізге үш жыл толмай жатып, тағы да жаман нышанның төбесі көріне бастаған осы сияқты ретсіз әдетке шектеу қою керек деп ойлаймыз. Жуырда Үкімет басшысынан осы депутаттық сауалға жауап келді. Онда былай делінеді: “Мемлекеттік рәміздерді наси­хат­тау және оларды дұрыс қолдану­ды бақылау барлық орталық және жер­гілікті атқару органдары қыз­ме­тіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Мәдениет министрлігі Мемле­кет­тік рәміздер жөніндегі респуб­ли­калық комиссияның жұмысшы органы әрі осы бағыттағы өзге де мәселелерге жауапты орталық атқарушы орган ре­тінде мемлекеттік рәміздерді на­си­хаттау жөніндегі жұмыстың тиім­ді­лігін арттыру және бұл саладағы нор­­мативтік-құқықтық базаны же­тіл­діру мақсатында іс-шаралар ке­шенін жүзеге асырып, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы қызметін үйлестіруде. Атап айтқанда, Комиссияның жанынан Мәдениет, Білім және ғылым, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің жауапты қызметкерлерінен құрыл­ған арнайы инспекциялық топ қыз­мет етеді. Олардың негізгі міндеті республика көлеміндегі мемлекеттік рәміздердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолданылуы мен пайдала­нылуын бақылау болып табылады. Инспекциялық топ Комиссия төр­ағасы, Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Саудабаев бекіткен 2009 жылғы 28 желтоқ­сан­дағы жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап оның кұрамы Ішкі істер министрлігінің мамандарын енгізу арқылы күшейтілді. Алдағы уақытта бұл жұмысқа Бас про­ку­ра­ту­раны да қатыстыру көзделуде. Осы жылдың басынан бері топ мүшелері Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында болып, бақылау жұмыстарын өткізді. Ал ағымдағы жылдың аяғына дейін Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақ­стан облыстарына арнайы іссапар­лар ұйымдастырылатын болады. Соңғы екі жыл көлемінде жүргізілген тексерулер барысында инспекция мүшелерінің тарапынан мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен қолдануда бірқатар кемші­ліктер анықталған. Мемлекеттік рәміздер­дің сапасыз дайындалуы, олардың түнгі уақытта жарықтан­дырылмауы, техникалық параметр­лерінің белгіленген стандарттарға сәйкес келмеуі, мемлекеттік рәміздер бейнеленген өнімдердің арнайы лицензиясыз шығарылуы және т.б. Кейбір мемлекеттік органдарда Мем­лекеттік тудың қасына өз эм­бл­е­­масы бар туларды орнатып, жұмыс бөлмелерінде немесе мәжіліс залдарында пайдаланған фактілер де орын алып келген. Мұндай кемші­ліктер анықталған мемлекеттік органдардың басшылары атына тиісті ескертулер жасалып, осы мәселеге байланысты қорытынды ақпарат Комиссия төрағасына жолданып отырады. Сондай-ақ, осы мәселелерге қатысты мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын Комиссияның кезекті отырыстарына шақырып, есебін тыңдау тәжірибесі енгізілген. Отырыста анықталған кемшіліктерді жою мәселесімен қатар, кемшілік жіберген мемлекеттік органда, соны­мен қатар, оның жергілікті құры­лым­дық бөлімшелерінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану мен қолдану саласындағы жұмыс­тар­ды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсы­ныстары мен жоспарлары қаралады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы “Қазақстан Республи­ка­­сының мемлекеттік рәміздері ту­ра­лы” Конституциялық заңның 5-ба­бына сәйкес Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік туымен қа­тар, шет мемлекеттердің, коғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйым­дар туларының бір мезгілде көте­рі­луіне тыйым салынбағанын атап өту жөн. Сол себептен Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік туы­ның қасында тек халықаралық кез­десу­лер мен жарыстар өткен кезде өзге елдердің тулары тұру жөнінде императивті норманы қа­былдау көрсетілген Конститу­ция­лық заңға тиісті өзгерістер енгізу талап етіледі. Аталған мәселені Ко­мис­сияның қарауына енгізу жө­нінде Мәдениет министрлігіне тапсырма берілді”.