Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне жаңадан келген 220-дан аса сарбаз Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы борышын адал өтеуге ант берді.
Әскери ант – жас сарбаздың өміріндегі аса жауапты сәттің бірі. Ұлттық ұланның «Батыс» тобына қарайтын 5517 әскери бөліміне келіп түскен сарбаздар бір ай бойы оқу пункітінде шынығып, әскери өмірдің қыр-сырымен танысып, саптық дайындықтан өткен. Кең байтақ Отанымыздың әр шетінен – Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстарынан жиналған жауынгерлер мұнда бір үйдің баласындай болып кетті. Өйткені олардың мақсаты бір – елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін мінсіз қызмет ету. Салтанатты ант беру рәсімінен кейін жас буын бірден ер жетіп, есейіп кеткендей.
Әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы алаңға шығарылған соң сарбаздар сап түзеп келіп, әскери ант қабылдауға кірісіп те кетті. Салтанатты жиынға құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары, Ұлттық ұлан ардагерлері қатысып, ант қабылдаған жауынгерлерді ерекше жауапты сәтімен құттықтады.
– Елімізді, Отанымызды қорғау – әрбір азаматтың ең қасиетті борышы. Өзінің туып өскен елін, жерін қорғап, нағыз сарбаз болу оңай емес. Ол үшін әр сарбаз өзіне қойылған жауынгерлік тапсырманы орындауға жан-жақты дайын болу керек. Ал әскери ант қабылдау дегеніміз – Отанына, халқына және заңды түрде сайланған Президентіне ақтық демі қалғанша адал қызмет ету деген сөз. Бүгіннен бастап сіздерге жауапкершілігі мол маңызды міндеттер жүктелгелі тұр. Мен осы бөлімнің командирі ретінде сіздерге жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды адал да абыроймен атқаратындарыңызға толықтай сенемін, – деді 5517 әскери бөлім командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров.
Іс-шараға жас сарбаздардың ата-аналары да арнайы келген. Қатардағы жауынгер Талғар Нұрқабденнің әкесі Айтжан Нұрқабден сөз алып, жауынгерлерге «Қабылдаған әскери анттарыңызға берік болып, қызметтеріңізді абыроймен атқарыңыздар. Ата-аналарыңыз бен бауырларыңыздың ортасына аман-есен келулеріңізге тілектеспін», деген тілегін айтты.
Батыс Қазақстан облысы