Петропавл қаласындағы М.Жұмабаев атындағы ІТ мектеп 2002 жылы Жоғары колледждің жанынан ашылған еді. Бұл –кезінде ақын Мағжан Жұмабаев сабақ берген педагогикалық училище. Осы оқу орны әуелі колледж, кейіннен жоғары колледж ретінде өзгерді. 1993 жылы оқу орнына әйгілі ақынның есімі берілді.
2021 жылы ІТ мектепке 900 орындық арнаулы ғимарат салынды. Қазақша-орысша оқытатын осы мектеп ғимараты былтырғы оқу жылында жылы болмай, үнемі жұртшылықтың назарында болды. Оқушылар бүрсеңдеп, қалың киімдерін шеше алмай отыратын кез жиі кездесетін.
Биылғы оқу жылы басталғанда да айғай-шу толастамады. Шеткі кабинеттердегі жылылық 15 градустан аспайды, оқушылар қалың киіммен ғана жүруге мәжбүр деген сөздер жиі айтылатын. Мектеп әкімшілігі және ата-аналар өтінішімен әкімдік пен антикор мердігерді қараша айында жауапкершілікке тартып, жылыту жүйесінің жетіспейтін мәселесін шешуді талап етті. Жаңа жүйенің кінәратын мердігерлер тапты. Су айдайтын насостардың жұмысын дұрыс қоспаған көрінеді. Кінәрат табылған соң мектеп үйі жылынып сала берді.
Қазір оқу кабинеттері жайлы, 23-24 градустық жылылықты көрсетіп тұр. Оқушылардың көңіл күйлері де көтеріңкі. Былтырғыдай қалың киімдермен отырған жоқ, жеңіл киімдерімен жайнап жүр. Мектеп директоры Рәзия Қасымованың айтуына қарағанда, тіпті кабинеттер ысып, терезені ашуға да мәжбүр болады екен.
Биыл Солтүстік Қазақстанда жайлы қыс болып тұр. Қар да күрт жаумай бабымен түсті. Ауаның температурасы қаңтар айында екі күн ғана қатты суық болды. Одан әрі 10-12 градустан төмен түскен емес.
ПЕТРОПАВЛ