Еліміздегі 49 жекеменшік IT-мектепте Tech Orda бағдарламасы бойынша IT-мамандарды даярлау басталды. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың білікті IT-мамандарды даярлау бойынша тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы елімізде 2025 жылға дейін 100 мыңнан кем емес көлемде заманауи игіліктерді еркін меңгерген IT-маман дайындау туралы міндет жүктеген еді. Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің басшысы Мағжан Мәдиевтің айтуынша, сол 100 мың талапкердің 20 мыңы Цифрлық даму министрлігінің бастамасымен, Astana Hub базасында әзірленген Tech Orda бағдарламасымен оқытылмақ. Мұнда студенттер веб-әзірлеуді меңгеріп, Big Data, Blockchain, 3D-дизайн жасауды, бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етуді, мобильді қосымша жасауды үйренеді. Оқу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
«Аталған бағдарлама аясында министр Бағдат Мусин білікті кадрлар даярлауға маманданған отандық жекеменшік IT-мектептерге қолдау көрсетуді тапсырды. Оқу ұзақтығы 6 айдан 2 жылға дейін созылады. Бұл бағдарлама бойынша IT-мамандардың алғашқы толқыны 2023 жылдың ортасында бітіріп шығады», дейді ол.
2021 жылы Tech Orda бағдарламасының қанатқақты жобасы 100 студентті қамтып, әрбірінің 600 мың теңге қаржылық қолдау алуына жағдай жасады. 2022 жылдың қыркүйек айында Tech Orda бағдарламасының ауқымын кеңейтуі аясында IT саласында қазақстандық қызметкерлерді даярлау үшін ваучерлер алуға жеке IT-мектептерден жаңа өтінімдер қабылдана бастады.
70 өтінімдегі әрбір мектеп пен курстың деректеріне сүйене отырып, тәуелсіз комиссия IT саласының әртүрлі бағытындағы 146 курсты ұсынатын 49 қатысушы мектепті таңдады. Нәтижесінде, алгоритмнің арнайы әзірленген математикалық моделі негізінде мектептер арасында 3 мыңнан астам ваучер таратылды.
Бағдарламаны әзірлеу кезінде Қазақстан аймақтарында IT-білім беруді қолдауға ерекше көңіл бөлінді. 2021 жылмен салыстырғанда өңірлердегі IT мектептер саны әлдеқайда көбейген. 17 IT-мектеп (35 пайызы) өңірлерде орналасқан. Қызылорда, Орал, Ақтау, Ақтөбе қалаларында 1 мектептен бар болса, Қарағандыда – 2, Шымкентте – 2, Павлодарда – 3, Атырауда 3 мектеп бар.
Содан кейін мектептер бір ай ішінде таңдаған IT мамандығының ерекшелігіне және әлеуетті үміткерлердің дайындық деңгейіне байланысты студенттерді іріктеудің бірнеше кезеңін өткізді. Ваучер алған студенттермен тізімдер негізінде Astana Hub және бағдарламаға қатысушы мектептер арасында келісімшарттар жасалды. Былтыр мектептерге әлеуетті студенттерден 16 мың өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, 3 068 студент IT саласын кәсіби дамыту жолындағы өз жолдарын бастап кеткен.
Қызмет түрі мен мамандығына қарамастан, 18 бен 45 жас аралығындағы барлық ниет білдірген Қазақстан азаматы Tech Orda бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігіне ие.