Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында: «Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары туралы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр», деп нақты мәселе көтерген еді.
Сондай-ақ: «Игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды», деген болатын.
Ақмола облысында да бұл мәселе өте күрделі күйде еді. Қазір бұл тарапта нақты шаруалар қолға алынған. Бүгінгі таңдағы мәліметтер базасында облыс бойынша 2 млн 641,6 мың гектар жердің кәдеге аспай жатқандығы көрсетілген. Оның ішінде егістік жер көлемі – 153,3 мың гектар. Ал жайылымдық жер көлемі 2 млн 488,3 мың гектарға тең. Осынша жердің ел игілігіне айналмай, босқа тусырап жатуы өкінішті-ақ. Егер осыншама жерге егін егіліп, мал бағылып жатса, азық-түлік қауіпсіздігі тарапындағы бірқатар кемшілік жойылып, ел ырысы молая түсер еді.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін экономикалық байланыстар ыдырап, ауыл шаруашылығы саласы ауыр күйге түсті. Бұрын ақық дән аялаған, ақтылы мал өсірген жер босап қалды. Сол-ақ екен, көл-көсір өнім беріп тұрған алқаптарда алабота қаулап өсіп, қурай басып, жер жарықтық тоза бастады.
Іле өздерінің мүмкіндігі қаптал жетпесе де, бар жерді бауырына басып қалғысы келгендердің қарасы көбейді. Міне, осындай ашкөздіктің салдарынан жер жарықтық жетімсіреп жатыр. Ел төсін ембесе, аялап күтпесе, әлпештеп құнарландырмаса, тоз-тозы шығып, айтақырға айналмақ. Былтыр облыстық жер ресурстарын басқару департаменті 147 тексеру жұмысын жүргізді. Осы тексерістің нәтижесі бойынша жер заңнамасын бұзу фактілерін жою туралы 108 ұйғарым берілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесіне орай, 214,6 мың гектар алқап кәдеге жаратылуда. Оның 82,7 мың гектары – егістік алқап, 131,9 мың гектары – жайылым.
– Қазір ел ішінде төрт түлік малдың басын көбейтуге ұмтылыс бар, – дейді Зеренді ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов, – әттең қолбайлау болып тұрғаны – шабындық және жайылымдық жердің жоқтығы. Ауыл тұрғындарының дені мал сүмесімен күн көреді. Ал мал ұстауға тоқымдай жер таба алмай отыр. Қысы ұзақ солтүстікте мал азығын дайындау қиын шаруа. Сатып алып бақсаң, еңбегің өтелмейді. Сондықтан осы кейін қайырылған жерді әділетті түрде халықтың игілігіне жарату керек. Бір түсініксізі, қайтарылған жерлер қалай бөлінеді? Ешкім түсіндіріп айтпағаннан кейін көңілге күдік ұялайтыны да шындық.
Жерге байланысты арыз-шағымның соңғы жылдары күрт көбейіп кеткені де белгілі. Ел ішіндегі өкпенің де туындайтын жері – осы. Қазір өңірдегі сот органдарында 100 мың гектар алқапқа байланысты 23 талап-арыз қаралуда. 100 мың гектар дегеніңіз – адам айтқысыз мол дүние емес пе?! Осы жердің 30 мың гектары – жайылымдық жер.
– Осының бәрі бір кезде жерді әділетсіз бөлуден туындап отыр, – дейді ел ағасы Жәмбек Кереев, – егер халыққа ыңғайлы қылып бөлсе, сынықсүйем де жер бос қалмай, ел адамдары шаруасын ыңғайлап, дәулетін еселер еді. Мысалы, Зеренді ауданындағы Садовый ауылында жер телімін мүлде ыңғайсыз бөлген. Осында егін егетін серіктестік ауылдың іргесіне тақап жыртып тастаған. Қазір ауылда егін екпек түгілі, үй салатын жер жоқ. 250 отбасы кезекте тұр. Өзіңіз ойлап қараңызшы, миллиондаған гектар жер бос жатқанда қала тұрмақ ауылда жер телімін ала алмау деген ақылға сыймайды емес пе?!
Ел Президентінің тапсырмасына орай, әділдік орнауда. Мысал үшін жалпы көлемі 29 мың гектар жерді «Аскоп», «АРТ-с-Батыр», «Орловка» серіктестіктерінен мәжбүрлеп алу туралы алғашқы сатыдағы шешім қабылданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, құқық қорғау және басқа құзіретті мемлекеттік органдардың қатысуымен облыстық ведомствоаралық топ құрылып, елді елеңдетіп отырған шетін мәселеге байланысты жүйелі жұмыс істеуге көшті. Бұл орайдағы шаруа шашетектен екен.
Осы уақытқа дейін пайдаланылмай келген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 300 мың гектар алқап қайтарылуға тиіс болса, бұл жоспар асыра орындалды. Сәл ғана мысал келтіре кетелік, бүгінгі таңда 302,4 мың гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 214,5 мың гектардан бұрынғы иелері ерікті түрде бас тартты. 6,4 мың гектар жер телімі заманында заңсыз берілгендігіне байланысты кері қайтарылды. Осы арада заңды белшесінен басудың өңірде бір кезде қаншалықты өршігенін көруге болады. Ал бұл уақытта жанын жалдап егін егіп, мал бағуға ұмтылған қаншама адамның қолы байланып, алға басқан қадамы кері кетіп тұрды. 81,5 мың гектар алқаптың жалдау мерзімі аяқталған.
Аудан әкімдіктері қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін бірінші кезекте жергілікті халықтың қажеттілігін мүмкіндігінше қанағаттандыру үшін бөлетін болады. Өңірдегі шаруа қожалықтарының алаңдауы да осы мәселеге байланысты болатын.
Республикалық «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының құрылуы жерге байланысты қат-қабат проблемаларды оңынан шешуге айтарлықтай ықпал етуде. Ақмола облыстық филиалына осы мәселеге байланысты ауыл тұрғындарының жанайқайы жазылған, өкпе-наз арқалаған өтініштер жиі түседі. Оның басым көпшілігі Зеренді ауданынан жолданыпты. Демек табиғаты тамылжыған, топырағы құнарлы бұл өлкеде мәселе әлі де шиеленісіп тұр деп айтуға әбден негіз бар. Сондай-ақ Атбасар, Жақсы, Целиноград, Ақкөл аудандарынан да арыз-шағым жиі түседі. Кәдеге аспай жатқан қыруар жерді қолданыстағы заң аясында кері қайтарып алуға байланысты бірқатар жұмыс жүргізілгенімен, әлі де бұл тараптағы бар істі ширата түсу қажет.
Қолдағы мәліметтерді салғастыра қарап зерделейтін болсаңыз, жер мәселесі өңірдің барлық ауданында туындап отыр. Былтыр жадыраған жаз айында Макинск қаласында болғанымызда, мал ұстайтын қала тұрғындарының төрт түлік малын жаятын алақандай жер таппай отырғанын көргеніміз бар. Олардың пешенесіне бұйырғаны – заңдастырылмаған қоқыс тастайтын орын. Бар малын сол жерде иіріп бағады. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта оты қашқан жерде иіріп баққан малда күй бола ма? Ал малсақ қауым жазды лаждап өткіземіз-ау, мал қолға қараған кезде қайтпекпіз деп қынжылып қалған. Негізі осы мәселе әділетті шешілсе, ауыл халқының әлеуметтік тұрмысы көп-көрім жақсарып қалар еді. Соңғы уақытта малдың бағасы өсіп келеді. Бұл тұтынушыға салмақ болғанымен, адал еңбегі ақталса, малсақ қауымның еңсе көтеріп қалуына ықпал етері даусыз.
Әуел баста өткір мәселеге немқұрайлы қарағаннан кейін жалпақ жұрттың өкпе-назын туындатқаны жасырын емес. Алдағы уақытта ел үміт еткен әділетті қоғамның иманды шаруасының бірі осы болар еді.
Ақмола облысы