Батыс Қазақстан облысында «Конденсат» атты зауыт бар. Сонау 1992 жылы оралдық Валерий Жүнісовтің басшылығымен құрылған акционерлік қоғам Қарашығанақ кенішінде мұнай өңдеу кәсіпорнын құруға кіріскен.
Табиғи қоры жөнінен әлемдік ондыққа кіретін Қарашығанақ кенішінің шикізатын дәл осы жерде өңдеу – еліміз үшін қай жағынан да пайдалы әрі ақылға сыйымды болатын. Алайда кенішті шетелдік альянсқа 40 жылға жалға берерде өңдеуге емес, шикізатты әлемдік нарыққа шығаруға басымдық берілді. Тіпті жобаның кейінгі кезеңіне жоспарланған шикізат өңдеу кәсіпорнын салудың орнына қаржыны Ресейдегі Орынбор мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға жұмсаған жөн деп саналды. Осындай олқылықтың залалын жыл сайын аса маңызды ауыл шаруашылығы науқандары тұсында тап бола кететін «жанармай тапшылығы» кезінде тартып-ақ жатамыз.
Ал «Конденсат» АҚ-ның өз қаржысына тұрғызылған мұнай өңдеу кәсіпорны әу баста тікелей дәл осы Қарашығанақ кенішінің шикізатымен жұмыс істеуге жобаланған болатын. Алайда зауыт пайдалануға берілген сәттен-ақ қиын жағдайға тап болды. Қазақстанның ішкі қажеттіліктері үшін жеңілдетілген бағамен берілетін шикізат бағасы «Конденсат» зауытына келгенде аспандап, әлемдік нарық құнымен бірдей болып шыға келді.
Іргеде, қол созым ғана жерде тұрған кеніштен шикізатты мұндай бағаға алу әділетсіз-ақ болатын. Валерий Жүнісов бастаған компания басшылары бұл мәселені мемлекеттік деңгейге дейін көтеріп, дабыл қағып-ақ бақты. Бірақ оны естіген жан болмады. Үкімет, Парламент деңгейінде талай жиын болса да, мәселе шешілмеді.
Бүгінде «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты – Батыс Қазақстан облысындағы заманауи технологияны меңгерген санаулы кәсіпорынның бірі. Соның ішінде жанармайдың ең сапалы К-5 класын шығара алатын жалғыз отандық кәсіпорын да осы. Бұл жерде 500-ден аса қызметкер тұрақты жұмыс істейді, олардың 90 пайызы – батысқазақстандық, соның ішінде жергілікті Бөрлі ауданының тұрғындары. «Конденсат» шығарған бензин мен дизельдік отынның сапасы әлемдік талапқа сай келеді.
«Конденсат» АҚ-ның әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. Батыс Қазақстан облысында, әсіресе Бөрлі ауданында конденсаттықтар үнемі қайырымдылық істің ортасында, спорттық шаралардың демеушісі ретінде көрініп жүреді. Жергілікті бюджетке де қомақты қаржы құйып отырған кәсіпорынның бірі.
«Конденсат» мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты жылына 850 мың тонна шикізат өңдеуге қабілетті. Соның ішінде жылына 200 мың тонна жоғары сапалы дизель отыны мен 200 мың тонна бензин шығара алады. Ал экологиялық тұрғыда өте сапалы, құрамында күкірті 10 мг/кг-дан аспайтын К-5 класты жанармай өндіру желісі 2016 жылы іске қосылған. Алайда шикізат тапшылығының кесірінен зауыттың жүруінен тұруы көп. Кәсіпорын басшылары талай жылдан бері үкіметтік деңгейдегі түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып, бұл зауыттың жұмысы елге қажет екендігін дәлелдемек болып шапқылап жүр.
Расы керек, бұрын «Конденсат» зауытының жұмысына кедергі келтіруші «көрінбейтін күштер» туралы әңгіме ел аузында айтылып қалатын. Кәсіпорын басшылары бірнеше мәрте рейдерлік шабуыл ұйымдастырылғанын да айтып дабыл қаққан. Тек соңғы жылдары саяси өзгерістерден соң, елімізде «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы қолға алынған кезде «Конденсаттың» екінші тынысы ашылар деп күткен адам көп болды. Алайда бұл үміттің де жібі жіңішкеріп, үзілуге таяған сыңайлы. Өйткені соңғы кезде зауыттың жабылуы, ұжымның жұмыссыз қалу қаупі туралы жиі айтыла бастады.
– Біз жылына 850 мың тонна мұнай өндіре аламыз. Бірақ, өкінішке қарай, қуатымыздың тек 10-15 пайызын ғана пайдаланып отырмыз. Егер барлық мүмкіндігімізді пайдаланып, толық қуатымызда жұмыс істеген болсақ, Қазақстанның батыс өңірін сапалы жанармаймен толық қамтыған болар едік. Салық есебінен мемлекеттік бюджеттің де қазынасына қаншама қаржы құйылар еді. Алайда Үкіметіміз талай жылдан бері біздің зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін шеше алмай келеді. 2016 жылдан бері компания барлық ресурсын тауысты. Егер зауыт жабылса, 500-ге тарта қызметкеріміз жұмыссыз қалады. Қазіргідей қиын кезеңде олардың отбасы тұрақты табыссыз қалады деген сөз. Мұның бәрі әлеуметтік түйткілдер тудырары анық, – дейді «Конденсат» АҚ өңдеу цехының бастығы Сырым Қожантаев.
Әрине, Қарашығанақтағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты жабылатын болса, мұның көлеңкесі осы төңіректегі біраз салаға да түсуі мүмкін. Бұл ең алдымен «Конденсат» АҚ-ның жалпы экономикалық жағдайына, оның еншілес кәсіпорындарының жұмысына кері әсерін тигізеді.
– Біз жыл бойына жанар-жағармайдың, соның ішінде әсіресе дизель отынының тапшылығын көріп келеміз. Жанармай тапшы кезде мұнай өңдеу зауытының тоқтап тұрғаны ақылға сыймайды. Неге «Конденсатты» Қарашығанақ шикізатымен немесе елімізде бар басқа да шикізат көздерімен тұрақты қамтымасқа?! Елімізде Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарынан басқа төртінші, бесінші зауыт салу мәселесі көтеріліп жатады. Дайын тұрған зауытты шикізатпен қамтымай тұрып мұндай мәселе көтерудің өзі жөнсіз ғой, – дейді «NEFTEK OPERATING» ЖШС бас директоры Асылбек Нұпов.
Жоғарыда айтылғандай, бұл мәселеден Үкімет те, Парламент те хабардар. 2022 жылы 13 сәуірде сенатор Ғұмар Дүйсембаев бастаған топ «Конденсат» АҚ басшылығымен арнайы кездесіп, кәсіпорын төңірегіндегі мәселені жан-жақты талқылаған болатын. Бұл комиссияның құрамында Сенат депутаты Л.Рысбекова, Мәжіліс депутаттары С.Имашева мен М.Құлшар, Энергетика вице-министрі А.Мағауов, Қаржы министрлігінің өкілдері болғанын айтсақ, талай жылдан бері сірескен сең қозғалатындай болған. Алайда, міне, бұл кездесуге де бір жылдай уақыт болып қалды. Нәтиже шамалы.
Айтпақшы, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысына жаңа басшы тағайындалды. Бұған дейін Сенат депутаты болған Нариман Төреғалиев – өңірдің барлық мәселесін жақсы білетін жергілікті азамат. Осы жаңа лауазымында 2022 жылдың 8 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қабылдауында болған әкім Батыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті мен болашақ жоспарларын баяндап берген болатын. Мемлекет басшысының қабылдауынан шыққан Нариман Төреғалиұлы Президенттің өзіне бірқатар нақты тапсырма бергенін айтқан-ды.
«Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Біздің өңірдің ең бсты мәселесі – жергілікті автожолдардың жай-күйі. Тіпті республикалық деңгейдегі жолдардың да 39 пайызы ғана қанағаттанарлық деңгейде. Президент осы жолдарды жөндеу мәселесі жөнінде қатаң тапсырма берді. Сонымен қатар біздегі «Конденсат» акционерлік қоғамының мұнай өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Алдағы уақытта осы тапсырмалардың орындалуына баса назар аударатын боламын», деген еді.
Біз облыс әкімдігіне хабарласып, Президент тапсырмасы бойынша бір ай ішінде нендей жұмыс атқарылғанын сұрап білдік. Дәл қазір облыс әкімінің осы сала бойынша жауапты орынбасары басқа жұмысқа ауысып кеткен. Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы «Конденсат» зауытын шикізатпен қамту мәселесі бойынша жұмысты қолға алғаны белгілі болды. Бірақ бұл шаруа оңай шешілетін түрі жоқ. Бұл іске «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы да, салалық министрлік те, Үкімет аппараты да қосылған. Бірақ зауытты нақты шикізатпен қамту мәселесі, көлемі, мерзімі жөнінде әлі нәтижелі келісім жоқ.
«Соңғы жылдары біздің зауыт өз қуатының небәрі 4 пайызын ғана пайдаланып жұмыс істеген екен. Оған себеп – шикізат тапшылығы. Энергетика министрлігі ай сайын зауытқа қажетті 75 мың тоннаға дейін шикізатқа квота кестесін толтырғанымен, ол мұнайды алатын жер жоқ. «ҚПО» бізге оны тек экспорттық бағамен бермек. Ал шикізатты бұл бағаға алған жағдайда бензин мен дизель отынын ішкі нарыққа арзан бағамен шығару мүмкін емес. Осы себептен де зауыт қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Қазір компания басшылығы зауытты белгісіз уақытқа дейін консервация жасауға, яғни жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Бізді бұл қиын жағдайдан үкіметтік деңгейдегі батыл шешім ғана құтқармақ», дейді «Конденсат» зауытының маркетинг бойынша директоры Андрей Баев.
Батыс Қазақстан облысы