Қазақстандық үздік жұп Андрей Голубев пен Александр Недовесов Австралияның ашық біріншілігін сәтті бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстан теннисшілері бастапқы кездесуін аустралиялықтар Дейн Суини – Ли Тумен өткізді. Недовесов пен Голубев 6:0, 6:2 есебімен оңай жеңді. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қазақстандық жұптың екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады», деп хабарлады ҚТФ баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ Александр Бублик Мельбурнмен қош айтысты. Ол аустралиялық Джон-Патрик Смитпен бірге осы «Үлкен дулыға» турнирінің бірінші ракеткалары, нидерландылық Уэсли Колхоф – Нил Скупскиге жол берді – 1:6, 2:6.
Анна Данилина мен Александр Недовесов миксте бақ сынайды. Олар колумбиялық Хуан Себастьян Кабаль – франциялық Кристина Младеновичпен ойнайды.