Жақын арада 2023 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының параметрлері мен бағыттары белгіленетін болады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ведомство алқасында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жоспарлау процесінде шығындар оңтайландырылып, бюджеттің теңгерімділігі қамтамасыз етіледі. Жақын арада біз осы жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының параметрлері мен бағыттарын нақтылай бастаймыз. Бұл ретте Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бастамалары мен тапсырмаларына баса назар аударылады», деді Ерұлан Жамаубаев.
Министр алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттің жобасын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
«Мұнда бюджет қаражатының тиімділігін арттыру және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайту жөніндегі тапсырмалар міндетті түрде ескеріледі. Бұл бағыттағы жүйелі шешімдер жаңа Бюджет кодексінің жобасында көрініс табуы мүмкін», деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.