• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қаңтар, 2023

Батырға арналған брендбук

783 рет
көрсетілді

Биыл 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толады. Соған орай елордадағы «Қазмедиа» орталығында Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы және «Амангелді Иман» қоғамдық қорының бастамасымен халық батырының айтулы мерейтойына арналған брендбук таныстырылды.

Мазмұнды іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, Қазақстан Ком­позиторлар одағының төрағасы, ком­позитор Серікжан Әбдінұров, тех­ника ғылымдарының кандидаты Серік Садықов, қоғам қайраткері Марат Мұстафин, жазушы Камал Әл­пейісова, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, күйші Анар Мұз­даханова және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Брендбук авторы – суретші, иллюстратор, дизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабай. Батырдың 150 жылдық мерейтойына арналған логотип арнайы құрылған комиссияның талқылауынан өткен. Ол екі түрлі нұсқада дайындалды. Біріншісінде – Қазақстанның халық суретші Әбілхан Қастеевтің даңқты ердің шынайы бейнесін көз алдымызға әкелген портреті негізге алынса, екіншісі – Алматыдағы Амангелді Имановтың ат үстіндегі ескерткішінің (мүсінші – Х.Б.Асқар-Сарыджа, сәулетші – Т.Бәсенов, 1947) нұсқасында жасалды.

Таныстырылымда Қазақстан Ком­­позиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров өзі басқарып отыр­­ған одақ аясында тұғырлы тұл­ғаның 150 жылдығына байланысты бірқатар іс-шара жоспарланып отыр­ғанын жеткізді.

«Кәсіби музыкант ретінде батыр­дың мерейтойынан шет қалмау үшін, ерлік пен өрлікті дәріптейтін бір шығарманы аяқтадым. Соны Аман­гелді атамызға арнаймын. Одан кейін алдағы сәуір айында Астана қаласы әкім­дігінің Еркеғали Рахмадиев атын­дағы мемлеттік академиялық филармониясымен бірлесіп, «Батырдың биік тұлғасы» атты сазды кеш өт­кіземіз. Осы тұста айта кетер бір жайт бар: кезінде Амангелді Има­нов туралы көптеген музыкалық шы­ғарма жазылды. Соның ішінде көр­некті ком­позиторлар М.Төлебаев пен Е.Бру­силовскийдің «Амангелді» опера­сы мен қытай композиторы Си Синхайдың «Амангелді» симфониясын ерекше айтуға болады. Сонымен бірге Әбілахат Еспаев, Латиф Хамиди, Дмитрий Мацуцин және атақты күйші Сүгірдің батырға арнаған туындылары Қазақ радиосының «алтын қорында» сақталған. Осы шығармалардың дені аталған кеште жаңа дыбыста әрленіп, көрерменге ұсынылады», деді ол.

Сондай-ақ «Амангелді Иман» қоғамдық қорының жетекшісі Толқын Сұлтан текті әулеттің ерлік жолдарына тоқталды. «Академик Қаныш Сәтбаев бір мақаласында халық ба­тырының ерлігіне тоқталып, оның атасы Иманның Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болғанын айтады. Жалпы, Иман батыр бауырларымен, балаларымен хан Кене бастаған азат­тық жолындағы ұлы күрестің жалынды жауынгерлері болды. Қазақ журналистикасының дамуы­на үлесін қосқан Амангелдінің бел баласы Ра­мазан да өз еркімен майданға аттанып, сонда көз жұмды. Осыдан-ақ бұл әулеттің негізінде тектілік, ба­тыр­лық жатқанын білесіз. Амангелді Иманов – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт азаттық көтерілісінің бас сардары ғана емес, ол халқының қамқоршысы, арқасүйері болды», деді батыр ұрпағы.

Сонымен қатар іс-шара барысында күйші Анар Мұздаханова әкесі Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» атты туындысын жиналғандарға тарту етті.