Тұрғындардың тұрмысына да, көңіл күйіне де әсер ететін жайттың бірі – тариф. Сол себептен тарифті инвестицияға айырбастау жобасы іске асырылмақ. Алайда жыл сайын электр энергиясымен, сумен және жылумен қамту үшін бірнеше миллион, тіпті миллиард теңгенің инвестициясын салып отырмыз дейтін компаниялар келісе ме?
Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Әлібек Төлептің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасын іске асыру қозғалған. Мұның түпкі себебі неде?
Мәселен, Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің дерегіне сүйенсек, мұнайлы өңірде 567,7 шақырым жылу желісі бар. Қазір аталған желінің 58,7 пайызы тозған. Демек бұл жедел жаңартуды қажет ететін жылу желілерінің жартысынан астамын құрап отыр. Ал 14 352 шақырым электр желілерінің тозу деңгейі 40 пайызға жеткен. Сумен жабдықтайтын 4 263 шақырым құбырдың 29 пайызы тозғаны анықталған.
– Тарифті инвестицияға айырбастау жобасын іске асырудың негізгі мақсаты – өңірдегі электр қуатымен қамтамасыз ету және су құбыры желілерінің, жылу коммуникациясының тозу деңгейін төмендетуге қол жеткізу. Өткен жылдың желтоқсан айында аталған тапсырма бойынша жаңа заңға қол қойылды. Заң аясында бірнеше проблеманы оң шешу көзделген. Ең бастысы, өңірдегі монополист компаниялардың құзырындағы желілердің тозу деңгейін төмендету. Бұл үшін алдымен монополист компаниялардың инвестициялық бағдарламаларын ұлғайту керек. Желілердің ескіруі – бір күнде пайда болған мәселе емес. Ал оны төмендету де бір жылда аяқталмайтыны анық. Сондықтан қазіргі мақсатымыз – монополист компанияларға тиесілі желілердің тозу деңгейін 15%-ға дейін төмендету. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен іске асатын болады, – дейді Ә.Төлеп.
Мұнайлы шаһар тұрғындарын «Атырау облысы су арнасы» КМК ауыз сумен қамтамасыз етуді жүзеге асырып отыр. Осы саладағы жалғыз кәсіпорын тұтынушыларға жеткізілетін ауыз судың бір текше метрі үшін 64 теңгеден алады. Суды Жайық өзенінен алатын кәсіпорын енді тарифті 100 пайызға көтеруді көздеп отыр. Сол себептен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне өтінім берді. Өтінімде алдағы 5 жылға арналған су тарифін көтеруді сұраған.
– Біз тарифті көтеру үшін өтінім бердік. Ұсынысымыз қолдау тауып, тарифті көтереміз деген үмітіміз бар. Өйткені су тарифі соңғы рет 2015 жылы көтерілген. Содан бері тариф көтерілген жоқ. Керісінше, осы жылдар ішінде монополияға қарсы ведомство біздің тарифімізді 2 есеге жуық төмендетті, – деп түсіндірді «Атырау облысы Су Арнасы» КМК директоры Арман Кенжеғалиев.
Оның айтуынша, кәсіпорын тұтынушы төлеген қаржыдан пайда таппай отыр. Өйткені қаржылай кіріс тек жалақы, салықтар, коммуналдық қызметтер және басқа да аударымдар секілді ағымдағы шығындарды жабуға ғана жетеді.
– Тұтынушыларды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл үшін біздің кәсіпорынның су жеткізетін желілері мен түрлі жабдықтарында ақау болмағаны жөн. Дәл қазір біздегі желілер мен жабдықтар тозған. Оны жедел ауыстыру қажет. Бүгінгі төмен тарифпен мұны іске асыру мүмкін емес, – дейді А.Кенжеғалиев.
Атырау облысы