ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2023 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін пилоттық режимде сынақтан өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Пилоттық жоба 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда, атап айтқанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде, Сауда және интеграция министрлігінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктерінде өтеді», деді агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев ведомствоның кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, «Е-қызмет» порталында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі енгізілген. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді
- «Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау – мұның бәрін жүйе автоматты түрде өзі жасайды. Біздің мақсатымыз – іріктеудің жаңа жүйесін пилоттық режимде сынақтан өткізу», - деп түсіндірді Дархан Жазықбаев.