• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Маусым, 2014

Дүбірге толы дүние

186 рет
көрсетілді

Асадтың жеңісі баянды болса игі Міне, үш жылдан бері қантөгістен көз ашпай келе жатқан Сирияда президент сайлауы өтіп, онда Башар Асадтың жеңіске жеткеніне біршама уақыт болса да, ол жайындағы әңгіме әлі жалғасып жатыр. Бұл жеңіс елге тыныштық әкеле ме, Асадқа ол баянды бола ма деген сауал көп адамды мазалайды, жауап та әртүрлі. Оның жеңіске жетуіне байланысты оны ақтап сөйлейтіндердің саны да біршама көбейгендей. Тіпті, қазақ баспасөзінде де оның өз халқына жасаған «жақсылығы» ауызға алынып жатыр. Екінші жақ бұрынғысынша Асадтың қатыгез диктатор екенін, халыққа жасаған қиянатын жалғастыра беретінін айтады. Сайлаудың нәтижесі не дейді? Башар Асадқа сайлаушылардың 88,7 пайызы тектен-тек дауыс бергені ме? Оның қарсыластары бизнесмендер Хасан Әбдел Илляхи ан-Нури мен Махер Әбдел Хафиз Хаджар 4,3 және 3,2 ­па­йыз ғана дауыс алған. Сайлауға қатысқандар да көп болған – 73,42 пайыз. Мұны халықаралық байқаушылар да растайды. Рас, елдің 14 провинциясының біреуінде, Асадқа қарсыластар бақылауындағы провинция­да сайлау өтпеген. Бірақ қал­ған жердегілердің пікірінен қоры­тын­ды жасауға әбден болады. Сөйтсе де, сайлаушылардың басым көпшілігінің Асадқа дауыс беруінің бүкілхалықтық қолдау деп те тұжырымдау қиын. Сарапшылардың біршамасы мынадай пікір айтады: үшжылдық аласапыраннан шаршаған халық оған тоқтау қоятын адамды іздегенде, Башар Асадтан басқа ешкімді таппады дейді. Бұл сайлауға халық сенім артатындай жаңа тұлға түскен жоқ. Жоғарыда аталған бизнесмендерден не үміт, не қайыр. Билікке олар келсе, жағдай бұрынғыдан да қиындар еді. Мынадай бір мысал келтіріледі. Осы елден қашып, Ливанды паналаған босқындардың көпшілігі, тіпті, Асадқа қарсылар да, соған дауыс берген көрінеді. Ел тағдырын ойлап. Енді сайлаудан кейін, Асад жеңгеннен кейін елде ты­ныштық орнай ма? Ешкім де, қайта сайланған президенттің жақтастары да оны құптап жауап бере алмайды. Билік өз орнында қалды, оған қарсылар да өз орнында. Олардың мәмілеге келе алмайтыны белгілі. Ішкі қайшылықты былай қойғанда, сыртқы қай­шы­лық та өзгерген жоқ. Сайлау нә­тижесін құптағандар алдымен Иран, Ресей болса, оларға Қытай мен Ирак қосылар. Қарсылар ше? Сауд Арабиясы, Катар, басқа да осы аймақтағы араб монархтары сайлаудың нәтижесімен келісе қойған жоқ және көтерілісшілерді қаржылай қолдай беретіні де анық. Бұған сол сайлауды жай даурықпа санаған «мықты жетілік» елдері басшыларын, бүкіл Батысты қосыңыз. Бұл сайлау Башар Асадтың позициясын біршама күшейткені де анық. Бірақ оны біржола жеңіс санау қиын. Сирия – барынша милитарланған ел. Оның тек химиялық қаруынан құтыла алмай бүкіл әлем әлек болғаны белгілі. Жай қаруы да қисапсыз. Сол қару күшімен билік өзін қорғап та отыр. Қаруға сеніп қаншаға барасың. Сол қаруға қарсы күшті қарулар табылып, ол қолданылса ше? Сириядағы қазіргі жағдай аса күрделі. Экономикасы күйзелген. Көршілерімен де қолайсыз жағдайда. Бұл елден босқан халық көршілерінің мазасын кетіріп отыр. Алыстағы одақтастардың созған қолы кейде жетіп, кейде жетпейді. Содан да Асадтың сайлаудағы жеңісі баянды болады, ол билік тізгінін босатпайды деп тұжырымдау қиын. Күрдстанның ойында бөліну бар Әңгіме Ирак республикасының солтүстігіндегі Күрдстан автономиясы туралы болып отыр. Бұл автономия орталық өкіметтің қарсылығына қарамай, өз аумағында өндірілген мұнайды сыртқа шығару жөнінде өзінше шешім қабылдаған. Олар келісімді Түркиямен жасасыпты. Былтырғы жылдың аяғында жасалған сол келісім жақында 50 жылға ұзартылған. Әрине, бұл Ирак басшылығының наразылығын туғызып, тіпті, ашу шақырғандай болғанда, күрдтер бүйтіп күш көрсетсеңдер, референдум өткіземіз де бөлініп кетеміз деп қорқытқан көрінеді. Бағдат бұдан шын мәнінде қорықты деуге болады. Өйткені, қазіргі заманда бөліну, референдум дегеннің өзі сәнге айналғандай. Жұрт қит етсе бөлінуді алға тосады. Жай әлсіздеу елден емес, тіпті, әлемдегі ең қуатты державалардан да бөлініп кетуді ойлайтындар бар. Оған күштілердің өзі тосқауыл қоя алмай жатқанда, Ирак бір аймағынан оп-оңай айырылып қалуы әбден мүмкін. Оның үстіне күрдтер Түркиядай қуатты елге арқа сүйейтінін аңғартқан. Бұл жерде ирактық күрдтердің әрекеттерін жөн деудің қисыны жоқтай. Әдетте екі ел арасындағы қарым-қатынасты сол елдердің орталық өкіметтері жүргізуге тиіс қой. Ал бұлар орталық өкіметті мойындамай, шетелге, бұл жерде Түркияға, мұнай сатып, одан түскен қаржыны түгел өздерінде қалдырып отыр. Ал елдің заңы бойынша, ол қаржының 87 пайызы орталық қазынаға түсуге тиіс. Олардың бір уәжі бар: Бағдат бұған дейін автономияға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді доғарған екен. Ал бұл автономияда экономикалық қиындық тудырған. Сөйтіп, автономия мен орталық өкімет арасында шиеленіс туған. Әрине, өз іштерінде реттелуге тиіс дау. Сол дау реттелмегендіктің ақыры оның ел ауқымынан асып, шетелмен арадағы қатынасқа жалғасып отыр. Қалайда кінә өздерінде. Ел ішінде ынтымақтың жоқтығында. Осы жерде Түркияның әреке­тіне де таңданасың. Көрші елдің ішіне іріткі салғандай, орталық өкіметпен емес, оның бір айма­ғы­мен келісім жасағаны қалай дейсің. Рас, соңғы кезде бұрын белгіленген маршрутпен Ирактан Түркияға мұнай жеткізуге біршама кідірістер болған екен. Бәрібір, мәселе Ирак республикасының бір аймағымен емес, оның орталық өкіметімен шешілуге тиіс емес пе? Ал Түркияның өзі басқа бір елдің өзінің бір аймағымен сепаратистік келісім жасауына ешқашан да жол бермесі анық. Күрдтер мәселесі көптен бері сөз болып келе жатқаны бел­гілі. Аумағында осы халық­тың өкілдері бар мемлекеттер әрқа­шан бұл мәселеге кезігіп жатады. Сондай елдің бірі – Ирак. Мұн­дағы халықтың бестен бі­ріндейі – күрдтер. Олар жеке өз мемлекеттігін құру жолында кү­ресіп келеді. Бұл күрес бірде күшейіп, бірде бәсеңсиді. Сірә, қазіргісі сол күшейген сәті болса керек. Мұның аяғы қалай боларын болжау қиын. Бұл даудың шиеленісуінде Ирак өкіметінің (премьер-министр Нури Малики) де, автономия басшылығының (премьер-миинстрі Нечирван Барзани) да үлестері бар. Тіл табысудан бұрын олар дауға ілік іздеп, өз мүдделерін жүзеге асырғылары келеді. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».