Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары облыс аумағындағы Шалқар көлінен бұрын тіркелмеген жаңа жәндік тапты. Ғылымда Turkogammarus aralensis деп аталатын шаян тәрізді жәндік бұрын-соңды Шалқарда кездеспеген екен.
Махамбет университетінің бір топ ғалымы Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитеті жариялаған грантты жеңіп алып, 2020-2022 жылдары «Батыс Қазақстан су қоймаларының гидробионттары мен микробиомының жағдайын бағалау және олардың өзгерістерін болжамдау» атты ғылыми жобаны атқарған болатын. Осы жоба аясында Махамбет университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Серғалиевтің жетекшілігімен өңіріміздегі 12 су қоймасы кешенді зерттелді.
Міне, осы жоба кезінде ғалымдар Шалқар көлінде жүргізілген гидробиологиялық зерттеу нәтижесінде зообентос организмдерінің 9 түрін тіркеп, бұған дейін ғылыми деректерде кездеспеген шаянтәрізділердің Turkogammarus aralensis (Uljanin, 1874) түрін анықтаған. Жаңадан табылған жәндік 4-15 мм шамасында екен.
Осы зерттеу жұмыстарына Ресей және Литва ғалымдары қызығушылық танытқан. Сөйтіп, аталған елдер ғалымдарымен бірге өнімді жұмыс жүріпті. Оның нәтижесі жақында Scopus дерекқорына кіретін «Zootaxa» журналында жарияланған. Мақала «Turcogammarus aralensis (Uljanin, 1875), реликті шаянтәрізділер – Арал-Каспий палеобассейнінің амфиподтары: қайта сипаттамасы, филогенетикалық позициясы және биогеографиясы» деп аталады.
Батыс Қазақстан облысы