Қарт ана, халің қалай, тірімісің? Жандардың қайғы тартқан бірімісің?
Қан жұтып, азаппенен қартайғанда “АЛЖИР-дің” айтылатын жырымысың?
“АЛЖИР” (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) осы Қарлагтың дербес бөлімшесі еді. Ол 1938 жылы 6 қаңтарда Р-17 еңбекпен түзеу лагерінің орнына құрылды. Бұл кезең жаппай қуғын-сүргін науқанының әбден өршіген шағы болатын. КСРО Компартиясының ХVІ съезінде И.Сталин “Репрессия – шабуылдың қажетті элементі болып табылады” деп жариялаған соң жазықты-жазықсыз қамауға алу ерекше қарқынмен жүргізілді. Аз ғана уақытта Қарлагтағы отанын сатқандардың әйелдері 12 мыңнан асып түсті. Олардың біразы “АЛЖИР-де” өлместің күнін кешті.ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСІРЕТІ
Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Алаш арыстары қашанда ел жадында
Бір замандары А.Янушкевич: “... дала Демосфендерінің кейбіреулері мені сөздерінің мазмұндылығымен және жігерлілігімен баурап алады”, деп таңдай қаққан қазақ бодандықтың қамытын киіп, қарғыс атқан күндерден құтылғанша көрген азабы, тартқан тозағы аз болған жоқ. Одан қайтсем құтқарам, теңдігін алып, терезесін тең етем деген ұлт ұлылары қиян-кескі қарсылықтарын көрсетіп жатты. Солардың ішінде өресі биік, өлшемі ерен, ой-санасы қырандай қияны шалған Алаш арыстарының жолы азапты да қасіретті. Алайда, ұлт дегенде түн ұйқысын төрт бөлген олар алған беттерінен қайтпады: “Арғы атам – ер түрік, Біз – қазақ еліміз!” деп жар салды. “Алаш туы астында, Куә болсын арымыз. Көркейтуге Алашты, Құрбандық біздің жанымыз!” (Сұлтанмахмұт Торайғыров) деп үн қатты. Жылан аяқтап кірген жылым саясат қазақ жұртының байтақ жері мен байлығына аш бөрідей ұмтылып, бас көтергендерін бағындыруға, бағынбаса байлап-матап тастауға бекінді. Ақыры, дегендеріне жетті. Алғашқы кезекте “Алыстан алаш десе, аттанамын, Қазақты қазақ десе, мақтанамын. Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын” (Міржақып Дулатұлы) деген Алаш арыстары тұтқындалып, тұңғиыққа жіберілді. Оның арты құйындатқан қуғын-сүргінге, алапат аштыққа әкелді. Бүгінде сол кезең тарихтың қаралы бетін құрайды. Оның қара тастай зілмауыр құпиясы әр жерден жылт-жылт етіп елес бергенмен, құпиясы әлі түгел ашылып болған жоқ. Сол сұрапыл жылдардың қыры мен сырын, мұңы мен зарын, қасіреті мен қайғысын әр қырынан көрсеткен “Тағдырларды біріктірген Қазақстан” атты қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген көлемді кітапты парақтап отырғанда, сол қилы кезеңдердің ауыр өткелдері алдыңнан шығады. Тәуелсіздіктің арқасында ашылған ақиқаттар сөз болады. Қанды ғасыр құрбандарының өмірі сөзбен өрнектеліп, “Алжир-де” азап шеккен аналар алдыңнан шығады. Сонда азапты күн кешкен сол аяулы жандардың көрген азабы, тартқан тауқыметі туралы жазылған дүниелерді оқып отырғанда ет жүрегің шымырлап, өзегің өртенеді. Әсіресе балалардың түрмеде жатқан аналарының көңілін аулап жазған хаттарынан бейкүнә ұрпақтың жандүниесін ұғып қана қоймай, періште көңілге дақ салғандардың дарақылығы төбе шашыңды тік тұрғызады. Біз осы кітапта қуғын-сүргін көрген аяулы аналар тақырыбын іздене жүріп, ізгі көңілімен жазған, “Жан дауысы” – “Алжир архипелагы” деген кітап жариялаған Армиял Тасымбеков еңбектерінің басылуы құптарлық. Сол секілді профессор Серік Негимовтің “Есеп” (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын құрған Бүркіт Ысқақов туралы мақаласы орынды берілген. Балаларға арналған қазақтың тұңғыш мультфильмі “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” сценарийінің авторы Бүркіт Ысқақов өмірде ешкімнің алдынан шықпаған қарапайым адам болатын. Бірақ ұлттық рухы мықты еді. Сенген адамына болмаса, сыр ашпайтын. Сол қарапайым жанның өзгелер ұрандап жүргенде партия құрып, “Есіңде болсын бірақ та, Торғай емес бүркітпін, Кетпессің сен де ұзаққа, Төлерсің құнын Бүркіттің” деп шамырқануының астарында елінің келешегіне сенгендік жатқаны айдан анық. Сол азамат ақын, күрескер ұлдың күні туа бастағандай. Алдағы уақытта терең зерттеліп, аяулы арыстың рухани дүниесі мен ұлт үшін еткен еңбегі толық жарияланып жатса, нұр үстіне нұр. Жалпы 600 бетке таяу бұл кітаптан алатын тағылым да, тәлім де мол. Алаш арыстарын тоз-тоз еткен зұлмат жылдары алдағы күннен үмітін үзбеген Әлихан Бөкейханов: “Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар” депті. Ұлт көсемінің осы көрегендігі жүзеге асқалы да 20 жылға таяды. Тәуелсіздік арқасында бары мен жоғымызды түгендеп, асылдарымызды жаладан арашалап, артында қалған жаралы ұрпақтарының көңілін ағартып, өмірін жаңартып жатырмыз. Соның бір дәйегі осы кітап десек, жарасар. Бұл рухани құндылыққа еңбегі сіңген азаматтарды да айта кету парыз. Жалпы редакциясын Мәулен Әшімбаев пен Ералы Тоғжанов басқарса, бас редакторлық қызметті Әприза Құсайынова атқарыпты. Ал еңбектің құрастырушысы Ғалия Балтабай екен. Енді, міне, осы ұжымдық еңбек ұлтқа да ұрпаққа да қызмет көрсететін болады. Сүлеймен МӘМЕТ. МАЛИНОВКА Окрест Малиновки, безмерна ширь полей. Заветный край, куда душа стремится. Малиновка... В истории твоей И мрачные, и светлые страницы. Зловещие тридцатые года Посеяли в степи казахской горе. Неисчислимых бедствий череда Поизмывалась вволю на просторе. Здесь черный ворон день и ночь кружил – Как признак небывалой катастрофы. Печальной памяти гулаговский АЛЖИР Для узниц неповинных стал Голгофой. Слезами пропитана земля, На их костях – сады в пчелином гуле. В зеленых гимнастерках тополя, Как сыновья – в печальном карауле. Владимир ГУНДАРЕВ, главный редактор журнала “Нива”, член Союза писателей Казахстана. БАРЛЫҚ ҰЛТ – 37-НІҢ ҚҰРБАНЫ Қиындыққа төзіп келдім, төземін, Бір атаның бұтағы едім, көзі едім. Қара жерге он бір бауыр кеткен соң, Ажалыңның тоқтата тұр кезегін. Сорым қалың, жүрегімде – қайғы-мұң, Қан жұтқызған саясаттан сеземін. Қиындықтан арашалар адамдар, Берік қорған – имандылық, өз елім. Айдарбек ТОҒЖАН. ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІ Сыр жасырып анасынан баласы, Қосылды ғой ақ пен қара арасы, Жатты уланып шыққан сөздің уынан, Заман, адам, уақыттың да санасы... Бұдан өткен болмайды ғой азабың! Жан-жүйкеңді тоздырады азалы үн. Халық ұлы “халық жауы” атанды, Бұдан өткен болмайды ғой азабың! Темірхан МЕДЕТБЕК. *** Жамал Омарованың айтқаны есімнен кетпейді. Әсіресе, ардагер жазушы Бейімбет Майлиннің бәйбішесі Күнжамалдың лагерь алабында қой бағып жүрген жүдеу түрі көзіме жас алғызған. Жамал апа батыл адам ғой, жергілікті кеңес басшыларына ебін тауып дәлелдеп, тұтқындағы әйгілі адамдардың жұбайлары алдында концерт қоюға рұқсат алады да ішке кірген соң сол кезде осы әйгілі тұтқын ортасында болған Лидия Русланованы концерт программасына қосып, екеуі екі ел халықтарының әндерін шырқаған ғой. Ақын, жазушы Нұрғожа Ораздың естелігінен. *** Мама с бабушкой встретились в Карлаге, но были вместе очень короткое время. Их разлучили навсегда, перегнав Арифу Атауловну в “АЛЖИР”. Маленькую Риду оторвали от матери в трехлетнем возрасте, как и других детей, и отправили в Осакаровский детдом Карагандинской области. Эта вопиющая акция, как говорила мама, вызвала шок у всех матерей. Они бежали за машиной с детьми, кричали, вопили, теряли сознание, сходили с ума. Так мама, арестованная в цветущем 26-летнем возрасте, провела в лагере почти 10 лет. Из них восемь – по 58-й статье как член семьи изменника Родины, остальное время – в качестве вольнонаемной. Все годы в заключении Азиза Тубековна работала ветеринарным врачом. “АЛЖИР” тұтқыны Әзиза Рысқұлованың қызы Сәуле Рысқұлованың естелігінен. *** Бірнеше жылдан кейін Фатима қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровпен тағдыр қосады. Одан Үміт, Ильфа атты қыздар мен Болат есімді ұл сүйді. Болат дүниеге келгенде әкесі қамауда отырған. НКВД түрмесінде емшектегі жас сәбиі және әйелі Фатимамен Ілиястың кездесуі бар болғаны бірнеше минутқа созылған. Бұл соңғы кездесудің қаншалықты ауыр болғандығын түсіну үшін ұлды болу дегеннің қазақ дейтін халық үшін қаншалықты маңызды екенін білу керек. Әрине, “халық жауының” әйелі ретінде Фатима Семей, Жамбыл облыстарына жер аударылды. Тарих ғылымдарының докторы Нүрилә Шаханованың Фатима Ғабитова туралы мақаласынан. *** Темірбекті тұтқындаған бірер күннен кейін бізді бүкіл отбасымызбен тұрып жатқан үйімізден қуып шықты. Мен Қазақ КСР Ішкі істер комиссары Лев Яковлевич Залиннің қабылдауына бардым. Көрші тұрғанбыз, бір-бірімізді жақсы білетінбіз. Жиналыстарда, әртүрлі кештерде бір болып жүрдік. – Не істеймін, қарамағымда әжем мен анам, сіңлім мен ұлым бар, үйімізді алып қойды, қайда барып паналаймыз, – дедім. – Темірбек Жүргенов халық жауы, бұны өзі мойындапты, – деді ол. – Мен оған сенбеймін, – дедім. Ол нағыз – коммунист, әңгіме бұл төңірегінде емес, баспана жөнінде келіп отырмын, – деп келген шаруамды айттым. Дәмеш Жүргенованың естелігінен. *** Есіл жұбайларының қайда екенін біле алмай зар қағып жүрген әйелдерді НКВД қызметкерлерінің қалай алдағанын Фатима Ғабитованың мына жазбасынан да көруге болады: “Бір-екі күн өткен соң тағы шақырылдым. Бұл жолы да басқа орыс қарсы алды... Мен сияқты тағы бірнеше ерлері әкетілген әйелдерді жинаған екен. Ішінде Сәкеннің әйелі – Гүлбаһрам да бар еді. Ол орыстың бізге ескерткені: ерлеріміз он жылға алыс Сібірге айдалыпты”. Үйіне келгеннен кейін Күнжамал балаларына “Сендер енді нағыз жетімсіңдер” дейді көз жасын тыя алмай. Б.Майлин ақпанның 26-сында атылса, Күнжамал соның ертеңіне, яғни 27 ақпан күні оның киімін алған. Зерттеуші Тоқтар Бейісқұловтың Бейімбеттің зайыбы Күнжамал Майлина туралы мақаласынан. *** Перед арестом отца мама рассказывала соседке, что видела сон: у нее были две длинных косы и одну косу срезали. Арестовали папу ночью. Я крепко спала, и вдруг меня разбудили, поставили на ноги. Какие-то люди начали что-то искать в моей комнате. Потом уже, когда я повзрослела, то поняла, это был обыск. Мама не плакала, тетя Поля тоже. Мама осталась беременная, со мной и братишкой. Мы так и не узнали причину ареста отца. У него был родной брат, участник движения “Алаш”. Его тоже репрессировали. Возможно, это было поводом для ареста? КСРО халық әртісі Роза Жаманованың әкесі мен анасы туралы естелігінен. “АЛЖИР” МҰРАЖАЙЫ Жүректерге қайғы болып үн қатқан, Қасіретті еңсе басқан зіл батпан. Жазықсыздан жапа шеккен жандарды, Ұмытпайды үлкендер мен ұрпақтар. Жара салар адамзаттың жанына, Қайталанбасын енді мұндай зұлматтар. (Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының соғыс және еңбек ардагерлерінің мұражай кітапшасына жазған лебіз-өлеңі).