Әдемі тон, сапалы аяқкиім дайындайтын терінің мәселесі қордаланып қалды. Соңғы он жылдықта Үкіметпен де, банкпен де, тіпті бизнеспен де тіл табыса алмай келе жатқан салалардың бірі – ірі қара терісін кәдеге жарату саласы. Тері өңдеушілер мен аяқкиім әзірлеуші арасында өзіндік нарық қалыптаспағанын сала өкілдері де жиі айтады. Соңғысы әлі күнге дейін көрші елдің нарығына көз сүзіп, сапалы теріні сол жақтан алуға тырысады.
Субсидия сегментті айналып өтеді
Мал шаруашылығында жем-шөбіне, сүт пен етіне берілетін субсидия тері өңдеу сегментін айналып өтеді. Мал терісінің өзге мемлекеттерге, негізінен, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстанға шикізат түрінде арзанға сатылып, кейін дайын өнім түрінде әлденеше есе қымбатқа кері қайтатынын Мәжіліс депутаттары осыған дейін де бірнеше рет айтты.
Кейбір сарапшылардың дерегіне ден қойсақ, мал терісі көлеңкелі жолдармен экспортталып, мемлекеттік органдардың есебіне енбей қалған. Көлеңкелі тері экспортының жалпы сомасы 2 млрд еуро деген пікір де бар.
Қоғам қайраткері, экономист Қуаныш Айтахановтың айтуынша, Үкімет мал терісін кәдеге жарату мәселесіне 2014-2015 жылдардан бері ғана ішінара көңіл бөле бастады. Бірақ оның сипаты мал терісінің экспортын шектеу немесе шектеуді алып тастаумен ғана шектелді. Елдегі малдың 80 пайызы жекенің қоражайында. Сол қоражайда талай тері тулақ болып жатыр. Себебі сатып алар ешкім жоқ. Қалаға әкеліп өткізу еңбекті ақтамайды. Бағасы да тым арзан. Экономистің айтуынша, мал шаруашылығы малды күтіп, баптаудан бастап мал терісін дайындау, өткізуге дейінгі технологиялық тізбектен тұратын үлкен кешенді сала. Таратып айтсақ, теріден шығатын ақуыздан шұжықтың сыртындағы қабын жасайды. Медицинада да пайдаланады. Ең жоғары сапалы тері өнімдерінен дәрінің капсуласы, желатин әзірленеді. Арадағы байланыс үзіліп қалса, екіншісінің де дамуына кері әсер етеді. Кеңес одағы кезінде жылдар бойы қалыптасқан тізбекті 1990-жылдардың екінші жартысында талқандап алдық. Малдың етін ғана пайдаға жаратып, терісі мен жүні далада шашылып қалды. «Мал терісін, жүнін кәдеге жарата алмадық, технологиялық тізбек үзіліп қалды, бұл жеңіл өнеркәсіптің тұралап қалуына әсер етті. Парламентте бұл мәселе бірнеше рет көтерілсе де назарға алынбады», дейді Қ.Айтаханов.
Инвесторлар үшін тартымсыз
Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, мал терісін тереңдеп өңдеу сегменті әзірге инвесторлар үшін тартымсыз. Инвесторлар дамудың қанатына жармасып тұрған салаларға ғана мойын бұрады. 2000-жылдардың орта шенінде түрік инвесторлары оңтүстік-шығыс аймақтардан мал терісін тереңдетіп өңдейтін, аяқкиім, тон тігетін кәсіпорындар ашпақ деген әңгіме тарады да, басылып қалды. Түрік инвесторлары Алматыдан мал терісінен желатин дайындайтын зауыт ашады деген жаңалықтың да аяғы созылып барады.
«Бизнес қиюы кеткен салаға аттап баспайды. Мал терісін өңдеу үшін мемлекеттік бағдарлама қажет, оны жүзеге асыратын министрліктердің, нақты тұлғалардың жауапкершілігі нақтылануға тиіс. Сол кезде ғана салада ілгерілеу болады», деп сөзін түйіндеді Қ.Айтаханов.
Қазақстан тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев – тері өңдеу саласында тәжірибе жинаған маман. Оның айтуынша, мал терісін өңдеу, тері былғары дайындау саласы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі алпауыт кәсіпорындар көлеңкесінде қалып қойды.
«Ірі қара мал мен қой терісін өңдейтін зауыттар мен цехтардың құрылғылар мен жабдықтарын жаңалауға арнайы лизингтік бағдарлама қабылданса деген талап-тілегіміз бар. Себебі жабдықтардың тозығы жеткен, жаңа заман талабына сай емес. Заманауи тері өңдеу жабдықтарының бағасы өте қымбат, тері өңдеумен айналысып жүргендер оны өз қаражатына ала алмайды. Лизингтік бағдарлама қабылдануға тиіс деп есептеймін. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысында және квазимемлекеттік секторда сиыр және қой терілері пайдаланылған отандық өнімдерге деген тапсырыс көлемін ұлғайту арқылы өндірістің күре тамырына қан жүгірте аламыз. Мәселен, былғарыдан тігілген жаздық, қыстық аяқкиімдер, құрылыс секторына қажетті аяқкиімдер, қой терісінен тігілген кеудешелер, тондар, байпақтар, шұлық, қолғап сияқты бұйымдарды мемлекеттік сатып алу тізіміне енгізсе, отандық тауар өндірушілер жұмыс істер еді», деді Н.Нүптекеев.
Жылына 3 млн тері өңдеуге болады
Тері өңдейтін кәсіпорындардың көсегесін көгертпей отырған тағы бір мәселе, химиялық қоспалардың көп бөлігі – импорт. Тері өндірісі тоқтамай жүріп тұру үшін зауытта аз дегенде 3-5 айлық қор болуы керек. «Қазақстанда өндірілетін химиялық реагенттер еркін қойма режімінде қосымша құн салығынан босатылса, Астана, Алматы секілді ірі қалаларда қажетті химиялық қоспалардың барлық түрін қамтыған қойма ашылса, тері өңдеушілерге үлкен көмек болар еді, дамуға тың серпін берер еді», дейді Н.Нүптекеев.
Қазақстанда өндірілетін, экспортқа шығарылатын жартылай өңделген тері өнімдерін Үкімет тарапынан субсидиялау арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және шикізаттың сапасын жақсартуға ықпал етеді деген пікір жиі айтылады. Ал мемлекет тарапынан экспортқа шығарылатын кейбір тауарларға субсидия бере алсақ, баға да, сапа да жақсарар еді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда өңделген тері жартылай өңделген – WET Blue дәрежесіне жатады. Одан кейінгі Crast дәрежесінде 70 пайыз өңделеді. Ал Finish дәрежесінде таза былғары болып шығады. Әлемдік нарықта қаны жерге тамбай тұрған Италияның «Kelton» аяқкиім бренді Finish деңгейінде өңделген былғарыдан дайындалған.
Сарапшының айтуынша, жан-жағымыздағы елдер тері экспортына тыйым салып, жартылай фабрикат экспортына жөнелтілетін партия құнының 10 пайызына кедендік баж салығын белгілеген. Өзбек елінде төрт жылдан бері тері өңдеу саласын дамытудың кешенді бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жеке тұлғалардан қабылдаған теріге қосылған құн салығы салынбайды. Ал Ресейде өңделмеген тері экспортына 2015 жылдан бері тыйым бар. Осы кезеңде бұл елде теріні тереңдетіп өңдеу көлемі 15,7 пайызға, өндіріс көлемі 8,5 пайызға өсті.
«Өндіріс тізбегінің осы сатыларының бәрін дамытсақ, аяқкиім шығарып, жиһаз бұйымдарын өндіруге болады. Белдіктен бастап сөмкелерге дейін шикізатын өзімізде дайындауға мүмкіндік туады. Бізде теріні дайындаудың технологиялық тізбегі болмағандықтан, ешкім инвестиция салмайды. Толық өңделген тері жасау үшін қажетті қондырғының бәрі қымбат. Мысалы, Италияда жасалатын қондырғылардың кейбірі 500 мың еуро тұрады. Қазір кәсіпкерлер өз бетімен банктерден несие сұрап, лизинг беруші компанияларға ұсыныстарын беріп, әрқайсысы толық өңдеу қондырғыларына қол жеткізуді армандап жүр», дейді Н.Нүптекеев.
Қауымдастық төрағасы елімізде бұл саланы экспорттық баж салығы арқылы ғана қорғап отырғанымызды айтып өтті. Баж салығы төмендесе қолдағы тері жан-жағымызға кетіп қалуы әбден мүмкін. 2020 жылдың қараша айында Сыртқы сауда және халықаралық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Үкіметке осы бажды алып тастау туралы ұсыныс енгізгені белгілі. Мұның ең жоғарғы мөлшері тоннасына 200 еуродан аспауы керек. Қазіргі баға 200 еуромен Қазақстаннан импорттау қымбатқа түседі. Бірақ тері экспортының лоббистері Парламент арқылы баж салығын төмендетуге тырысып жүр.
Н.Нүптекеевтің айтуынша, елдегі зауыттар жобалық қуатымен толық жұмыс істесе, жылына 3 млн теріні еркін өңдей алады. Қазір аз-мұз тапсырыспен жылына 1 млн 750 мың теріні өңдеп отыр. Маман сөз арасында Қазақстанда дайындалатын мал терісінің табиғи сапасы туралы айтып өтті. Табиғат ерекшеліктеріне байланысты мал терісінің табиғи тесік көздерінің (пора) арасы тығыз, серіппелі, жоғарыда айтып өткен Finish үдерісі кезінде ыдырап кетпей, табиғи қалпын сақтап қалады. Бірақ мал азығы құрамындағы дәрумендердің жетіспеушілігі, мал сою талаптарының сақталмауы тері сапасына кері әсер етеді. Дәрумендердің жетіспеушілігінен тері ақтаңдақтанып, мұның соңы селдіреп, ең төменгі деңгейдегі өңдеу кезінде де ыдырап кетеді.
«Жартылай өңделген тері дайын былғарыға айналғанша түрлі өндіріс тізбегінен жүріп өтеді. Біздің мүмкіндігіміз теріні Finish дәрежесінде өңдеуге жетпейді. Қазір әлемдік нарықтағы терінің бәсін желатин ұстап отыр. Біздің елде жарамсыз деп желатинге жіберілген терілер батыс елдерінде көліктердің салондарына, үй жиһаздарына қолданылады», дейді қауымдастық төрағасы.
Оның айтуынша, елімізде желатиннің мүмкіндігіне назар аударыла бермейді. Ресей, Өзбекстан сапасыз мал терісінен желатин шығаратын ондаған зауыттар салып тастады. Қазір әлемдік нарықта тері өндірісіндегі бағаны желатин теңестіріп тұр. «Біздегі кішігірім зауыттар өздерінің сұранысын қанағаттандыратын деңгейде желатин дайындап отыр. Мұны зауытын банкроттықтан сақтап қалудан туған әрекет деуге де болады. Еліміздің солтүстік, оңтүстік аймақтарынан желатин дайындайтын зауыттар салынса, тек жеңіл өнеркәсіп емес, азық-түлік өнімдері, құрылыс секторында да импортқа тәуелділік деңгейі төмендейді. Өңделген тері өнімдерін қабылдау бағасы көтеріліп, түрлі отандық саланың желатинге сұранысы өтелер еді», дейді Н.Нүптекеев.
Сапалы тері – Шымкентте
Ең жақсы терілер Шымкент жақтан келеді. Басқа жерде тері бағасы 10 доллар болса, Шымкентте – 20 доллар. Бұл Шымкеттегі ағайындардың қолдағы барды ұқсатуға тырысқан жанкешті әрекетінің нәтижесі. Қазір Өзбекстанның терілері Қытайда 50 долларға сатылса, біздің терінің бағасы 30-35 доллардан аспайды. Қалыпты терілер 10-15 доллардан сатылып жатыр. Қазақстан бойынша ең үлкен кәсіпорын – жылына 1,5 млн ірі қараның терісін өңдейтін қуаты бар Алматы тері өңдеу зауыты екені, Орталық Азиядағы ең үлкен зауыттың бірі сол екені айтылып жүр. Екібастұз, Петропавл, Семей, Шымкент, Қордай мен Арқалықта зауыттар бар. Таразда бұрынғы аяқкиім шығаратын фабриканың құрамында болған зауыт қазір дербес кәсіпорын болды. Ақтөбеде, Оралдағы зауыттар бір істеп, бір тоқтап жүр. Нақты жұмыс істеп тұрғаны – осы 7 зауыт.
Алматыдағы тері өңдейтін, тері бұйымдарын дайындайтын зауыттың коммерциялық директоры Михаил Сотников шикізатты Алматының айналасындағы шағын ауылдардан алатынын айтты. Ал тапсырыс берушілер еліміздегі тігін фабрикалары, аяқкиім дайындайтын шағын кәсіпорындардан келеді. Тері өңдеумен тікелей айналысқанына 10-15 жыл болып қалғанын айтқан М.Сотников мал сою мәселесінде біршама проблема бар екенін қаперге салды. Бұрынғыдай ет комбинаттарында орталықтандырылған сою жоқ. Көбіне пышақ тиіп, тесілген, кесілген күйінде келеді. Мал сою кезінде теріні «механикалық сыпыру әдістерін» қолданбайды, терінің майын сылып тастау, тұздау, кептіру әдістерінде технологиялық талаптар сақталмайды. Малдың бағымы, күтімі де терінің сапасына тікелей әсер етеді. Вакциналау да бар. Дер кезінде ем-дом алмаған мал терісі ақжемденіп, ыдырауға бейім тұрады.
«Қазақтар малды қалай сою керектігін ұмытып қалған сияқты. Мал терісіне табыс көзі деп қараса, мұндай сауатсыздыққа жол берілмес еді. Мұндай терілер өңдеуге жіберілмейді», дейді М.Сотников.
Сондай-ақ елде Үкімет тарапынан тері өңдеуге деген қызығушылық төмен. Экономика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасаудағы кемшін тұстарымыз саланың дамуына кері әсерін тигізіп жатыр. Көлік салондарындағы немесе үй жиһаздарында қолданатын бөлшектелген теріні өзімізде дайындауға мүмкіндік бар. Оған шикізат та жетеді. Тері өңдеу мәселелері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің арасында қалып қойды. Мал азығының құнарлылығын сақтау, екпе жұмыстарының қалай жүріп жатқанын ешкім білмейді.
«Егер мал терісін қабылдау жоғары деңгейде ұйымдастырылса, тері өткізгені үшін қосымша демеуқаржы берілсе, тері дайындау ісі құлдырап кетпес еді. Ауыл шаруашылығының өзге салаларындағы мемлекеттің демеуқаржысы тері өңдеу саласын айналып өтеді. Мұның бәрі біздің жұмысымызға кері әсерін тигізеді. Қазір зауыт өзінің мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр. Біз зауыттың мүмкіндігін қолдағы бар шикізатқа және сұранысқа қарап үйлестіріп отырамыз», деді М.Сотников.
АЛМАТЫ