• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қаңтар, 2023

2022 жылы 114 млн тоннаға жуық көмір өндірілді

441 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде отандық көмір өндірушілердің қатысуымен жиындар өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың барысында кәсіпорындардың былтырғы өндірістік жетістіктері мен 2023 жылға арналған жоспарлары қаралып жатыр.

ИИДМ Көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісіновтің айтуынша, 2022 жылы көмір өндіруші компаниялар 113,9 млн тонна қатты отын өндірді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға көп.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша көмір экспорты 32,5 млн тоннаға жетті. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 11,03 млн тонна, энергетикалық кешендерге 64,4 млн тонна, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,97 млн тонна көмір жөнелтілді», деді Ж.Игісінов.

Министрлік жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде 2022-2023 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың қажеттілігіне байланысты көмір өнімдері көлемінің жоспарын дайындады. Соған сәйкес тұтыну көлемі – 9 млн тоннаға жетпек. Оның ішінде коммуналдық тұрмыстық сектор 2,2 млн тоннаны пайдаланса, халық тұтынатын қатты отынның көлемі 6,8 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр.

Биыл (23 қаңтардағы жағдай бойынша) өңірлерге 7,6 млн тонна көмір жеткізілді, бұл қажеттіліктің 84,1%-на тең.

«Биылғы жылыту маусымы кезеңінде қатты отынның тапшылығын болдырмау мақсатында 2022 жылдың 30-шы қыркүйегінен бастап елімізден көмірді автомобиль көлігімен шығару 6 айға шектелді, министрлік арнайы бұйрық шығарды», деді Ж.Игісінов.

Сонымен қатар ведомство былтыр еліміздегі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қаржы және сауда ұйымдарының мобильді қосымшалары арқылы әлеуметтік көмірді сату бойынша жобаны қолға алғанын айта кетейік. Қазір аталған тетік арқылы еліміздің 9 өңірінде 17 оператор көмір сатып келеді.