АСТАНА. 13 маусым. Атырау облысында құнды жәдігерлері мол сармат дәуірінің қорғаны табылды. Бұл туралы «24kz» хабарлады.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің археологтері көне жәдігерлердің үстінен түсті. Дәлірегі, Сармат дәуіріне жататын көне қорғанның бір шетінде орналасқан қорымнан қару-жарақ және әшекей бұйымдармен бірге жерленген әйел мүрдесі шыққан.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық тобының жетекшсі Марат Қасенов: «Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылы маңындағы сарматтар дәуіріндегі қорғанды қазуда алтын білезіктер мен сырғалар, киімге тағылған алтын әшекейлер табылды. Бұл көне заттардың арасында қанжар мен семсер, қола айна, керамикалық ыдыстардың сынықтары, садақ ұшы бар. Қорым біздің заманымызға дейінгі V ғасыр мен біздің жыл санауымыздың V ғасыры арасындағы кезеңге жатады», – деді.
Археологтар тобының жетекшісінің айтуынша, сарматтар Атырау облысындағы қазіргі Каспий теңізінің ойпаты мен Орал тауына дейінгі Дон мен Сағыз, Жем өзендеріне дейінгі атырапты осыдан 2,5 мың жыл бұрын мекендеген. Бүгінде Каспий ойпатында 100-ге жуық обалар мен қорғандар анықталды. Табылған жәдігерлер көне тарихтан сыр шертеді. Мысалы, алтын бұйымдар Мысырда жасалған көрінеді. Қола айна Грекияда немесе Ефрат және Тигр өзендері бойындағы мемлекеттердің бірінде жасалуы мүмкін.
Археологтар тобының мүшесі, студент Арайлым Қалымжанова: «Көптеген алтын бұйымдарды тауып жатырмыз. Әрине, бұл біз үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Және бұл біздің Атырау өлкесінің тарихына қосқан өзіндік үлесіміз деп ойлаймын. Табылған жәдігерлер батыс аймақта ашылмай жатқан талай сырдың басы ғана», – дейді.
Қазір қорғанды қазу жұмыстары одан ары жалғастырылуда. Одан әлі де түрлі көне жәдігерлер кездесуі ғажап емес.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «24kz».
Фото: «24kz».