Наурыздан бастап қаржы ұйымы алдындағы берешегін өтей алмаған азаматтар өздерін банкротпыз деп жариялауға құқылы. Заң бойынша борышкер үш түрлі әдіспен банкрот бола алады – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Үшеуі де тек клиенттің бастамашылық етуімен іске асады. Қаржы мекемесі өз клиентіне қатысты банкроттық процедурасын бастауға құқылы емес. Бұл ретте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң – ешқандай да несие кешіру акциясы емес екенін түсінген абзал. Бұл – қарызды төлеуге еш амал қалмағанда жасалатын ақырғы қадам.
Былтыр жыл соңында қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң халықтың шектен тыс кредит алуын азайту мақсатында қабылданды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың несие қарызы 14 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде тұтынушылық несиенің көлемі – 8 трлн теңге. Төленбегеніне 90 күннен асқан (NPL90+) несие берешегінің көлемі бүкіл портфельдің 6 пайызын құрайды. Қарыз алушылардың жалпы саны 8 млн адамға жуықтайды. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 1,5 млн адам қаржы институты алдындағы қарызын 90 күннен асырып төлей алмай отыр. Несие берешегінің 90 күннен асып кетуі қарызды проблемалық займ қатарына қосады. Мұндай қарыз көлемі – 1 трлн 449 млрд теңге. Ал микроқаржы ұйымдары берген қарыз көлемі 979 млрд теңгеге таяп, 2021 жылмен салыстырғанда 42,7 пайызға өскен. Бұл ретте 90 күннен артық төленбей тұрған қарыз көлемі портфельдің 8 пайызын құрайды. Тиісінше 76 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Әрине, 14 трлн теңге болған банк несиесі де, жалпы көлемі 1 трлн теңгеге жуықтап қалған микроқаржы ұйымдарының қарызы да аз берешек емес. Бұл азаматтардың ерікті өтініші негізінде жүзеге асатын бастамасы болғандықтан, әзірге ел бойынша нақты қанша адамның жеке тұлға банкроттығына өтініш берері белгісіз. Дегенмен Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, банкроттыққа өтініш берушілер саны шамамен 1 млн 100 мың адамнан асуы мүмкін.
– Арыз келіп түскеннен кейін мемлекеттік органдармен, банктермен мәлімет алмасамыз. Егер ол барлық параметрге сай келсе, онда жұмысқа алып, банкроттығы жайлы шешімді қабылдаймыз. Ескеретін жайт – 3 жыл бойы қаржылық мониторинг жұмысын жүргіземіз. Егер банкроттыққа әдейі тапсырғаны анықталса, онда азамат жауапкершілікке тартылады. Заңның тағы бір маңызды тұсы – банкроттық әр азаматтың өзінің еркі. Яғни банк немесе қандай да бір үшінші тарап банкроттық мәселесін қозғай алмайды. Себебі банкроттық – қарызды кешіру акциясы емес. Азаматтар осыны түсінуі керек. Банкроттықтың салдары бар. Әлем тәжірибесіне ден қойсақ та, банкроттық – ең соңғы қадам. Табыс, артық ақша, мүлік болмай, банкроттықтан басқа амал қалмады деген кезде жасалатын шешім, – дейді Ержан Біржанов.
Вице-министрдің пікірінше, заң жобасын дайындау кезінде банктермен белсенді пікір алмасу жүргізілген. Әзірге мемлекет пен банк секторы ортақ мәмілеге келіп отыр.
– Бұл заң басқа елдерде іске асырылып жатыр. Солардың тәжірибесін ескеріп, оң тұстарын алып, заңға енгіздік. Көп талқыланып барып қабылданды. Заңды мемлекеттік қызмет органдары және екінші деңгейлі банктермен бірігіп іске асырамыз. Қазіргі уақытта елімізде әсіресе, кепілсіз несие алған азаматтар саны көп. Бұл заң бірінші кезекте солардың жағдайын шешуге бағытталады. Заңды дайындау процесіне екінші деңгейлі банктер толыққанды қатысты. Әрине, сұрақтар туындады, бірақ ортақ мәмілеге келе алдық. Іске асыру кезінде сауалдар туындаса оны бірлесе шешеміз деп ойлаймын, – дейді вице-министр.
Жеке тұлғаның банкроттығы бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналғанын білеміз. Мұны «Нұрбанктің» баспасөз қызметі де растады.
«Заңның басты мақсаты – экономиканы жақсарту, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру және азаматтардың қарыздарын өтеу процедуралары арқылы үмітсіз қарыздардың көлемін азайту. Дегенмен, көпшілік бұл заңды кезекті несие амнистиясы ретінде, ал процедураның өзін қарызды кешіру ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл дұрыс пікір емес. Барлық «проблемалық» борышкерлер «банкрот» бола алмайды. Ал процедураның өзі айтарлықтай қиын және борышкерлер үшін бірқатар жағымсыз салдарға әкеледі. Қазіргі уақытта біздің банктің несие портфелінде NPL90+ үлесі 5,52 пайызды құрайды. Әзірге қарыз алушылар ішінен қанша адамның соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысу үшін өтінім берерін тап басып айту өте қиын. Бірақ аталған мүмкіндіктің проблемалық қарызы бар бірқатар клиентті қызықтырары сөзсіз. Ал сот банкроттық рәсімін қолдану мақсатында сотқа жүгіну үшін 1 600 айлық есептік көрсеткіштен асатын міндеттемелерден бөлек, басқа да факторлардың болуы талап етіледі. Аталған жағдайды ескере отырып қазір қандай да бір нақты цифрларды айтып, адамдардың ойын бұзғымыз келмейді. Қазір айтқан дерегіміз келешекте дұрыс болмай қалуы әбден мүмкін. Нақты сұрақтарға тиісті заң күшіне енгеннен кейін оралған жөн», деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.
«ВТБ Банктің» хабарлауынша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қаржы институтының қаржылық ахуалына зиянын тигізбеуге тиіс. «Қабылданған заң қарыз алушы мен кредитор арасындағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталады. Сол себепті заң өмірлік қиын және қаржылық жағдай қыспағында қалған клиенттердің проблемасын шешеді және олардың мойнындағы несие жүктемесін жояды деп есептейміз. Сондай-ақ жаңашылдық келешекте азаматтардың несиені ешқандай кедергісіз рәсімдеу үшін жағымды несие тарихын қалыптастыруға деген жеке қызығушылығын оятуға көмектеседі деп ойлаймыз», деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Жеке тұлғалардың банкроттығына байланысты кредит алуға өтініш білдіретін азаматтардың саны азаюы мүмкін бе? Бұл сұраққа «ВТБ Банктің» баспасөз қызметі былай деп жауап берді: «Банктер ішкі тәуекел-рәсімдерді және борыштық жүктеме коэффициентін ескере отырып, кредит тарихын талдау кезінде бастапқы кезеңде критерийлерге сәйкес келмейтін өтінімдерді әрі қарай қарастырмайды. Сондықтан халық тарапынан кепілсіз тұтынушылық кредиттерге сұраныстың төмендеуі күтілмейді».
Freedom Bank бұл заңның қаржы институты қызметіне залалын тигізбейтініне сенімді. «Біздің банк ашылған күннен бастап жеке тұлғаларды несиелендіруге қатысты консервативті несие саясатын ұстанады, негізінен кепілмен (авто, ипотека) несие береді. Банктің несие портфеліндегі NPL90+ ағымдағы үлесі 1 пайыздан аз. Осыған байланысты, бұл заң банктің көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етпейді», деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
«Altyn Bank»-тің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қазақстан аумағында практика жоқ болғандықтан, банк аталған заңның қолданысына қатысты пікір білдіре алмайды. «Қазіргі уақытта осы заңның құралдарын дұрыс қолдану үшін уәкілетті органдармен бірлесіп барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде», деп жауап берді.
Жоғарыда айтқанымыздай, банкроттық рәсімін пайдаланудың үш нұсқасы бар. Алғашқысы, соттан тыс банкроттық рәсіміне қарызы 5,5 млн теңгеден аспайтын азаматтар қатыса алады. Бұл рәсім аясында іс сотқа жолданбай, тікелей Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы реттеледі. Банкроттықтың бұл рәсімін Egov.kz электронды порталы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы да жүзеге асыруға болады.
5,5 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып саналса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредитор оны талап ете алмайды. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар – заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары және аудиторлар.
«Барлық борышкер қаржы басқарушыларының қызметіне ақы төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген», деп нақтылады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Банкроттықты қолдануға мүмкіндік беретін үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл ең қолайлы нұсқа саналады. Себебі рәсімнен кейін ешқандай салдар болмайды. Тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылады. Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды. Сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.