• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2014

Қостанайдың тағы бір даңқы – Тойота!

351 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстанның эконо­ми­кадағы интеграциялық қарым-қатынастарының арқасында көшелерден жеңіл автокөліктің түр-түрін көреміз. Соның арасын­да әлемдік бренд болып есеп­телетін Тойотоның бәсі басым. Оның жол таңдамайтын жүр­­дектігі де, жолаушыны шар­шатпай­тын жұмсақтығы да, сәні де бөлек. Енді Тойота мін­гі­сі келетіндер ешқайда алаң­дамай, Қостанайға тартары анық. Әлем­дік бренд көлік бұрын да ас­тығымен, кенімен даңқы төмен­демеген өңірден шығатын болды! Осыдан аз ғана жыл бұ­рын Қостанай қаласының сыр­ты болып есептелетін мидай дала қазір өндірісті ауданға айналған. Осында Кеңес Одағы кезінде басталып, тасталған ди­зель зауытының орнында «АгромашХолдинг» машина жасау зауыты орналасқан. Он­да­ғы «СарыарқаАвтопром» жауапкершілігі шектеулі серік­­тестігінің техникалық база­сын­да «Тойота Мотор Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі Toyoto Fortuner көліктері толық циклін іске қосып, әлемдік брендке айналған машинаның қазақстандық алғашқы дана­сының тұсаукесерін жасады. – Бүгінгі Тойота көліктерінің желісін іске қосу салтанаты үстін­де осы жобаның оңайлықпен жү­зеге аспағанын да еске салғым келеді. 2008 жылы Қазақстан мен Жапония мемлекеті арасында бұл жөнінде келісімге қол жетті. Содан кейінгі жылдары Тойота кө­ліктерін Қазақстанда құрастыру бағытында жұмыстар біртіндеп жүргізіле берді. Өткен жылы ға­на Жапония мен Қазақстан үкі­меттері арасында бұл жөнінде ме­морандумға қол қойылған еді. Міне, бүгін үлкен жетістікке қол жеткізіп тұрмыз. Тойота көліктері біздің тұтынушыларды қуантып қана қоймайды, ел экономикасына сүбелі үлес қосатын болады, – деді өндірістік желіні салтанатты іске қосу рәсімінде сөз сөйлеген  Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев. Салтанатты рәсім­ге Toyoto Motor Corporation аты­нан оның басқарма төрағасы Таке­ши Учиямада мырза келіп қатысты. Қазақстанмен Жапо­ния­ның арасында достық, дипло­ма­тиялық қарым-қатынастар Тәуел­сіздігіміздің елең-алаңында-ақ, нақтырақ айтсақ, 1992 жылы басталған болатын. – Қазақстан ресурстарға аса бай ел. 90-шы жылдардан бас­тал­ған екі ел арасындағы дип­ломатиялық қарым-қатынас босқа кетпеді. Toyoto Motor Corporation Қазақстанмен іскер қатынасты тереңдетіп әкетті. Біз Қазақстанға инвестиция салдық, міне, Орталық Азия аумағында бірінші рет Тойота көліктері шығарылып отыр. Біз Қазақстанның әріптестік күш-қуатына сенеміз. Біздің де биз­несіміздің өрістеуі, Қазақстанда машина жасау ісінің дамуы үшін зауытқа қажетті көмегіміз қашан да дайын, – деді Такеши Учиямада мырза. Жапония жағы Тойота желілерін аяғынан тұрғызу үшін іске көзі қанық, тәжірибесі мол 20 инженерді әкелді. Қазір олар цехтарда жұмыстардың басы-қасында жүр. Осы салтанатқа қатысқан Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау Тойота көліктерінің Қазақстанда құрастырылуын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жасаған инвестициялық климатты жақсарта түсетінін атап айтты. Инвесторлармен бірге өндіріске жаңа технологиялар келеді. Тойота соның жарқын мысалының бірі. Кедендік одақтың құрылуына байланысты Қазақстан нарығы бұрынғыдан кеңейе түсті. Мамыр айының аяғында Ресей, Беларусь және Қазақстан мемлекеттерінің президенттері қол қойған Еур­а­зи­я­лық экономикалық одақ Қазақ­­­станның экспорттық әлеуе­тінің нығаюына кепілдің бірі. Қостанайда құрастырылып отыр­ған Toyoto Fortuner көлігінің қо­рап­тарын дәнекерлеу, сырлау жұ­мыстарының өзімізде атқарылуы Тойотаға 30 пайыз қазақстандық мазмұн береді. Бұл жұмысты 2018 жылы 50 пайызға жеткізу межеде бар. Алдағы уақытта Тойотаны эк­с­порт­тау алдымен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен бас­талатыны бүгіннен белгілі болып отыр. Салтанатқа қатысқан Тойотаның Еуропадағы жұмысын басқарушы Toyoto motor Europe NV/SA президенті Дидье Леруа алдымен Тойота желілерінің Қазақ­­станда ашылуын екі жаққа тиімді екенін, Қазақстанның ин­дус­триялық әлеуетінің дамуына қосылған үлес, қолдау екенін айтты. – Біз жергілікті өндіріс үшін Toyoto Fortuner үлгісін таңдаған себебіміз, ол қазақстандық тұтынушылар талабына мейлінше сәйкес келеді деп ойлаймыз. Toyoto жоғары сапа стандарттарына және біздің үздік қызмет көрсетуге талпынысымызға орай, әуесқой автокөлікшілердің көңілінен шыққан. Ол қазақстандық тұтынушыларды да риза ететініне сенемін, – деді Леруа. Қостанайдағы «Агро­машХолдинг» өндіріс алаңында жаса­­лып жатқан Toyoto Fortuner жүрдек көлігінің құрастыру цехына ұйымдастырылған пресс тур атшаптырым цехтарды болашақта ішкі туризм санатына қосса да болады екен деген ойға жетеледі. Өйткені, мұнда жай көлік емес, аты аңызға айналған Тойота құрастылып, құрастырылып емес-ау жасалып жатқан жоқ па?! Күрделілігіне қарап тұрып басың айналатын желілерді Жапониядан әкеліп, жапондық мамандар құрастырды. Онда Тойотаның дәнекерлеу, сырлау жұмыстары атқарылады. Онан кейін қорабын орнату, моторын салу, ішкі кабинасын құрастыру, доңғалағын орнату деген секілді жұмыстар жалғаса береді. Ең соңында жұтынған сәйгүліктей Тойоталар сап түзейді. Алғашқы дәнекерлеу жұмыстары қолмен атқарылады. Одан кейін сырлау жұмысы автоматтандырылған вакуумда боялады. Негізі Тойотаның бояуы он екі түрлі екен, соның Қазақстанда бес түрі боялады. Бір ауысымда сегіз машинаның қорабы боялып шығады. Алғашқы шығарылған Тойото Фортюнер өндірістің Toyoto стандарттарына толық сәйкес екенін дәлелдеді. – Біздің цехтарда жұмысшылар Тойотаның стандарттарын толық сақтай отырып жұмыс істейді. Оның мәнісі былай. Дәнекерлеу цехында жұмысшының әр қимы­лының мәні бар. Ол сол қолмен ұстайтын құралды оң қолмен ұстамайды, оның уақыты, қимы­лы барлығы есепте. Біздің жағы­мыздан жұмыс барысында ешқандай «импровизация» болмауы тиіс. Мұның барлығы көлік сапасына әсер етеді. Мұнда қолмен атқарылған дәнекерлеу жұмысын зергердің ісімен ғана салыстырыңыз, –дейді өндірістің негізгі құрастыру жұмыстары жөніндегі директоры Антон Талпа. «Тойота Мотор Қазақстан» ЖШС әзірге жылына 3000 машинаны сапқа қоюды жос­парлап отыр. Бұл таза Қазақстан нарығы үшін жасалады. Алдағы уақытта сұранысқа қарай өндірістің қуаты жылына 25 мың машинаға дейін жеткізіледі. Қазір цехтарда техникалық нұсқаулар беріп, барлық қажетті стандарттардың сақталуын қадағалайтын жапондық мамандардың сыртында жүзден аса қазақстандық маман жұмысшы жұмыс орнын тапты. Болашақта 400-ден аса адам жұмыс істейтін болады. Тойота құрастыру цехында жұмыс істейтін Ұланбек Сәрсеновтің де қуанышында шек жоқ. – Өзім техникалық мамандық алған едім. Оның үстіне Солтүстік Кореяға барып, Тойота бойынша біліктілігімді жетілдіріп келдім. Қазір осында құрастырылған машиналарды тексеру жұмыстарына тартылдым. Жалақы кешікпейді. Алдымен Елбасымызға айтар алғысым шексіз, – дейді ол. Тойота Фортюнер көлігі 2005 жылы шыққаннан бастап, 2008 және 2011 жылдары екі рет фейслифтингті бастан кешкен екен. Ал Қазақстанда шыққан нұсқасының Жапония мен Тайландқа, Еуропаға қарағанда бораны, дауылы, сықырлаған аязы мол даланың қатал табиғатына бейімделді. Ол батпақты, тас­тақты деп жер, қайда салсаң да жол талғамайды. Соған сәйкес Қазақстан экономикасын көтеру­ге брендтік үлес қосатын қазақ­стандық, қостанайлық Тойота нарық та таңдамайтын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.