Атырау облысында өткен жылғы қыркүйекте «Отбасының цифрлық картасы» қанатқақты жобасы іске қосылған еді. Бүгінде жаңа жобаның тиімділігі байқала бастады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, бұл жоба біраз тұрғынның уақытын үнемдеуге септігін тигізіп жатыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пилоттық режімде қолданысқа енгізілген жобаның қазір тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Өйткені отбасының цифрлық картасы – азаматтарға әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы туралы ақпарат беретін электрондық жаршы. Аталған жоба арқылы былтырғы қыркүйек айынан бері 1 540 адамға sms-хабарлама жіберілді. Содан кейін 700-ден астам атыраулыққа жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер рәсімделді, – дейді А.Мәмбетов.
Оның айтуынша, «Отбасының цифрлық картасы» жобасына облыстағы барлық отбасы мен мүшелері туралы деректер енгізілген. Бұл деректер отбасы мен мүшелері мәртебесінің өзгеруіне байланысты жаңартылады.
– Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген адамға қызмет көрсетуге келісім алу үшін sms-хабарлама жіберіледі. Оны алған азамат «иә» деп жауап жазған соң, жүйеде ақпарат толық тексеріледі. Келісім алғаннан кейін қызмет алушының өтініші тіркеледі. Соның нәтижесінде жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының есепшотына аударылады. Яғни ешкім құжат тапсырып жүрмейді. Сол сияқты өзге де әлеуметтік төлемдерді алуға құқылы азаматтарға да осылай sms-хабарлама жолданады. Тіпті «Отбасының цифрлық картасы» атаулы әлеуметтік көмекті алуды да ұсынады, – дейді А.Мәмбетов.
Жыл басынан бері биыл атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуы мүмкін 251 азаматқа sms-хабарлама жолданған. Оның ішінде 181 азаматтан sms-хабарлама жауап күтіп отыр. Ал 32 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Атырау облысы