• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 24 Қаңтар, 2023

Әділетті Англия үлгісі

313 рет
көрсетілді

Таяуда Ұлыбританияда қызық жағдай болды. Полиция қызметкерлері премьер-министр Риши Сунакқа көлікте қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін айыппұл салды. Бұған дейін бұрынғы премьер-министр Борис Джонсон да заң бұзғаны үшін жауапқа тартылған еді.

Ланкашир полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желіде тараған видео­ны тексеріп, 42 жастағы аза­­мат­қа қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін белгіленген мөлшер­де­гі айыппұл салған. Бірақ жауапқа тартылған адамның кім екенін мәлім­деген жоқ. «Даунинг стрит» көп ұзамай-ақ оның Риши Сунак екенін мойындады.

Әлеуметтік желіде тараған видеода көлік­­­­­­­­тің артқы орындығында отырған Риши Сунак үкіметтің жоспары туралы айтып береді. Оның қауіпсіздік белдігін тақпағаны анық байқалады. Ең қызығы, үкімет басшысының көлігі полиция кортежімен бірге жүріп бара жатқан екен.

Премьер-министр төлеуге тиіс қаражат сомасы белгісіз. Дегенмен Ұлыбританияда қауіпсіздік белдігін тақпағандарға 100 фунт-стерлинг айыппұл салынады. Алда-жалда бұл іс созылып, оны кейіннен сот қараса, төлем көлемі 500 фунт-стерлингке дейін өседі.

Риши мырза Ұлыбританиядағы ауқатты адамдардың бірі саналады. Шыққан тегі үндіс­тан­дық 1960-жылдары Шығыс Африкадан Ұлыбританияға көшіп келген. Сунак беделді жекеменшік мектепте, кейін Оксфорд пен Стэнфордта білім алған. Осында болашақ жары, үндістандық миллиардердің қызы Акшату Муртиді кездестірді. Оқуын аяқтаған соң Сунак Goldman Sachs инвестициялық банкінде жұмыс істеді. Cаяси аренадағы еңбек өтілі бертінде басталды. 2015 жылы Ұлы­британия парламентінің депутаттығына сайланды. 2019 жылы қаржы министрі лауазымына тағайындалып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін осы қызметті атқарды.

Қазіргі таңда Р.Сунактың байлығы 730 миллион фунт-стерлингті құрайды. Тіпті ол Ұлыбритания королі Чарльз III-тен де дәулеті көп премьер-министр атанып отыр. Осылайша, Сунак Тұманды Альбиондағы ең бай 250 отбасының қатарына енді. Сондықтан дәулеті тасыған Риши Сунак үшін бұл сома көп емес. Алайда төлеген ақшасы емес, беделіне түсетін нұқсан ауыр.

Жалпы, мұндай жағдай Тұманды Альбион­да алғаш рет болып отырған жоқ. Бір жыл бұрын сол кездегі премьер-министр Борис Джонсон карантин ережелерін сақтамағаны үшін жауапқа тартылған еді. Мәселе былай басталған-тұғын. 2021 жылғы 30 қарашада Daily Mirror басылымы «Даунинг стриттің» кейбір қызметкерлері карантин талаптарын бұзғаны туралы ақпарат таратты. Олар 2020 жылғы қараша және желтоқсан айларында бірнеше салтанатты кешке қатысқан екен. Сондай жиындардың біріне премьер-министр Борис Джонсонның да келгені айтылды. Ал сол сәтте Тұманды Альбион тұмшаланып, Ұлыбритания қатаң локдаун жағдайында болатын. Елдегі денсаулық сақтау саласы мамандары қатысушылар саны 6 адамнан асатын кез келген басқосуға тыйым салған-ды.

Бастапқыда Борис Джонсон бәрін жоққа шығарған. Бірақ көп ұзамай елдегі басқа да бұқаралық ақпарат құралдары оның мәселесін майшаммен қарап, видео деректер арқылы салтанатты кештің өткенін растады. Бұл аз де­сеңіз, бүкіл ел карантин талаптарына мойын­сұнып жүргенде «Даунинг стрит» Борис Джонсонның туған күнін дүркіретіп тойлапты. Министрлер үйінен дау шыққан соң ел парламенті мәселенің ақ-қарасын анықтауға кірісті. Сөйтіп, Борис мырза карантин ережесін бұзғаны үшін заң жүзінде де жауапқа тартылды, әріптестері мен қоғам тарапынан да сынға ұшырады.

Ең қызығы сол, «Даунинг cтритте» өткен көңіл­ді кештердің біріне қазіргі премьер-министр Риши Сунак та қатысқан екен. Сон­дық­тан оған да сол кезде айыппұл салын­ған еді. Сөйтіп, шыққан тегі үндіс­тандық азамат бір жыл ішінде екі рет жауапқа тартылған үкімет қызметкері атанды.

Жалпы, Батыс елдерінде мұндай жағдай қалыпты саналады. Мысалы, АҚШ-тың Өкіл­дер палатасын басқарған Деннис Хастерт қызмет бабын жеке мүддесін пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған. Айта бер­сеңіз, демоктриаясы дамыған батыс елдерінде мұн­дай жағдай өте көп.

Яғни ешбір лауазымды тұлға заңнан жоғары тұрмайды. Әйтпесе, Ұлыбританияның премьер-министрі іс жүзінде ел басшысы деп айтсақ, қателеспейміз. Өйткені король негізі­нен салтанатты міндеттер атқарады. Ал премьер-министр ішкі және сыртқы саясат, халық­тың тұрмысы секілді қоғамға керек маңызды мәселелерге жауапты.

Дегенмен Тұманды Альбионның құқық қорғау органдары адамдардың лауазымын емес, заң талаптарының орындалуын жоғары қояды. Сондықтан заң алдында бәрі тең. Бәлкім, Әділетті Англия деген де осы болса керек.