Экономиканың дамуына серпін беретін тетіктің бірі – инвестиция. Бұл ішкі өндіріске бағытталған нақты қаржы айналымынан бөлек елдегі жағдайдың тұрақтылығын да айшықтайтын маңызды фактор. Ал шетелдік инвесторлардың ілкімді жобаларға көптеп келе бастауы жақсылықтың нышаны. Әсіресе, аймақтарда инвестициялық жобалардың көбеюі жарқын болашаққа бастайтын сенім жолы екені даусыз.
Алматы облысында да шетел инвестициясымен жұмыс істеу бағытында ауқымды іс-шара атқарылуда. Мысалы, қазір Алматы облысы әлем бойынша 97 елмен сауда ынтымақтастығын жүргізіп отыр. Өткен жылдың 7 айында облыстағы экспорт айналымы 179,9 млн долларды құрады. Бұдан басқа шетелдік инвесторлардың қатысуымен ашылған, жалпы құны 1,3 млрд доллар болатын 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 6 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Тіпті әріге бармай-ақ, 2022 жылдың сегіз айы аралығында ғана облыс экономикасына құйылған инвестиция ағыны 19 пайызға ұлғайып, жалпы қаржылай көлемі 320 млрд теңгеден асып түскенін айтсақ болады. Мұнан бөлек, облыстың инвестициялық тартымдылығына әлемге аты әйгілі қаржы ұйымдары назар аударып отыр. Былтыр Еуропалық инвестиция банкінің өкілдері аймаққа арнайы сапар жасап, бірқатар жобаны қаржыландыруға ниетті екенін білдірді. Облыс әкімдігімен мәмілелі меморандум жасалған-ды. Ал Еуропалық инвестиция банкі деген «екі шоқып, бір қарайтын» ұйым болғандықтан, бұл өңірдегі жобалардың сәтті жүзеге асатындығына кепілдік бар деген сөз. Жалпы, Еуропалық инвестиция банкінің жұмыс бағыты негізінен 4 салаға бағытталған. Инновацияларды қолдау, шағын бизнесті дамыту, климатты қорғау және инфрақұрылым нысандарын құру сияқты негізгі ұстанымдары бар. Осы мақсатта банк мемлекеттік және жеке секторға, оның ішінде инновациялық стартаптарды қаржыландыру үшін кредиттер береді.
– Әдетте шағын және орта бизнеске елдің өз банктері де қолдау көрсетеді. Ал Еуропалық инвестиция банкі орта деңгейлі компанияларға, оның ішінде ғылыми-зерттеу саласы мен дамуға қажетті инвестицияны тікелей қолдау ретінде көрсете алады. Жалпы, біз Қазақстанға жеке инвесторлар мен мемлекеттік қаржы мекемелерінің қаражатын тартып, жұмыс істеуге мүдделіміз. Бұл тізімде Алматы облысы бірінші тұр деуге болады. Қаржы ұйымы ЕуроОдақ кеңесінің шешіміне сәйкес Азия елдеріндегі жобаларды қаржыландыру бойынша кредиттік операциялар жүргізу мандатына ие, – деген еді Еуропалық инвестиция банкінің мемлекеттік мекемелермен жұмысын дамыту бөлімінің маманы Адам Бруун.
Ал күні кеше Алматы облысына Дүниежүзілік банк өкілдері келіп, өңірдегі инвестициялық жобаларға қолдау танытуға ниетті екенін жария етті. Облыстың әлеуетін бағамдап, негізгі инвестициялық жобаларға қолдау көрсетуді көздеген Дүниежүзілік банктің портфеліне 11 жоба кіреді. Қаржы ұйымы жалпы 4,37 млрд доллар көлемінде несиелеуге қауқарлы. Дүниежүзілік банк өңірлерді дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың жүзеге асуына ықпал етуде тәжірибесі мол. Мәселен, көрші Қырғызстан мемлекетімен қатар, Грузия, Албания жерінде де жұмыс жасап жатыр. Қазақстан оның ішінде, Алматы облысына ат басын бұрудағы көздеген нысанасы өңірдегі адам басына шаққандағы экономикалық даму деңгейін анықтау, аймақтың әлеуетін қарастыру һәм инфрақұрылым мен мемлекеттік қызметке қатысты жобаны біріктіру арқылы облыстың экономикалық бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған жұмыстарды іске асыру болып отыр.
– Қаржы ұйымының негізгі көздеген мүддесі – Қазақстанның аймақтық әлеуеті мен ондағы мәселелер туралы ақпараттарды жинақтау. Жаңадан құрылған 3 облыс пен төрт жаңа облыс орталығының экономикалық драйверін анықтай отырып, жұмысты жалғастыру. Алдағы уақытта облыстардан жинақтаған мәліметтер мен өз зерттеулерімізді біріктіре келе, жаңа жоба ұсынамыз деген ойдамыз, – дейді Дүниежүзілік банктің қалалық даму және табиғи апаттар тәуекелдерін басқару жөніндегі аға маманы, жобалау командасының басшысы Хуанг Чи-Юн.
Банк өкілдерімен кездесуде аймақтағы инвестициялық тартымдылық туралы сөз өрбіткен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің 2020-2025 жылдарға арналған және 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасы бекітілгенін алға тартты. Ол аймақта 4 қала барын тілге тиек етті. Соның бірі – облыс орталығы Қонаев қаласы болса, екіншісі – Алматы шаһарына жақын тұрған – Қаскелең. Бұл аймақтарда инфрақұрылымның тозығы жеткенін аймақ басшысы бүкпесіз баяндады. Яғни болашақта осы бағыттағы жаңғырту жұмыстарына Дүниежүзілік банктің қаржы салуынан үміттенеміз.
– Біз жаңа облыс орталығында отырғанымызбен, Алматы облысы бұрыннан бар. Облыста ауыл шаруашылығын жетілдіруге басымдық берілген. Әуелде су мәселесінің күрмеуін тарқатсақ, артынша ауылдық жерлердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік жетерлік. Облыстағы халықтың 83 пайызы ауылдық жерде тұрады, сол себепті ауыл шаруашылығын дамыту маңызды. Ол үшін ең алдымен суармалы жерлерді кеңейтуге ден қойған абзал. Аймақ мал шаруашылығында республикада үшінші орында, ал құс шаруашылығы бойынша бірінші орында келеді. Бұл бағытты әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік мол. Негізгі мәселе өндірісті экспортка шығарумен астасып жатыр, – дейді облыс әкімі.
Алматы облысы