• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қаңтар, 2023

Медиа саласының болашағы зор – Алтай Көлгінов

385 рет
көрсетілді

«Қазмедиада» өңірлік мерзімді баспасөз басылымдары форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

3 панельдік сессия отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров сөз сөйлейді деп жоспарланған.

«Жаһандық ақпарат ағымында мерзімді баспасөз басылымдарының алар орны ерекше. Баспасөз басылымдар тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін негізгі ақпарат құралы екені сөзсіз. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде баспасөз басылымдарының жыл санап көбейіп келе жатқанын айтуымызға болады. Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде олардың саны 5 мыңнан асқан. Оның 70%-ға жуығы баспа басылымдар екені белгілі. Бұл - медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен болашағының зор екендігіне тағы бір дәлел. Отандық медианың әлеуетін бұдан да арттыру үшін алдымызда ауқымды міндеттер бар», деді мінберге бірінші болып шыққан Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алдында тұрған міндеттердің әрқайсысы қоғамда әділетті Қазақстан құндылықтарын ілгерілету үшін зор маңызға ие екенін тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғам мен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелерін, атап айтқанда оқырмандардың саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақтылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Бүгінгі жиын мақсаты да - осы», деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ ол бүгінгі жиын көкейде жүрген көп сұрақтың жауабын табуға мүмкіндік беретін таптырмас алаң екенін де атап өтті. Форум соңында түрлі мәселе төңірегінде оң нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімі барын білдірді. Бұдан бөлек, Үкіметтің жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып өңірлік басылымдардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді.