• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

CӘДУАҚАСОВТЫҢ ҰЛДАРЫ

1939 рет
көрсетілді

Айналасы үш ғасырдың ішінде Еуразия құрлығының тең жарымын жаулап алған Ресей империясына Романовтар әулеті билік құрған уақытта Батыс Сібір өлкесі, оның орталығы Омбы қаласы қазақ халқының рухани-мәдени орталығы болғаны және ұлтымыздың болашағын ойлаған алаш қайраткерлерінің көпшілігі осы қалада қызмет атқарғаны тарихтан белгілі. Өткен ғасырдың басында алып империяның ішінде өріс алған саяси оқиғалар мен дағдарыстар және бірінші дүниежүзілік соғыстың салқыны ақ патшаның отарланған аймақтарында болған ұлт-азаттық қозғалыстарынан кейін іле-шала өз ішінен жан алысып, жан берісіп арпалысқан азамат соғысын туғызды. Өзара ақ гвардияшылар мен қызыл гвардияшылар болып бөлінген орыстардың бұл текетіресі бүкіл Ресей аймағының отарланып, жаулап алынған жерлерін дерліктей шарпыды. Ұлан-ғайыр империяның ішіндегі талас-тартыс пен қырғи-қабақ қырқыс Сібір қазақтарының жадында “Ақ пен қызыл араласқан жылдар” деп аталды. Антанта мемлекеттерінің қолдауымен Бүкілресейлік Жоғарғы бас қолбасшы атанып, адмирал А.В.Колчак құрған Сібір үкіметінің орталығы Омбы қаласы болды. Осы аласапыран кезеңді жер-суынан айырылған қазақ ұлтының болашақ қамы үшін пайдаланып қалуды мақсат еткен алаш жұртының зиялы қауым өкілдері мен саясаттан хабары бар оқыған қазақ жастары осы іске белсене араласты. Қарбалас оқиғалар­дың қызған ортасында сол жылдары Омбы қаласында құрылып, қазақ жастарының басын қосқан “Бірлік” ұйымы және оның жетек­ші­лері­нің бірі Жанайдар Сәдуақасов жүрді. Ұйым­ның рухани демеушілері, бағыт-бағдар сілтеу­ші­лері Әлихан Бөкейханов, Мұқан Айтпенов, Міржақып Дулатов, қазақ қыздарының ара­сы­нан Гүлия Досымбекова, Хадиша Сейітова және тағы басқа алаштың азаматтары болды. “Бірлік” ұйымына мүше болған қазақ жастарының ішінде Омбы өңірінің тумасы, осы қалада оқып жүрген Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Сәду­ақас­ұлы Тоғжанов та жүргені тарихи құжат­тардан белгілі. Сәдуақастың Жанайы (Жанайдар), Сәдуа­қас­тың Смағұлы, Сәдуақастың Ғаббасы, 20-шы ғасырдың басында Қазақ Республикасының саяси өмірінде елеулі орын алған осы үш тұлғаның жауқазын жастық шақтары, мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасудағы алғашқы өмір жолдары иісі қазақ зиялылары­ның сол кездегі рухани орталығына айналған Омбы қаласында осылайша түйісті. Осы азамат­тармен қатар жүріп қызмет атқарған, кейін бұл азаматтар сталиндік репрессияның құрбаны болған кезде, Омбы жақтағы ағайындары­мыз­дың арасын паналап, елге 60-жылдары оралған Омар Сансызбаев ағамыз (бұл кісіні ел “аға­жан” деп атайтын еді) олар жөнінде көптеген жүрек тебірентетін естеліктер мен оқиғаларды жиналған көпшілік қауым алдында жиі айтып отыратын еді. Смағұл мен Ғаббас Омар Сансызбайұлының ауылдасы, әрі ағайыны болса, қырдың қазағы (Сарыарқа өңірінің қазақтарын еліміздің солтүстік аймағында әлі күнге дейін осылай атайды) Жанайдар Сәдуақасов жалпы Омбы қазақтарына, әсіресе, осы өңірді сонау Көшім ханның заманынан бері мекендеп келе жатқан Керей руының ішіндегі Ашамайлы керейдің бір тармағы болып бөлінетін Малай-Бақтыбай еліне өзінің кемеңгер ақыл-ойымен, білім-параса­ты­мен танылып, екі азаматпен (Смағұл Сәдуа­қас­ұлы Сәдуақасов және Ғаббас Сәдуақасұлы Тоғ­жанов) қатар бірге туған бауырдай болғаны өз алдына, жасы үлкен болғандықтан, оларға жол сілтеген ақылшы аға бола білгенін де Омар ағамыз тілге тиек етіп әңгімелейтін. Бұл үш аза­мат­тың арғы шығу тегін біле бермейтіндіктен, Омбы қаласына Ақмола, Қарқаралы, Торғай, Орынбор, Тарбағатай, Алтай-Зайсан өңірінен әр­қилы сауда-саттық, шаруашылық жағдай­лары­мен келген қазақтар үшін олар “Сәдуақас­тың ұлдары” атанды. Сол замандағы ұғым бойынша Омбы тәрізді үлкен шаһарда ауқатты қазақтың балалары оқитын. Осы себептен де көпшілікке есімі таныс, Омбыда дүкен ұстап “Үркіт шапқан” байлардың қатарында жұрт аузына іліккен және губернатор кеңсесінде та­мыр-таныстары мол, өзі де бір кездері Қорған бо­лысында сайлауға түскен, көзі ашық, сауатты Тоғжанның Сәдуақасының атақ-абыройы өзге­лерден жоғары тұрды. Әлқиссасын білмейтін жұрттың көбі Ғаббаспен қоса Смағұл мен Жа­най­дарды да Сәдуақастың айналасына телитін. 1916-18-жылдары Омбы қаласындағы “Бірлік” және “Жас қазақ” ұйымының басшы­сы болған Жанайдар Сәдуақасұлының жасы үлкен аға ретінде Смағұл мен Ғаббасты осы ұйымның мүшелігіне тартып, олардың саяси-демократиялық тұрғыдағы қоғамдық көзқара­сын қалыптастырушылардың бірі болды десек, артық айтпаған болар едік. Олар Омбыдан бар-жоғы 100 шақырым қашықтықты мекендеп, аралары тығыз орналасқан Жарқын, Ұялы, Байнияз, Қызылшілік, Қарашілік, Төрегелді, Бұланбай, Жандос, Томар, Дүйсенбай (белгілі мем­лекет және қоғам қайраткері Жұмабай Шаях­метов осы ауылда туған), Мәшен (Мұқан Айтпенов осы ауылдың тумасы), Қаржас ауыл­дары­мен қоса өзге қазақ ауылдарына да жиі барып, сол кездегі “Қазақ” газетінде жария­лан­ған мақалаларды, өздері шығаратын “Жас аза­мат” газеті және “Балапан” қолжазба журналы­мен таныстырып, Ресейде болып жатқан өзге де саяси оқиғаларды жұртқа түсіндірумен ай­налысты. Омбыдағы Қаржас ауылының негізін 19-шы ғасырдың 50-ші жылдары әкесі Шорман бидің тілегі бойынша Баянауыл округінің аға сұлтаны Мұса Шорманов қалаған еді. Ол Батыс Сібір генерал-губернаторының сарайына барар алдында осы жерде тынығып, демалып, намазын оқиды екен. Бұл ауыл әуелде Омбы қаласының іргесінде қоныс тепті, орналасқан жері сулы, нулы ақ қайың мен терек өскен жер. Әуелі бұл араға Қаржас руының Ақша атасынан тарайтын 10 шақты үй көшіп келеді. Алаштың біртуар азаматы, қазақ әдебиетінде өзіндік қол­таңба қалдырған қоғам қайраткері, Жанайдар Сәдуақасұлы мен Смағұл Сәдуақасұлының сырлас досы болған Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров осы ауылда дүниеге келген. Мұса мырза Кемеңгер Атановты өзінің тікелей ара­ласуымен Омбыда ашылған болыстық кеңсенің писарьларын даярлайтын оқуға жіберген. Кейін осы төңіректі қоныстанып қалған. Кемеңгерден Дүйсенбай, Дүйсебай есімді ұл туған. Қошке – Дүйсебайдың баласы. Патшалық Ресейдің қол­дауымен жерімізді тартып алған қарашекпен­дердің қара халыққа жасап отырған қиянатын, айналасы он жылдың ішінде реакцияшыл Столыпин үкіметінің сүйемелдеуімен қазақ жеріне мүсәпір күйде қаңғып келген “жөке аяқтардың” (Орталық Ресейден жер ауып, қамыс шәркей киіп келген орыстың мұжық­та­рын Сібір қазақтары осылай атаған) не себеп­тен қазір байып кеткені, не­лік­тен қазаққа шекеден қарайтыны жөнінде бүгінде өзінің жер-суынан айырылып отырған қазақтың көзін ашып, үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гізді. Жанайдар Сәдуақасов Омбы қаласындағы қазақ зиялылары­мен, әсіресе Мұқан Керей­бай­ұлы Айтпеновтің (ол кісі менің ұлы әкем Мұқанжар Омар­ұлы­на жиен болып келеді) үйімен араласты. Мұқан Айтпенов Омбының беделді орыстарының бірі, Ресейдегі петрашевтік көзқарасты ұстанған Петр Са­бостьяновпен, оның ұлдарымен тамыр еді. Ұлы қазан төңке­рісінен кейін іле-шала қараша айында құрылып, кейіннен “Алаш” партиясының негізі қалануына себепші болған “Үш жүз” партиясы­ның көш­бас­шы­ларының бірі Мұ­қаңның үйіне Омбы қаласындағы қазақтың зиялы қауы­мы Ә.Бөкей­ха­нов М.Дула­тов, К.Тоғы­сов, Қ.Кемең­геров, М.Жұма­баев сын­ды алаш­тың көзі ашық, ұлтжанды азаматтары жиі жи­налатын. Омбыдағы беделді қазақ шенеу­ніктері Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңесшісі болып қызмет атқарған Мұқан Айтпеновтің жездесі Жұман Сейітов және Байнияз ауы­лының қазағы, генерал-губернатор кеңсесінің аудармашысы Жұмабек Байсейітов олармен жиі араласты. Жұман Сейітовтің шыққан тегі Баянауыл өңірінен еді. Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса мырзаның ықпалымен кезінде Омбы қаласындағы орыс гимназиясына оқуға келіп осында тұрақтап қалған. Оның ұлдары Мұсылманбек, Мұратбек, Асылбек “Үш жүз” кейіннен “Алаш” партиясының мүшелері бол­ды. Бәрі де патша заманында Ұлы қазан төң­ке­рісіне дейін медицина, экономика сала­ла­рын­да жоғары білім алған, сауатты азаматтар еді. Жанайдар Сәдуақасовтың алғаш Омбы қаласына оқуға келгенде Мұқан Айтпеновтің үйінде тұрғанын Омбының көнекөз қариялары бертін де айтып отыратын. Бұл үйге азамат соғысы жылдары Сибревкомның қазақ-татар секциясының жетекшісі болған, мемлекет қайраткері Әбілқайыр Досовтың әкесі Ақмола өңірінің орта шаруасы Ысқақ Қасейін деген інісімен бірге жиі түсіп тұратын. Осы деректі мен 1985 жылы Мұқан Айтпеновтің немере інісі Асайхан Сұлтанұлының өз аузынан естідім. Сұл­тан мен Мұқан бірге туған, өзімнің етжақын ағамыз, бұл күнде марқұм болған Зейнолла Оспан­ұлы да Сәдуақастың Жанайы туралы көп­теген деректерді білуші еді, әсіресе Мұқан Айт­пеновтің ұлы Мұхамеджан екеуінің арасында қыл өтпейтін татулық болды дейтін. Мұхамеджанды өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бандылар атып кетті. Мұқан Айтпе­нов­тің Омбы қаласында Сібірдің қызыл ағашы­нан қиюлап салған кең сарайдай үйінде осы өл­кенің шонжарлары жиі түсіп тұрды. Солардың ішінде бұл кісімен өте көп араласқан, ағайын-жұртының оқуға талабы бар балаларын оқытуға қаржылай көмек көрсетіп шапағаты тиген бай­лар­дың бірі Тоғжанның Сәдуақасы мен ел ішін­де бала оқытып Сәдуақас молда атанған Тұра­бай­дың Сәдуақасы еді. Малай атасының ішінде Қозыбақ әулетінен тарайтын Тоғжан мен Тұра­бай екеуі немере ағайын. Тоғжанның Сәдуа­қасы 1928 жылы Қазақстандағы 500 ірі байдың қатарында тәркілеуге іліксе, Сәдуақас молда 1937 жылғы сталиндік сүргіннің кұрбаны болды. Олардың ұлдары Смағұл мен Ғаббас оқуларын ел ішіндегі молдадан кейін Сарыкөлде бұратана халықтардың балалары үшін ашылған екі жыл­дық бастауыш мектепте (училище) жалғас­тыр­ды. Жиырмасыншы ғасырдың басында ашыл­ған бұл оқу орнын әр жылдары олармен қатар мемлекет қайраткері болған Жұмабай Шаях­ме­тов, драматург Бекмұхамед Серкебаев (ха­лық әртісі Ермек Серкебаевтың әкесі), ұла­ғатты ұстаз Нұржан Әуелбеков (1960-1990 жыл­дар аралығында Қазақстанда Солтүстік Қазақ­стан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық пар­тия комитеттерінің бірінші хатшысы болған партия-кеңес қызметкері, мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтің әкесі), кеңес қызметкері Ахмет Абдрахмановтар оқыды. Бұлардың бәрі де Омбыдағы “Бірлік” жастар ұйымының жұмысына араласып, қазақ-татар секциясының белсенді мүшелері болды. Смағұл мен Ғаббастың Омбыда оқып жүр­ген жылдары ауылы аралас, қойы қоралас бо­лу­мен қатар, біздің елге жиен болып келетін Мұқан Айтпеновтің үйімен жиі араласып, сол үйде пәтерде тұрған Жанайдармен де жақсы қарым-қатынаста болды. Өз заманына сай Омбы қаласында қазақ жастарының “Бірлік” ұйымы арқылы бастарын қосқан дара тұлға­лардың орыс мәдениетіне байланысты аты-жөндеріне әкелерінің есімдері де қосақталып жазылғандықтан және осы мәдениетті бой­ларына сіңіре бастаған қазақтар үшін беделді болған олардың өмірбаян жолдарының алғашқы тараулары Омбы өңірінде “Сәдуақастың ұлда­ры” деген атаумен де көпшілікке таныс болды. Сол кезде Омбы қаласында “Жұман балалары”, “Сәдуақастың ұлдары” деген атаулар Сібір ай­ма­ғындағы және шалғай өңірлерден келген қа­зақ­тар үшін ерекше ілтипатпен ауызға алынатын. Біздің төңіректе он саусағынан өнер тамған, сыбызғы мен гармоньда қоса ойнаған Серкебайдың Құсайыны деген азамат болды. Құсайын бойына қонған табиғи дарыны мен қасиетінің арқасында өз заманында Омар, Баймағамбет, Қожахмет бақсыларға батасын берген Өміртай бақсының қобызымен айтысып жеңген өнерпаз еді деседі. Бекмұхамед Серкебаев – осы Құсайынның баласы. Бекмұхамед Құсайынұлы 20-шы ғасырдың 30-шы жылдары өзімен “Ақ пен қызыл” араласқан жылдары етене таныс және саяси ұстанымдары бір болған, сол кезде Қазақ КСР-і мен Алматы облысында жауапты қызметтер атқарған Жанайдар Сәдуақасовты сағалап, Қызылжардан Алматы облысына қоныс аударады. Сонымен қатар, Жанайдар Сәдуақасұлының сол кездегі қазақ зиялысы, солтүстік өңірде жеке қаржысына мектеп ашып ағартушылық қыз­мет атқарған Әміре қажы­ның баласы Зейнел­ғабиден Омс­кауимен жақсы қарым-қатынаста болғанын да айта кеткеніміз жөн. Саға ауы­лында мек­теп ашып, бала оқыт­қан Зей­нелғабиденге Бекмұ­хамед Серкебаев пен Жанайдар Сәдуа­қа­сов Орынбор, Уфа, Троицк, Қазан қалаларынан әдеби кітап­тар алдырып, қазақ газеттерін жіберуге көмектесіп отырған. Омбыда оқып жүрген қазақ жас­тарын, олар құрған “Жас азамат”, “Жас қазақ” ұйым­дарын өзге байлармен катар Үлкен Қараой көлінің маңын мекендеген Сарман бай, Жексенбай бай, бір ғана Шағ­рай жерінде (бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, “Чехов” совхозының аумағы) он сегіз мың жылқы біткен ағайынды Қасым-Сәлімдер қажетті қаражатпен қолдағаны жайында Ғаббас Тоғжановтың туған інісі Оқап Сәдуақасұлы Қазымбетов, немере інісі Қали­жан Ілияшов, көнекөз қариялар Зейнолла Оспанов, Ғазиз Әу­бә­кіровтер әңгімелеп отыратын. Жанайдар, Смағұл және Ғаббас Сәдуақасұлдарының жас­тық шақтары өзге жұртқа есесі кеткен халқының түтіні түзу шығып, еңселі ел болу жо­лына арналғаны тарихи шын­дық. Өткен ғасырдың 30-шы жыл­дары үш азамат Қазақ Кеңес­тік Социа­листік Республика­сы­ның саяси өміріндегі айтулы оқи­ғалардың ортасында жүріп, өзін­дік саяси көзқарастарымен және ұстаным­дарымен ерекшеленді. Бір ауылда туып-өскен ағайынды екі жігіт Смағұл мен Ғаббас Қазақстанның саяси-қоғамдық даму тарихы жолында әртүрлі бағыттағы саяси көзқараста қалыптастырды. Олардың арасын­дағы дау-дамай мен саяси тұрғыдағы текетірес Қазақ Республикасы басшылығына Мәскеудің жіберген өкілі Ф.И.Голощекин келгеннен кейін мүлде шиеленісіп кетті. Қазақстандағы “Сәдуа­қасовшина”, “Рысқұловшина”, “Тоғжанов­ши­на”, “Қожановшина” тәрізді айдар тағылған көп­теген саяси ағымдар Голощекин билік құр­ған жылдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұ­лақ­тай қаптады. Жанайдар Сәдуақасов пен Смағұл Сәдуақасов ұлтшылдық бағыттағы көзқарасты, билік басына жергілікті ұлттан шыққан кадр­ларды молырақ тарту, мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын қазақша жүргізу идеясын ұстан­ды. Ал, Ғаббас Сәдуақасұлы болса, марксизм-ленинизм идеяларынан қазақ ұлтының өзге халықтармен терезесі тең тұруын іздеген және оған шын мәнінде сенген қайраткер еді. Смағұл мен Ғаббастың арасындағы саяси айтысты Сәдуақас молда да, Ғаббастың әкесі Сәдуақас бай да түсінбеді. Тек қана көзі ашық, сауатты, оң мен солын айыра білетін Ғаббастың әкесі Тоғжанның Сәдуақасы ғана: “Осы екі ұл елге келсе бауырмалдығы егіз қозыдай, сыртта жүрсе жаға жыртысуға дейін бар. Түсі бұлың­ғыр, өңі суық мына сұрқия заманның сайқал саясатына түсінбедім. Бұлардың арасына ағалық ақылын айтып, жол көрсететін өзіміздің Жанай­жан не бітіріп жүр”, деп Жанайдар Сәдуа­қа­совты есіне алып күйзелуі де қыр елінен келіп, өзге ортада өз ұлындай болып кеткен азаматтың қандай тұлға болғанын аңғартады. Орталық биліктің Қазақстанда жүргізген зымиян саяса­ты­ның салқыны қазақтан шыққан басшы­лар­дың арасына сына қаққаны өз алдына, ауыл­дағы қаймана қазаққа да қаншалықты кері әсері тигенін байқаймыз. Патшалық Ресейдің мұра­гері – большевиктер билігінің “бөліп ал да, билей бер” қағидасын Қазақ КСР-інің жоғары билікте жүрген қайраткерлері мен зиялылары әрқайсысы өзінше түсінді. Үш жігіт өздері қызмет атқарған кезеңдерде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлестерін қосты, әр жылдары қазіргі “Егемен Қазақстан” газетінің редакторлары болғанда қазақ журналистикасы мен баспасөзінде салиқалы ойлар мен идеялық бағыттағы пікірталастарды қалыптастыруда өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. Кейін Сәдуақасұлдарына іш тартқан ауыл­дардан шыққан сауатты адамдардың барлығы да ұсталып, сотсыз, тергеусіз айдалды да, артынан атылып кетті. Олардың бар кінәсі осы елден шыққан Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғ­жа­новқа ағайын-туыс, жекжат-жұрағат болғанды­ғы­мен қатар, Жанайдар Сәдуақасовпен арала­рындағы тығыз байланыс еді. Бұлардың ішінде Тілегенұлы Сүлеймен, Смақұлы Ахмедия, Омарұлы Жүніс, Мұсайбекұлы Увайділдә, Әлібекұлы Хұсайын, Сүлейменұлы Айтуған, Уайысұлы Мұхамеджан, Сансызбайұлы Омар және тағы басқалары сияқты елдің бетке ұстай­тын, рухани сауатын ашып имандылыққа ұйыт­қан, бала оқытқан, халықты бірлікке шақырған аза­маттары айдалып кетті. 1938 жылы Смағұл­дың әкесі – жетпістен асқан Сәдуақас молданы да НКВД-ның жендеттері үйден бір түннің ішінде алып кетті де, Омбының түрмесіне қа­мап, Қошке Кемеңгеровпен қатар біраз аза­маттарды бір мезгілде атып тастады. Сонымен бірге, Тоғжанның Сәдуақасының елде қалған ағайындары да барлығы жеті адам бір күнде тұт­қындалып, жолшыбай Марияновка стансасы ма­ңайында сотсыз және тергеусіз жазаға кесі­ліп, НКВД жендеттерінің қолынан қаза тапты. Қазақстанның тарихында ұлағатты із қалдырған үш қайраткер тұлғаның жалынды жастық шақтары жайында келтірілген өмірбаян деректеріне олармен қызметтес және пікірлес болған Омар Сансызбаевтың туған інісі, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Нұрым Сансызбаевтың жеке мұрағатынан алынған деректер пайдаланылды және әкем Шайкен (Шаһизада) Мұқанжарұлының Омар Сансызбайұлының өз аузынан естіп, әр жылдары қағаз бетіне түсірілген қолжазба түрінде жазылған мәліметтері негіз болды. Шалқарбек КӘРІБАЕВ. ҚАРАҒАНДЫ.