• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Білім 26 Қаңтар, 2023

Үлгілі білім ұясы

570 рет
көрсетілді

Өткен аптада Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы №5 мектепте ерекше оқиға болды. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы бойынша мектепке 250 млн теңге қаржы бөлініп, мүлдем жаңа түр мен мазмұнға көшті.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қа­йы­рымдылық жобасы аясында №5 мектептің 24 оқу кабинеті толығымен жаңаша жабдықталыпты.

Ең басты мақсаты ауыл мен қала мек­тептеріндегі білім сапасының айыр­машылығын жою болған жаңа жо­баны «Қазақстан халқына» қоры, Білім саласын тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев зияткерлік мектеп­те­рі бірлесіп қолға алған екен. Сол бойынша таңдалып алынған тірек мектебінің оқу кабинеттері то­лы­ғы­мен жаңаша жабдықталған. Айта кетерлігі, бұл жерде мектептер тек ма­териалдық-техникалық жағынан ғана жаңармайды, мұндағы бүкіл оқу үдерісі де ең алдыңғы қатарлы тәсілге көшпек.

Осы жоба бойынша елімізде 17 ауыл мектебін жаңаша жабдықтау жос­парланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге – әр мектепке шамамен 250 млн теңге бөлінген. Қазірдің өзінде Ақмола облысында Қатаркөл ауылының Досов атындағы орта мектебі, Павлодар облысы Ертіс ауданындағы №1 Ертіс орта мектебі, Қостанай облысы Сары­көл ауданындағы Урицкий орта мек­тебі, Қарағанды облысы Ақтоғай ауда­нын­дағы К.Байсейітова атындағы орта мектебі, Абай облысы Аягөз қаласындағы қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы, Ұлытау облысы Ұлытау ауданындағы №1 Ұлытау жалпы білім беретін орта мектебі, Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы №1 орта мектебі, Жетісу облысы Жансүгіров ауылындағы Е.Сиқымов атындағы орта мектебі, Ақтөбе облысындағы Бестамақ орта мектебі секілді 10 ауылдық тірек мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен тағы­лым­дама түрінде әдіснамалық қолдау көрсетілген.

Ақсайдағы №5 мектептің қайтадан ашылуы ерекше салтанатпен өтті. Жиынға «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» автономды білім беру ұйы­мының басқарушы директоры Айгүл Қазжанова, «Beeline Қазақстан» аймақтық дамыту директоры Рустам Баспанов, Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назар­баев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев, педагогикалық шеберлік орталығының директоры Лариса Обыденкина, НЗМ ұстаздары қатысты.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қа­йы­рымдылық жобасы аясында №5 мектептің 24 оқу кабинеті толығымен жаңаша жабдықталыпты. Бұған 249 825 000 теңге қаражат жұмсалған. Қорға қаражат бөлген «Beeline Қазақстан» компаниясы – жоба донорларының бірі. Мектеп 17 интерактивті тақтамен қамтылып, одан бөлек заманауи құ­рал-жабдықпен жабдықталған стем-зертхана, арт-студия, интеллектум кабинеті, заманауи кітапхана, спорт­­зал құралдары, көркем еңбек ка­би­неттері, тігін шеберханасы, пси­­­холог және логопед кабинеттері ашыл­ған. Сонымен қатар мектеп ғи­ма­ратына үнемделген қаражат және жан басына қаржыландыру есебінен 25 млн теңгеге жөндеу жұмысы жүр­гізілген.

 

Бұған қоса бағдарлама аясында осы мектепке үздік педагогикалық тәжірибе мен әдістеме енгізілген. Мектеп кітапханасы мұғалімдер, оқу­шы­лар мен ата-аналар үшін қосымша білім беру ресурстық алаңы­на айналыпты.

Сонымен бірге осы жобаның серіктесі – Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын терең зерттеп, осы талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар тізбесін жасаған. Сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары анықталған.

Келешекте Ақсайдағы тірек мек­те­бі жақын маңдағы ауылдық шағын жинақты мектептер үшін, ондағы мұға­лімдер мен оқушылар үшін тәжіри­бемен және әдіс-дағдымен бөлі­сетін құзыретті орталыққа айналады.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы бойынша таңдалып алынған Ақсай тірек мектебінде 817 оқушы білім алады, 70 педагог жұмыс істейді. Мектепте 41 сынып оқушылары қазақ және орыс тілдерінде білім алады.

– Мектебіміз шын мәнінде «жайлы мектепке» айналды. Өйткені «Ауыл­дағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бізге сапалы білім алуға, оқушыларды тәрбиелеуге, пе­да­гогикалық ұжымның әлеуетін дамытуға, мектепте қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуге шынымен де ерекше мүмкіндік тудырып отыр. Біз осы жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, – дейді мектеп директоры Гүлмира Сембиева.

Ақсай мектебі пәндік оқу кабинет­те­рімен қатар қосымша білім беру кабинеттерімен де жабдық­талған. Мысалы, STEM-зертханалары оқу­шы­­­лар­ды математика, инженерия, цифрлық технология және жараты­лыстану ғы­лым­дарына қызық­ты­рып, білімін кеңей­теді. ART-сту­дия­сы мен роботтехника кабинеті бол­ға­нына да балалар өте риза. Мұнда шығармашылық тұрғыдан дамуға, эмоционалдық тұр­ғыдан күш алуға, өзіндік идеяларын жүзеге асыруға болады. Бұл оқу үдерісінің барлық қатысушысына оң серпіліс әкелді.

Қазір Ақсай мектебі өзінің телестудиясын ашып үлгерген. Бұл мұ­ға­­лімдер ұжымына өздерінің және мек­теп­тің тәжірибесін батыс өңі­рін­дегі басқа мектептерге та­ра­ту­ға, цифрлық технологиялар сала­сын­дағы білік­тілікті шыңдауға мүм­кін­дік бере­ді. Мобилограф, блогер бол­ғысы келе­тін жас өрендер қазір­дің өзінде осы жерде шеберлік сырын үйреніп жүр.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы осы жоба­ның бас серіктесі ретінде тірек мек­тептің білім мазмұнын көтеруге ден қойған. Жоғарыда айтқандай, мек­тептегі білім беру ортасы мен оқы­ту сапасына талдау жүргізіп, қа­зіргі ахуалды анықтады. Сөйтіп, зият­керлік мектеп алаңында Ақсай мек­тебінің мұғалімдері барлық пән бо­йынша тәжірибеден өтті. №5 мектеп ұжымының тірек мектеп ретінде дамуы, білім сапасын арттыру, оқытудың заманауи технологияларын енгізу бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары жоспарланды.

– Бұл жобаның бес міндеті бар. Ол – ауыл мектептеріндегі оқыту технологиясын жетілдіру, тірек мектептерді материалдық-техникалық тұрғыдан жаб­дықтау, тірек мектептердің тә­жіри­­бесін өңір мектептеріне, оның ішінде шағын жинақты мектеп­тер­ге дәріптеп енгізу. Төртінші – мек­тепті ауылдың комьюнити-орта­лы­ғы ретінде дамыту. Бесінші – қо­ғамда жаңа мінез-құлық үлгісін қа­лыптастыратын дұрыс құндылықтар жүйесі бар қамқоршы қазақтардың қауым­дастығын қалыптастыру. Бола­шақ­та осындай тірек мектептерді әрбір аудан орталығында ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір нақты қай білім ордасы тірек мектепке айналатыны жөнінде облыстық білім басқармасымен ақылдасып жатырмыз, – дейді «Қазақстан халқына» қорының өкілі Ләззат Алтынбекқызы.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарушы директоры Айгүл Өмірқызы тірек мектеп мұғалімдерін ғылыми-әдіс­те­мелік және сараптамалық тұрғыда сүйемелдеуді жалғастыра беретінін айтады. Бұл бастан-аяқ тегін жүр­гізілетін қайырымдылық көмек. Мы­салы, Ақсайдағы №5 мектепке Орал қаласындағы Назарбаев зият­­керлік мектебі ұжымы ерекше көмектесіп, барынша қолдау көр­сет­кен. Бұл шын мәнінде өте ма­ңыз­­ды мәселе, өйткені ғимараттың іші-сыртын сәндеп, жарқыратып қой­ған­мен, оның ішкі мазмұны, білім сапасы сәйкес болмаса, еңбектің еш кеткені емес пе?!

 

Батыс Қазақстан облысы