• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ауыл 26 Қаңтар, 2023

Елдіктің қайнар көзі – ауыл кластерін дамыту

345 рет
көрсетілді

Қазақстан посткеңестік кезеңде тиімді өндіріс салалары мен кәсіпорындарын, сондай-ақ қоғамның қолайлы институционалдық нормалары мен құндылықтарын жоғалтып алды. Осы «олқылықтардың» салдарынан қоғам депрессиялық-дағдарыстық жағдайда болды. Бұл ретте халықтың еңсесін көтеру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «әділет» ұғымына баса назар аударып, оны президенттік қызметіне тұғырлы ту етті. Осыған байланысты ендігі жерде ел дамуының түбегейлі жаңа бағыты экономикалық жағынан өте тиімді, әлеуметтік жағынан барынша әділетті болуы басшылыққа алынды.

Осы жағымды өзгерісті қа­пер­ге ала отырып, саяси эконо­мия маманы, ғалым ретінде әзір­леген «Ауыл» бас кластері ‒ Қазақ­станның жарқын дамуының локо­мотиві» атты жобамды бұрын­ғы Мемлекеттік хатшы Қ.Көшер­баев­қа екі жыл бұрын ресми кездесу кезінде табыстағанмын. Өті­ніш орындалған болуы керек, осы жоба бойынша Стра­те­гиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің басшыла­ры­нан 2021 жылдың 9 сәуірінде оң жауап алған едім. Сондықтан ауыл тағдырына бейжай қара­май­тын барша қауымға осы ғылы­ми-практикалық жобамды елі­міз­дің бас басылымы арқылы ұсын­ғанды жөн көрдім.

Кез келген әлеуметтік маңызы бар ұсыныс-жобаның ғылыми негіз­делуі – бұлжытпас шарт екені белгілі жайт. Сондықтан да атал­ған жобаның ғылыми-теория­лық негіздемелері ретінде бірнеше маңызды тұжырымдамаға жүгін­дік. Бұлар – «Адамзаттың орнық­ты даму тұжырымдамасы», «Ұда­йы өндіріс теориясы», «Халық­аралық экономикалық қатынастар теориясы», «Жұмылдыру экономикасы теориясы», «Кластерлік даму тұжырымдамасы». Бүгін­гі таңда біршама ұмытыл­ған осы кластерлік даму тұжырым­да­ма­сын автор өзі ұсынып отырған әзір­лемені іске асырудың тікелей әдісі, құралы, тұтқасы ретінде басшылыққа алады.

Не істеу керек? Біріншіден, бар­лық ұлттық кластерлердің іші­нен «Ауыл» бас кластері (АБК) деп аталатын бір бас (до­ми­­нантты) кластерді бөле-жарып айшықтау өте маңызды. Оған барша басқа кластерлер қосалқы клас­терлер (субкластерлер) ретінде жұмыс істеуі керек. Екіншіден, 10 ұлттық басымдықтың ішінен басты басымдықты бөліп көрсе­ту қажат. Ол – «Әділетті әлеу­мет­тік саясат» басымдығы. Үшін­шіден, 10 ұлттық жобаның іші­нен басты жобаны анықтау керек. Оған «Агроөнеркәсіптік кешен» (АӨК) жобасын ұсы­на­мын. Біздің ұсынысымыз Прези­дент­тің «Агроөнеркәсіптік кешен – Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық сала» деген пікірімен толық сабақтасып жатыр.

Енді «Ауыл» бас кластерінің құрылымы және оны жүзеге асыру реті қандай деген сұраққа келейік. «Ауыл» бас клас­терінің құрылымы мен жал­пы жұмыс істеу реті төменде берілген конус тектес кескіндемеде айқын көрсетілген. Сегіз қырлы конустың басында ауылшаруашылығының, бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің өзегі, ал егер кеңірек алсақ, ұлттық эко­номиканың және тұтастай қо­ғам­ның іргетасы ретінде «Ауыл» орналасқан.

Конустың сегіз бүйірі «Ауыл» бас клас­теріне қызмет жасап, жұмыс істейтін сегіз қосалқы клас­тер­леріне сәйкес келеді. Олар мыналар: «Жол» қосалқы клас­тері, «Электр жарығымен, газбен жабдықтау» қосалқы клас­тері, «Сумен жабдықтау» қо­сал­қы кластері, «Ауыл құры­лы­сы» қосалқы кластері, «Ауыл­ша­руашылығы техникасы» қо­салқы кластері, «Ауыл­шаруа­шы­лығы өндірісі» қосал­қы клас­тері, «Ауыл­шаруа­шы­лығы өнім­де­рін сақтау, өңдеу, жеткізу» қо­сал­қы кластері. «Ауылдың әлеу­меттік және адами капиталы» қо­сал­қы кластері.

«Ауыл» бас кластері өзінің барлық қосалқы кластерімен «синергия қағидаты» бойынша, яғни бір бағытта бірлесе үйлесімді әре­кет етуі қажет. Сонымен қатар ол ұлт­­тық басымдықтардың, ұлт­­­­тық жобалардың барлық ма­ңыз­ды элементін қандай да бір жол­мен өзіне «бағынышты» да «тә­­уелді» ете қабылдай отырып, өзінің жоғары мұраты мен асыл­ мақсатының толыққанды іске асы­рылуын қамтамасыз етуі тиіс. Осыдан бірнеше тұ­жы­­рым-ұсыныс туындайды: Қа­зіргі Ауыл шаруашылығы минис­трлігі Агроөнеркәсіптік кешен министрлігі (АӨКМ) болып өзгертілуі орынды; АӨКМ Стра­тегиялық жоспарлау және реформалау агенттігімен бірле­сіп, ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, Үкіметте бекіту мақсатында «Ауыл» бас кластері туралы ережені (немесе басқа құжатты) әзірлеуге тиіс; АӨКМ-ге оның міндеті ретінде «Ауыл» бас кластерінің қызметін бақылау және қадағалау (мониторинг), реттеу, түзету және үйлестіру жөніндегі барлық өкілет­тік бе­ріледі немесе АӨКМ-нің­ жетек­ші­лігімен ведо­мст­­воаралық үй­лес­тіруші ұйым (кеңес, комиссия) болуы шарт. Ал АБК-нің жұ­мы­сы­на жалпы жетек­шілік жүр­гізу Үкіметке (салалық вице-министрге) жүктелуге тиіс.

Осы бағытта «Ауыл» бас клас­те­рін оңтайлы да тиімді жүзеге асырудың құқықтық-заңна­малық, қаржылық, ұйымдас­тырушылық, ақ­па­рат­тық, басқарушылық инс­титуционалдық тетіктерін жарақ­тау – өз алдына бөлек әңгіме.

«Ауыл» бас кластерінен күті­летін нәтижелер қандай болмақ? Енді осыған тоқталып өтейік.

Экологиялық нәтижелер. Әлем­­­дегі озық экологияға бағыт­­тал­ған өндірістік және инфра­құ­рылымдық техноло­гия­лар­дың негізінде табиғат аялау­шы «Жа­сыл Қазақстанды» қалып­тас­ты­ру мүм­кіндігі туады.

Экономикалық нәтижелер. Қазақстанның барлық абсолют­ті және салыстырмалы артықшы­лық­тарын (ең алдымен орасан бай және алуан түрлі табиғи және ауылшаруашылығы әлеуетін) ұтымды пайдалануға негізделген және ең алдымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе құраушы, ресурс үнемдеуші, орнықты да синерготиімді ұлттық экономиканы қалыптастыру орын алады. Бұған қоса «акселерация» (жеделдету) және «мультипликация» (көбейту, ұлғайту) қа­ғидаты бойынша АБК елдің ұлт­тық экономикасының барлық басқа базалық құрылымдарын дамытудың жетекші локомотиві рөлін атқарады.

Әлеуметтік нәтижелер. Басын­да алдымен ауыл, содан кейін «муль­­тип­ликативтік (ілеспе-ұл­ғай­­ту) әсері» қағидаты бойынша барлық ауылдан тыс, соның ішінде еліміздің қала тұрғын­да­ры­ның, әлеуметтік тыныс-тірші­лігінің айтарлықтай жақ­саруы және өмір сүру сапасы мен дең­ге­йінің жоғарылауы орын алады.

Рухани-өнегелілік нәтижелер. Кіндігі, бесігі ауыл болып келген қазақ этносының байырғы рухани-өнегелік құндылықтарын жаңғыртуға жол ашылады.

Демографиялық нәтижелер. Ауыл­дың экологиялық-эконо­микалық, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық және рухани-өнегелік тұр­ғы­дан толыққанды дамуы ауыл еңбегі мен өмір салтының тар­тым­дылығын, беделін артты­ру­ға, сәйкесінше қазіргі мәжбүрлі эмиграцияны азайтуға және иммиграцияны күшейтуге, ретсіз урбанизацияны бәсеңдетуге оң әсер етеді.

Макроөңірлік нәтижелер. Гео­саяси, геоэкономикалық және геоаумақтық қатынастар аясында Қазақстан қуатты және негізінен өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекет ретінде халықаралық қаты­нас­тар жүйесінде біртіндеп нақты егемендікке ие болады.

Жалпыөркениеттік және жал­пымәдениеттік нәтижелер. Ұсы­нылған әзірлеме-жобаны тиімді жүзеге асыру, сайып кел­генде, әлемдік адамзат қауым­дас­ты­ғы­ның қазіргі және болашақ аясы мен көкжиегінде біздің отанымызды барлық жағынан бірегей және үйлесімді, өзінің абыройлы өткені, қиын-қыстау бүгінгісі және үміттенерлік гүлденген бо­ла­шағы бар қоғамға айналдыратынына сенемін.

Қорытынды ретінде мына­ны баса айтпақпын. «Ауыл» бас кластері қызметінің аталған болжамды нәтижелері өз кезе­гін­де тікелей және жанама түрде Президент қойған аса маңызды міндет – ұлт сапасын жақсартуға барынша оң ықпалын тигізері хақ.

 

Орақ АЛИЕВ,

«Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті,

ЭҒА академигі