• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҰЛ – МІНӘЖАТ! БҰЛ – ТАҒЗЫМ!

529 рет
көрсетілді

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жа­сына суарылған тарихы­мыз­дың шерлі беттерінің бірі бо­лып саналады. Әкімшілік-жа­за­лаушы жүйе еңбектеген сә­би­ді де, еңкейген кәріні де, бол­мысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі бо­рышымыз – осы қанқұйлы жыл­дардың оқиғасын, оның жа­зықсыз құрбаны болған аза­мат­тардың есімдерін ұмыт­пау, оларды мәңгі есте сақтау. (2007 жылы 31 мамырда “АЛЖИР” мемориалдық мұражай-кешенінің ашылуында сөйлеген сөзінен). 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні БОЛАШАҒЫ ЗОР ЕЛ БОЗДАҚТАРЫН ОСЫЛАЙ ҚҰРМЕТТЕЙДІ 27 мамырда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының бір тобымен кездесу өткізген еді. Олардың арасында кезінде еліміздің аумағындағы лагерьлерде отырғандардың ұрпақтары – кешегі одақтас республикалардан, бүгінгі тәуелсіз елдерден арнайы шақырылғандар да болды. Кездесу соңында олардан осы зұлматқа қатысты ой-пікірлерін сұрап білген едік. ҚАЗАҚСТАНМЕН БІЗДІ ТАҒДЫР БАЙЛАНЫСТЫРҒАН Павел ВОРОБЬЕВ, И.М.Сеченов атындағы медицина академиясының профессоры, Ресей ғылым академиясының академигі. Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыруға байланысты атқарылып жатқан іс-шаралардан жақсы хабардармын. Астанаға жүрер алдында оларды тағы бір еске алып, ой елегінен өткізген болатынмын. Осында келіп, “АЛЖИР” кешенін аралаған кезде мүлде басқаша тебіреністі бас­тан кешірдім. Өйткені, менің әжем Ханна Самойловна Мар­тин­сон осы лагерьдің біраз жыл тұт­қыны болған. Осыдан он жыл бұрын Қа­зақ­станға тағы бір келіп қайтқан едім. Қазақстанға жиі-жиі келуімнің себебі, мұнда әжемнің ізі қалған. Сол жағдай мені қазақ даласына тартады да тұрады. Ал әжем Ханна Самойловна алғашында “АЛЖИР”-де тұтқында болды. Одан кейін До­линкада жұмыс істеді, одан соң Өскемен қаласында балалар ауруханасын ұйымдастырды. Он жыл бұрын Қазақстанға келгенім, “АЛЖИР”-де болғаным әлі күнге көз алдымда. Сол шақта онда мұражай ретінде сақталған  екі-үш шағын ғана үй болатын. Оларды жалғыз әйел күзетеді екен. Ал кеше барғанымызда, мүлде танымай қалдық. Ауқымды ғылыми кешен болып қайта жаңартылған. Міне, бұл Қазақстан басшылы­ғы­ның саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын есте қалдыру үшін жүзеге асырған шараларының нәтижесі деп білемін. Өкінішке қарай, Ресейде мұндай жұмыстар әлі қолға алынған жоқ. Мен Ресей аумағын жиі аралаймын. Сонда олардан саяси қуғын-сүргінде құрбан бол­ған­­дардың жерленген жерлерін сұрастырамын. Ешкім білмейді, белгісіз. ЖАЛҒАСТЫРЫП ӘКЕТСЕ, ЖАҚСЫ-АҚ БОЛАР ЕДІ Ефим ПИВОВАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Кеңестер Одағының құрамында болған республикалардың барлығы саяси қуғын-сүргін зардаптарын тартты, көптеген ірі тұлғалар түрмеге жабылды. Атылғандары да, қиян шетке жер аударылғандары да аз емес. Бұл – барлығымызға ортақ қасірет. Оған кінәлі кім? Тарихшы ретінде айтайын, оған сол кезеңдердегі билік кінәлі. Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын есте қалдыру – барлығымыз­дың міндетіміз. Білуімше, Қазақ­стан­нан өзге елдерде нақты шара­лар жөнді қолға алынып жатқан жоқ. Қазақстан Президентінің игі істерін ТМД елдері әрі қарай жал­ғастырып әкетсе, жақсы-ақ болар еді. Мұны айтып отырған себебім, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына ТМД мемлекеттерінің басшылары үнемі қолдау көрсететінін жақсы білеміз. Кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы саяси қуғын-сүргінде қаза тапқан­дардың жерленген жерлерін іздес­тіру, онда ескерткіштер орнату, конференциялар өткізу алдағы уақытта да жалғасатындығын атап өтті. Оларды есте қалдыру мақса­тында Алматыда, Шымкентте, бас­қа да қалаларда ескерткіш-мұра­жайлар ашылған екен. Кездесуде менің алдымда сөйлеген “Қарлаг” жобасының ғылыми жетекшісі Нұрлан Дулатбеков мырза саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнал­ған 15 томдық кітап шығаруды қолға алыпты. Бұдан басқа мем­лекеттер үлгі алса деймін. Өйткені, ол болашақ ұрпақ үшін қажет.