Петропавл қаласында Ұлттық ұлан академиясының базасында республикалық полиция офицерлеріне арналған оқу-жаттығу жиындары аяқталды.
Жаттығуға еліміздің түкпір-түкпірінен келген полиция басқармалары мен бөлімдері бастықтарының саяси істер жөніндегі және кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары қатысып, бір апта бойы біліктілігін арттырды. Барлығы 114 орынбасар біліктілігі арттырылғаны жөнінде сертификаттар алды.
Оқу-жаттығу сабақтары Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың бақылауында болды. Ұлттық ұлан академиясында оларға кәсіби деңгейін арттыру бойынша оқыту курстары ұйымдастырылды. Басшы құрамның офицерлері жас кездерінде өткерген әскери өмірге бір сәт оралып, казармада тұрып, сарбаздық өмірдің қатаң тәртібін, саптық дайындығын және асханасын естеріне түсірді. Академияның мәжіліс залында оларға ІІМ оқу орындарының үздік оқытушылары дәрістер оқыды.
Бастық лауазымындағы тұлға жеке құрамға қойылатын барлық талапты өзіне де қоя білуі қажет. Сондықтан оқу-жаттығу жиындарының басынан бастап курс тыңдаушылары күйзеліске төзімділік, көшбасшылық қасиеттерінің деңгейін тексеру үшін психологиялық тестілеуден өтті. Сабақтарда кадр саласын цифрландыру, ІІМ оқу орындарында кадр даярлаудағы жаңашылдықтар, жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының педагогикалық негіздері, қызметте полиция қызметкерлеріне кездесетін психологиялық проблемаларды шешу жолдары және басқа да өзекті тақырыптар қарастырылды. Кадр қызметкерлеріне көптеген міндет жүктелген. Полицияның барлық қызметінің тиімділігі, отансүйгіштік деңгейі мен қызметкерлердің кәсіби тұрғыда өсуі, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал көбіне білікті кадрлық шешімдерге байланысты.
Оқу-жаттығуға қатысушы офицерлерге үлкен мәдени бағдарлама да әзірленіп, академияның шығармашылық ұжымы ұйымдастырған тақырыптық кеш, СҚО Полиция департаментінің музейіне және Абылай ханның музей-кешеніне экскурсиялар ұйымдастырылып, «Қазбат» әскери-патриоттық көркем фильмі көрсетілді. Осы іс-шаралар сабақтармен қатар өткізілді. Өйткені бұлар да патриоттық және саяси тәрбие жұмыстарының негізі.
«Ішкі істер органдарында кадрлық және тәрбие жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге арналған жиындар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін арттыру, полицияның сервистік моделін енгізу, сондай-ақ халықтың полицияға деген сенімін, кадрларды даярлау сапасын арттыру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде өткізілді», дейді ІІМ кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.
Академия плацында сертификаттарды салтанатты табыстаудан кейін оқу орны бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Ілияс Сағындықов сөз алды. «Курстың мақсаттарының бірі – оқытудан бөлек, үй-жайда бірге тұрып, топ болып жұмыс істеудің тәжірибесін үйрету. Осы арқылы полиция қызметкерлеріне бөліністердің жұмысының күрделілігі мен тиімділігін көрсеткіміз келді. Белгілі бір жағдайларда барлық тапсырманы орындай алуы үшін бөлімшеге практикалық дағдыларды үйретуге басымдық берілді», деді ол.
ПЕТРОПАВЛ