• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 26 Қаңтар, 2023

Экологияның өзекті мәселелері талқыланды

366 рет
көрсетілді

«Amanat»-тың Партиялық бақылау комитетінің отырысында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату, қала ауасын жақсарту мәселелері және экология саласындағы өзге де өзекті проблемалар қаралды.

Комитет төрағасы Артур Платонов еліміздегі 3 019 қоқыс полигонының тек 633-і немесе 21%-ы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай келетінін жеткізіп, отырысқа қатысушылардың назарын осы мәселеге аударды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, ғарыштық мониторинг рұқсат етілмеген 5683 қоқыс үйіндісін анықтады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар рұқсат етілмеген полигондардың 72%-ы жойылғаны туралы есеп бергенімен, келтірілген сандардың шынайылығы әлі де күмән тудырады.

«Әкімдіктер рұқсат етілмеген полигондарды жою жұмысына қатысты дәйексіз деректер ұсынып отыр. Мәселен, ғарыштан түсірілген суреттерде Астана қаласының аумағындағы 115 қоқыс үйіндісінің көзі жойылмағаны көрініп тұр. Қоқыс бұрын қалай жатқан болса, қазір де солай жатыр. Шымкентте – 11, Түркістанда – 33, Атырауда 48 қоқыс төгетін орын бар. Келтірілген деректердің көп бөлігі расталмады. Қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты да бірқатар мәселе туындап жатыр. Елорда әкімдігі қаладағы қалдықтардың 75-80%-ы қайта өңделетінін мәлімдеді. Алайда полигонда, сұрыптау кешенінде болып, қоқыс мұндай көлемде қайта өңделмейтініне көз жеткіздім. Әкімдік бұл көрсеткіштерді қайдан алып отырғаны мүлдем түсініксіз», деді Зүлфия Сүлейменова.

Жалпы, полигондардың басым көбісін­де қалдықтарды көму технологиясы сақталмайды. Сондай-ақ жою қорлары құрылмаған және салмақ өлшеу жабдығы мен сүзгіге қарсы экрандар да жоқ. Бұған қоса, келіп түскен қалдықтарға дози­метриялық қадағалау жүргізілмейді.

«Елімізде экология ұзақ уақыт бойы көзге көрінбейтін, қолға ұстауға келмей­тін абстрактілі, екінші дәрежелі мәселе ретінде қабылданып келді. Алайда ол ел тұрғындарының денсаулығына тіке­лей әсер етеді. Бұл жайт Экология минис­тр­­лігінен бастап, жер-жерде қасақана қарсылық жасалып жатқандай әсер қалдырады. Жалған мәлімет беруге бола ма? Қай өңірдің болсын ұсынған дерегі шындыққа жанаспайды. Жоқ, әлде кейбір адамдар қоқыста өмір сүргенді ұната ма?», деді Артур Платонов.

Отырысты қорытындылай келе, комитет төрағасы партиялық бақылау комис­сияларының алдағы жұмыс бағытын айқындады. Яғни ол азық-түлік, дәрілік заттар және жанар-жағармай бағасын бақылап отыру мақсатында құрылған 216 мониторинг тобының, сонымен қатар, «Amanat» партиясының Сайлауалды бағ­дар­ламасын іске асыру аясында салы­нып немесе қайта жөнделіп жатқан нысандардағы партиялық бақылау бекет­те­рінің нәтижелі тәжірибесін айрық­ша атап өтті.

Осыған байланысты, комиссияларға өңірлердегі осы жұмысты әрі қарай жалғастырып, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында да партиялық бақылау бекеттерін ашу, ал мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын коммуналдық қызметтер тарифі саласына тарту тапсырылды.

«2022 жылғы тамыздан бастап 493 партиялық бақылау бекетін ұйымдас­тырдық. Олар, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылымның проблемалық нысандарында ашылды. Бұл бастама партия­ның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жұмысына бірден серпін берді. Жалпы, партиялық бақылау бекеттерінің арқасында 207 нысан мерзімінде тапсырылды. Мұндай бекеттер енді жылумен және сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ су бұру нысандарында ашылуы тиіс»,  деді Артур Платонов.

Бұған қоса, өңірлердегі партиялық бақылау комиссиялары жуырда су тасқы­ны­на қарсы дайындық жұмыстары бойынша отырыс өткізулері тиіс. Сондай-ақ барлық гидротехникалық құрылыстардың, оның ішінде ГЭС-тің, бөгеттердің және өзге де нысандардың жай-күйін тексеру қажет.