• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 29 Қаңтар, 2023

Жалғас – бастауыш сынып мұғалімі

880 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктен бергі уақыт ұзаған сайын ұлт ұлыларының үндестігін ұрпаққа танытудың өзектілігі күшейе түспесе, кеміген емес. Әсіресе орыс тілінде білім алатын оқушылардың санасына қазақтың рухани қазынасын құюға мектептерде мән беріле бастағаны қуантады. Осы көштен табылған Жалғас Қабылбеков – бүгінде бастауыш сынып ұстазы ретінде көзге ерекше түсіп отырған жас маманның бірі.

Жалғас Керекудің №30 орта мекте­бін­д­егі орыс сыныбына сабақ береді. Ертіс ауданындағы Қызылқақ ауылының түлегі «Мұғалім мамандығын оқушы кезімнен жақсы көрдім, өзім үшін бұл қиын әрі қызықты жол еді», дейді. Мектептен кейін орта оқу орнын аяқтап, туған ауылына барып екі жыл еңбек еткен соң Павлодарға қоныс аударды. Қылшылдап тұрған жас әрі әлеуеті мол маман екенін байқаған мұндағылар бас­тауыш сынып мұғалімі болуға бірден шақырыпты.

– Менің алдымдағы ағаларым мен әпкелерім кезінде мектептерде ер-аза­мат­тардың көп болғанын жиі әңгіме­лей­тін. Кейінгі уақытта оқушылардың тәрбиеден шығып бара жатқанын қо­ға­мымыз ер ұстаздардың азайып кет­кенімен байланыстырады. Расында, солай шығар. Әсіресе бастауыш сынып­тарға сабақ беруге өзім шамалас жігіт­тер­дің тартыншақтайтынын түсіне ал­маймын. Бастауыштағы балалардың зе­й­нін ашу – әлемдегі ең асыл іс. Отбасыңызда жетіліп келе жатқан ер балаларыңызға білім ордасында тек нәзік жандар ғана сабақ үйреткенін қа­лар ма едіңіз? Өз басым олай ойламаймын. Сондықтан балаларды жастайынан ермінезділікке баулу, Бауыржан мен Қасым аталарымыздың батырлық істерімен рухтандыру біз секілді ер ұс­таз­дардың өмірлік миссиясы болуы керек, – дейді Жалғас Бекежанұлы.

Бір қызығы, мектептегі ер мұғалім­дер­дің жас толқыны қазіргі күні тізе қосып, тәрбие мәселесінде жоғары нәти­же­ге қол жеткізудің жолын бірлесіп іздеп жатыр. Ол үшін төрт жас маманнан тұ­ра­тын мектептің шығармашылық фокус тобы құрылыпты. Жалғастан бөлек, бұл топқа – тарих мұғалімі Мұхаммед-Рахым Қалымов, көркем еңбек мұғалімі Данияр Шамбулов және аға тәлімгер Архат Сейсембаев мүше. Негізі білім беру саласына қандай да бір жаңа әдіс­тер, тың технологиялар енгізілсе де, оқы­ту мен тәрбиелеудің мәні бірдей болып қалады. Яғни ұстаздар өскелең ұрпақты өмірге тиімді әрі саналы азамат етіп дайындауға тиіс. Барлық өзгерістің соңында оқушының келешегі тұрғанын ұмытпауымыз керек. Оларға заманауи білім беру, практикалық дағдылары мен іскерлігін дамыту, белсенді болуға үйрету, алған дағдыларын іс жүзінде қолдана білуге жұмылдыру, тағысын-тағы толып жатқан міндеттер бар мұға­лім алдында. Шығармашылық фокус тобы осы бағыттарда еңбектеніп жатыр.

– Жаңа тәсілдерді енгізудің маңыз­ды­лығы мен қажеттілігін ескере отырып, біз әр сабақты зерттеуге зейін қойдық. Бұл бізге оқу барысында оқу­шы­лардың өзін қалай ұстайтынын, са­бақ­тар арасындағы айырмашылықты байқауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, оқушылардың, ата-аналардың, қоғам­­ның қажеттіліктерін барынша қана­ғат­­тандыру жолдарын жоспарлауды мең­гердік. Бір-бірімен тығыз ынты­мақ­тастықта жұмыс істей отырып, жаңа идеялармен байыта отырып, озық тәсілдерді қолданамыз. Мүмкін­дік­­терімізді бағалап, тың шешімдерді өзі­міз қабылдай алатын деңгейге жет­тік. Бұған қоса біз зерек және дарынды оқушыларға білім беру тәсіліне жаңа көзқараспен қарау үшін зерттеу сабақтарын өткізуді қажет деп санадық. Бұл сабақтар дарындылықты ерте анық­таудың оңтайлы тәсілдері мен алуан түрлерін табуға көмектеседі. Әрине, бұл – ұзақ мерзімді жоба. Қазіргі заманда оқыту жүйесі бір орында тұрмайтыны белгілі, – деп ой бөлісті жас маман.

Жалғас екі тілді де еркін меңгерген. 2-сыныптың оқулықтарындағы мәлімет­тер­ден бөлек, қосымша қызықты ақпа­раттарды әзірлеп, оқушыларға күн­делікті сабақ барысында ұсынады екен. Мәселен, орыс әдебиеті оқулы­ғында Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Сәкен Сейфуллиннің, өзге де ұлт ағартушылары мен ақын-жазу­шылардың өлең-жырлары бар. Балаларға тұлғалар жайында қызықты деректерді айтып, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жа­йында әңгімелейді. Мұның барлығы – нәтижесіз емес. Балалар өздерінің естіген, оқыған ақпараттарымен бөлісіп, ізденгіштіктерін танытып жатады дейді ұстаз.

Бір ғажабы қазіргі жастардың ұстаз мамандығына қатысты идеалы өзгерген. Олар үшін ұстаздық – мәртебелі маман­дық қана емес, жаңашыл әрі ұлағат иесі. Ал Жалғас секілді әлеуеті зор жас кадрлар өз мамандығының абыройын асыруға түрткі болып отырғандай көрі­не­ді.

 

Павлодар облысы