Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) 500 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы активі «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына нарық талаптарымен инвестицияланбақ. «Бәйтерек» алғалы отырған БЖЗҚ қаражаты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларға несие ретінде бағытталмақ. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және бөлінген қаражаттың игерілуі Үкімет деңгейінде бақыланады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі – Қазақстан экономикасын орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін институт. Холдингтің қызметін Үкімет тікелей бақылайды. Холдинг – бағалы қағаздар нарығында сенімді қарыз алушы, оның орнықты қаржылық көрсеткіштері мен халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары кредиттік бағалары бар. Мәселен, «Бәйтеректің» Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі деңгейінде тұр және тұрақты», деп хабарлады Ұлттық банк.
БЖЗҚ зейнетақы активтері «Бәйтерекке» нарықтық кірістілік бойынша қайтарымды негізде берілмек. Жоғарыда аталған инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын инвестициялық табыс әкеледі, сондай-ақ ел экономикасының нақты секторын одан әрі дамыту мен жаңғыртуға елеулі қолдау көрсетеді деген сенім бар.
– Биыл біз БЖЗҚ зейнетақы активтерін әртараптандыруды, оның ішінде валюталық позицияны шамамен 30 пайыз деңгейінде ұстап тұру есебінен жалғастырамыз. 2016 жылдан бастап зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 17 пайыздан 2019 жылы 33 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылды. Зейнетақы активтерінің қазіргі мөлшерін және олардың жыл сайынғы өсімін ескере отырып, активтердің осындай едәуір көлемін басқару портфельді тиісті түрде әртараптандыруды талап етеді. Бұл инвестициялардың географиясы мен қаржы құралдарының тізімін кеңейтуге, инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңдегі кірісін арттыруға мүмкіндік беретін валюталық позицияны қолдауды да қамтиды, – дейді Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері – 14 621,89 млрд теңге. 2022 жылдың басынан бері БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі 914,1 млрд теңге болды. Бірақ бұл кіріс алдыңғы кезеңдердегі орташа мәндермен салыстырғанда төмендеп, 6,55 пайызды құрап отыр. Мұны Ұлттық банк өкілі (жылдық инфляция көрсеткішінен 3 есе төмен) әлемдегі екіұшты геосаяси және экономикалық жағдаймен түсіндіреді.
Былтыр зейнетақы активтері бойынша кірістің 6,55 пайыз, яғни инфляциядан 3 есе төмен болып қалғанын (инфляция бізде қазір – 20,3 пайыз) жоғарыда айтып өттік. Ал БЖЗҚ активтері бойынша нақты кіріс минус 13,75 пайыз болып кеткен. Қор таратқан мәлімет бойынша, кірістің бұлайша теріс мәнге ие болуына сыртқы басқарудағы құралдардың сәтсіздігі себеп. «Құнды қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кіріс, оның ішінде орналастырған салымдар бойынша және «кері РЕПО» операциялары және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен табыс 720,78 млрд теңге болды. Шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кіріс – 223,31 млрд теңге, басқа кірістер – 11,81 млрд теңге. Ал сыртқы басқарудағы құралдар 149,86 млрд теңге көлемінде шығынға ұшырады. Инвестициялық кіріске геосаяси факторлар зиянын тигізді», деп хабарлады қор.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов зейнетақы активтері бойынша кірістің бұлайша құлдырауынан аса қатты қауіп-қатер көрмейтін сыңайлы. Оның пікірінше, қысқа уақыт ішіндегі көрсеткіштер басқарудың тиімділігі үшін баға беруде жеткіліксіз.
– БЖЗҚ-ның зейнетақы активі ұзақ мерзімді инвестициялық горизонтпен сипатталады. Сәйкесінше, оларды инвестициялаудың басты мақсаты – ұзақ мерзімді кезең ішінде нақты табысқа ие болу. Соңғы бес жылда БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі 56,8 пайыз болды (жинақталған инфляция 51,4 пайыз болғанда). Тұтастай алғанда, БЖЗҚ-да зейнетақы активтері шоғырланғаннан кейінгі кезеңде (2014 жылғы сәуір – 2022 жылғы тамыз) жинақталған инфляция 101,4 пайыз болғанда зейнетақы активтері бойынша жиынтық кіріс 113,2 пайызды құрады, яғни оң нақты кіріс қамтамасыз етілді, – деді Ғ.Пірматов былтыр күзде.
Экс-депутат Аманжан Жамалов БЖЗҚ-да дұрыс стратегия жоқ деп сынға алды. «БЖЗҚ-да тиімді инвестициялық саясат жоқ деп сенімді айтуға болады. Қор активінің 44 пайызы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған және БЖЗҚ-ның негізгі табысы тағы да бюджет есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Сөйтіп олар бюджеттің мойнына мініп алды деуге толық негіз бар. Өйткені басқа құралдар кіріс әкеліп жатқан жоқ. БЖЗҚ басқаруында 14 трлн теңге бар. Бұл – Қазақстанның жылдық бюджетіне тең сома. БЖЗҚ-ның өзі мемлекеттік ұйым бола тұра, оның құрылымы жабық әрі түсінікті емес. Миллиардтаған кірістер мен шығыстар бюджет процедурасы мен Есеп комитетінің бақылауынан шығып кеткен», деді А.Жамалов.
БЖЗҚ-ның инвестициялық кіріс бұрын да арагідік сынға ұшыраушы еді, енді кірістілік көлемі инфляциядан мүлде алыс қалғаннан кейін азаматтардың сенімі одан әрі құлдырайтын түрі бар. Ұлттық банк пен Үкіметтің жоспарлауынша, биыл қазақстандықтар өздерінің зейнетақы активінің 50 пайызын жеке басқаруға бере алады. Алайда қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқарып отырған бірде-бір жеке компания жоғары табыстылық көрсетіп отырған жоқ. Жоғары табысты былай қойып, БЖЗҚ-ның кірістілік мөлшеріне жете алмай отыр. 2022 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, «Halyk Global Markets» АҚ-ның кірістілігі – 4,15 пайыз, «Jusan Invest» АҚ – 3,73 пайыз, «BCC Invest» АҚ – 2,74 пайыз және «Сентрас Секьюритиз» 2,18 пайыз болған. Инвестициялық компаниялардың жеке басқаруында жатқан зейнетақы жинағының жалпы сомасы 8,88 млрд теңге болса, соның 4 млрд теңгесі «Jusan Invest»-ке тиесілі.