• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Үкімет 31 Қаңтар, 2023

Бизнеске теріс әсер ететін талаптарға «Реттеуші гильотина» әдісі қолданылады

447 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бүгінгі таңда реттеудің барлық 44 саласы қаралғанын, 2 823 нормативтік-құқықтық актіге талдау жасалғанын баяндады. Нәтижесінде мемлекеттің жаңа реттеуші саясатының шарттарына сәйкес келмейтін бизнеске қойылатын 10 108 талап анықталды. Осыған байланысты өткен жылдан бастап заңға тәуелді актілер аясында оларды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған ұқсас процесс заңнамалық өзгерістер бөлігінде де жүреді.

Сонымен қатар реттеу салаларын талдау қорытындысы бойынша Smart Data Ukimet платформасында кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылды, ол реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісі қолданылатын болады. Ол кәсіпкерлерді талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатуды қарастырады.

Сонымен қатар министр 2022 жылы мемлекеттік бақылаудың 35 саласы автоматтандырылғанын, мемлекеттік органдардың 16 ақпарат жүйесі Smart Data Ukimet-ке интеграцияланғанын айтты. Қалған 35 саланы автоматтандыруды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлікті реттеу салаларын талдау жұмысына бизнес-ортадан 100-ден астам сарапшы тартылғанын хабарлады.

Премьер-министр бизнеске әкімшілік жүктемені азайту үшін барлық реттеуші актілер бойынша ауқымды талдамалық жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

«Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар тізілімі жасалды. Оны біз қажет кезде қайтадан қарап, реттеп отыратын боламыз. Бұл жерде «Атамекен» палатасы белсенді рөл атқаруы тиіс. Яғни, орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мемлекеттік бақылау жүйесінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқанын да айтып өтті. 35 салада бұл жұмыс аяқталды. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға мүмкіндік береді.

«Жалпы «таза парақтан» реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне бірінші кезекте, мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінулері керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, атқарылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Премьер-министр бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету, заңға тәуелді актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату және бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін айтып өтті.

Одан бөлек, Әлихан Смайылов ашықтықты арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын алушыларды іріктеу рәсімдерін одан әрі автоматтандырудың, сондай-ақ әкімдіктер мен министрліктер тарапынан өндірістің, инфрақұрылым мен электр энергиясының негізгі факторларына тең қол жеткізу бойынша жаңа бизнес-жобаларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.

Соңында Үкімет басшысы мемлекеттік органдарды кәсіпкерлердің өтініштері бойынша жедел әрекет етуге шақырды.

«Жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, салықтық әкімшілендіру, сәулет және қала құрылысы салаларында шағымдар саны көп. Жұмыстың жаңа белсенді форматына көшіп, бизнес жиі көтеретін проблемаларды шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», деді Әлихан Смайылов.