• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Бизнес 31 Қаңтар, 2023

Кәсіпкерлікке не кедергі?

499 рет
көрсетілді

Мемлекеттің басты саясатының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті экономиканың жетекші саласына айналдыру. Бұл орайда кәсіп иелерін қолдауға баса мән беріліп отыр. Алайда кәсіпкерлердің адымын аштырмайтын кедергілер әлі де азаяр емес. Неге?

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау өңірлік филиалының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың дерегіне сүйенсек, өткен жылы кәсіп­керлерден 301 өтініш түскен. Оның ішінде 118 өтініш шағын және орта бизнесті қорғауға көмек сұраумен байланысты болған. Ал 54 өтінішке сәйкес жүргізілген жұмыстың қоры­тын­дысы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Енді тағы 10 өтініш әлі де қаралып жатыр.

– Біз кәсіпкерлерден түскен өтініштің бәріне талдау жасадық. Талдауға сәйкес өтініштердің 16 пайызы – сәулет, құры­лыс және қала құрылысы, 14 па­йызы – жер қатынастары, 13 пайызы – экономика, қаржы, мемлекеттік сатып алу, ал 12 пайызы салық және өзге де мәселелерді қозғаған. Осыған байла­нысты өткен жылы кәсіпкерлердің құ­қығын қорғау жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізілді. Отырыстарда жүйелі сипат алып отырған 22 мәселе қаралды. Оның ішінде 14 өтініш бизнес иелерінің пайдасына шешілді. Біздің бастамамыз бойынша кәсіпкерлерге кедергі келтірген үш лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, екі лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Н.Сүйінбаев.

Оның айтуынша, өңірлік филиал былтыр бизнесті сервистік қолдау үшін төрт бағытта 840 қызмет көрсетіпті. Бұлар – бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есептілікті жасауға, заң мәселелері мен конкурстық (тендер­лік) рәсімдер, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларын алу­ға, маркетинг мәселелеріне қатысты қыз­меттер. Ал аудандардағы кәсіп­кер­лерге қызмет көрсету орталық­тарында консультанттар 1 812 клиент­ке мемлекеттік бағдарламаларға қа­тыс­ты 5 мыңнан астам кеңес берген. Сон­дай-ақ орталықтардың маркетологтері 267 бизнес-жоспар әзірлеп, оның ішінде 900 млн теңгенің 75 жобасы қаржыландырылған. Осындай нақты іс-әрекеттің нәтижесінде 150-ге жуық жұмыс орнын құруға жол ашылды.

Өткен жылы «Атырау Атамекен Бизнес Қолдау» микроқаржы ұйымы арқылы 668,2 млн теңге игерілді. Мұн­дай қомақты қаражат «Бастау Биз­нес» бағдарламасы түлектерінің жоба­­ларын қаржыландыруға бағыт­тал­ған. Қаржыландырылған жобалар­дың ең көбі 412,6 млн теңгенің 26 несиесі Атырау қаласының кәсіп­керлеріне тиесілі болып отыр. Ал қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданында кәсіп бастағандар 177,3 млн теңгенің 17 несиесін алған.

Өңірлік филиал директорының мәліметіне қарағанда, мұнайлы Аты­рауда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысында ілгерілеу байқалып отыр. Былтырғы наурыздан бері жұмыс істейтін орталықта 505 әйел тіркелген. Оларға кәсіп бастау үшін 1 700-ден астам кеңес берілген. Ал 325 әйел Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларында өткен республикалық онлайн оқытуға қатысып, арнайы сертификатқа ие болған. Орталықта 50 әйел салалық мамандықтар бойынша оқытылған. Тәлімгерлік сабақты 12 әйел алса, 10 нәзік жан жұмыс істеп тұрған бизнестің тиімділігін анықтау үшін бағалау жүргізген.

Дегенмен өңір кәсіпкерлері әлі қолбайлау болатын кедергілердің аз емесін жасырмайды. Мәселен, электр қуатымен жабдықтау мәселесіндегі қиындық ауылшаруашылығы саласын дамытуға кедергі келтіріп отыр. Шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездескен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаровтың айтуынша, бұл мәселе бірінші рет емес, ұдайы көтеріліп келеді. Кәсібін ауыл шаруашылығымен байланыстырғандар төрт түлік үшін салынған қора-жай­да, фе­р­маларда электр қуатының жоқ­тығы­на шағымданады. Өйткені электр желісіне қосылу құны да, тарифі де қымбат.

Құрманғазы ауданында тұратын кәсіпкер Гаухар Болатбаеваның дерегі­не жүгінсек, мұнайлы өңірде заң­ды тұлғалар үшін электр энергиясының тарифі қосымша құн салығынсыз сағатына 1 киловатт үшін 33,65 теңгені құрайды. Бұл – еліміздегі ең жоғары тариф. Ал Алматыда заңды тұлғалар сағатына 1 киловатт электр энергия­сына 25,03 теңге, Астанада – 26,38 тең­ге, Маңғыстау облысында 28,86 тең­ге төлейді. Орташа есеппен алғанда елі­міздегі электр энергиясының тарифі Атырауға қарағанда 30 пайызға төмен.

– Шағын және орта бизнес иелері үшін ең өзекті мәселенің қатарында электр энергиясы тарифінің жоғары­лығы бар. Біз облыс әкімімен кездесу­де де бұл мәселені көтердік. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Кәсіпкерлер пайданың көп бөлігін электр энергиясы үшін төлей­ді. Ал басқа төлемдерді қалай өтеуге болады? Біздің облыста басқа аймақ­тар­мен салыстырғанда тариф неге жоғары? – дейді Гаухар Болатбаева.

«Атырау Энерго Сату» ЖШС директоры Тұрлан Дошатов облыс­та бизнеске арналған тарифтер ең жоғары екенін жасырған жоқ. Алайда жеке тұлғалар ең төмен тарифпен төлейді.

– Сараланған тарифті қолдану есебінен заңды және жеке тұлғалар үшін тарифтер арасындағы айырмашылық 74 пайызды құрайды. Осыған байланысты 2021 жылдың қазан айында Үкіметтің қаулысы шыққан еді. Соған сәйкес бұл айырмашылықты кезең-кезеңімен төмендету және 2025 жылға қарай сараланған тарифті жою жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2023 жылы бұл айырмашылықты екі есеге төмендету жоспарланған. Яғни жеке тұлғалар үшін тариф электр энергиясының сағатына 1 киловатт үшін 12,51 теңгені, заңды тұлғалар үшін 29,93 теңгені құрайды. Алдағы 2024 жылы бұл тарифтер тиісінше 18,39 теңге және 26,42 теңге болады. Ал 2025 жылы заңды және жеке тұл­ғаларға сағатына 1 киловатт электр энер­гиясы үшін 24,52 теңге мөл­шерін­де бірыңғай тариф белгіленеді, – деп хабарлады Тұрлан Дошатов.

Міне, Атырау облысындағы осын­дай қымбат тариф шаруа қожа­лықтары­на жетекшілік етіп отырған кәсіпкер­лер­ді әбден титықтатқан. Шаруалар­дың пікірінше, электр энергиясымен қамтамасыз ету мен тарифті төмендету мәселесі оң шешімін таппаса, ауыл­шаруашылығы саласын дамыту қиынға соғады. Тіпті жылдар бойы тарифтің қымбаттығынан электр желісіне қосыла алмай, жұмысын бастамаған, электр­мен жабдықтау қыз­метіне байланысты шығынға ұшы­рауға мәжбүр болған шаруа қожалығы аз емес.

– Менің шаруашылығым Атырау қаласының маңындағы Қайыршақты ауылдық округінде орналасқан. Өткен жылдың маусым айынан бері ша­руашылықты электрмен жабдық­тау желісіне қосу туралы мәселені көтердік. Бұл мәселені облыс әкімімен кездесуде де айттық. Комиссия келіп, біздің учаскелерімізді қарады. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Бізден 500 метр қашықтықта Атырау мұнай өңдеу зауытына қарай электр желілері өтеді. Қазір электр қуатынсыз отырған 10-ға жуық шаруа қожалығы бар. Бәріміз үшін электр қуатына қосылу үлкен проблемаға айналды, – дейді «Ербол» шаруа қожалығының жетекшісі Ербол Ахметов.

«Жиенгари» шаруа қожалығы да осындай қиындықтан құтыла алмай отыр. Қожалық жетекшісі Айтолқын Досжанова 2017 жылдан бері түрлі органға жүгінгенімен, осы кезге дейін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін таппаған.

– Шаруа қожалығым өзен бойында орналасқандықтан, электр қуатына қосылу қымбат болады деп сылтау айтты. Дегенмен біздің жанымызда бекіре өсіретін зауыт бар. Екінші, жаны­мызда ферма орналасқан. Екеуі де электр қуатын пайдаланып отыр. Бізге тек қағаз жүзінде жауап береді. Мәсе­лемізбен танысуға ешкім келмеді, – деп налиды Айтолқын Досжанова.

«Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Ғұбашевтың түсіндіруіне қарағанда, электр желісіне қосылу нүктесінің қашықтығына байланысты шағым көп түседі. Өйткені жақын маңдағы электр желілері толық қуатын­да жұмыс істемейді. Бастапқыда ауқым­ды электр қуатын беретін желі­­лерді құру үшін қолданыстағы құры­лыс нормалары мен қағидаларына өзгеріс енгізу қажет.

– Біздегі шаруа қожалығына барып, жағдайды түсіндірдік. Шаруа қожалығына жақын ең жақын нүкте – Еркінқала ауылы. Осыған байланысты техникалық шартты жібердік. Шаруа қожалығы су қоймасына жақын орналасқандықтан, онда арнайы талаптар бар. Мәселені әкімдік арқылы шешу керек. Рұқсат алса, біз электр желісіне қосуға дайынбыз, – дейді Мейірбек Ғұбашев.

Ал құрылыс саласында табыс тауып жүрген кәсіпкерлерді тендерді өткізу мерзімінің ұзаққа созылатыны алаңдатады. Қазақстан құрылысшылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Эльдар Мұханбетжанов­тың айтуына қарағанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру кезінде жаңа дәуірдің стандарттарына сәйкес жаңа білім беру нысандары салынуы керек. Бұл – апатты мек­тептер, үш ауысымдық оқыту, оқушы орындарының тапшылығына қатысты мәселелерді жоюдың басты шарты. 2023-2025 жылдарға есептелген жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі – 2,6 трлн теңге. Елімізде осынша мол қаржы жұмсалатын тың жобамен жаңадан 300 мектеп салынатыны жоспарланған.

– Бәріміз де жас ұрпаққа сапалы білім берілгенін қалаймыз. Алайда ең өзекті мәселенің бірі оқушы орнының тапшылығын жоя алмай отырмыз. Мәселен, Атырау облысында мектептің жетіспеушілігінен, не орынның аздығынан 14 мың оқушы сапалы білім ала алмай отыр. Бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 58 мыңға өсетіні деп болжанып отыр. Енді «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 12 мектеп бой көтереді. Жобаның бас бірыңғай операторы – «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ. Бұл ретте мектеп салуға жер учас­келерін беруге және оларды инф­ра­құрылыммен қамтамасыз етуге жер­гілікті атқарушы органдар жауапты деген шарт бар. «Самұрық-Қазына Констракшн» жеңілдетілген шарттар бойынша тендер өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені мерзімнің шектеулі екені анық. Алайда жергілікті әкімдіктер сатып алуды «ашық конкурс» тәсілімен жүргізуге мәжбүр. Бұл көп уақытты қажет етеді. Мұндай жайт жобаны іске асыруды баяулатуы мүмкін, – дейді Эльдар Мұханбетжанов.

Әр өңірде жайлы мектептің көбей­геніне, әсіресе, оқушылар қуанар еді. Осы орайда жергілікті атқарушы орган­дар тарапынан жобаны белгіленген мер­зімде іске асыруға мүдделілік қажет-ақ.

– Жаңадан салынатын тоғыз мектеп үшін бөлінген жер учаскелерінің құжаттары дайын тұр. Ал үш мектептің құрылысына арналған құжаттары ресімдеу сатысында екенін айта аламын. Біздің міндетіміз – жұмысты тезірек аяқтап, білім нысандарын «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ балансына беру. Мәселе инфрақұры­лым­ды кім және қалай жүргізетініне бай­ланысты туындап отыр. Егер біз мерді­герді ашық конкурс арқылы анық­тайтын болсақ, онда уақыт аз. Сон­дықтан біз Атырау облысының кәсіп­кер­лер палатасынан, «Самұрық-Қазы­на Констракшн» АҚ-дан көмек сұрай­мыз. Қысқа мерзімде тендер өткізу үшін арнайы қаулы қажет, – дейді обл­ыстық құрылыс басқармасы басшы­сының орынбасары Мереке Зинуллин.

 

Атырау облысы