• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 31 Қаңтар, 2023

Бақылауды автоматтандыру – бизнесті қорғау

344 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру барысы, министрлер мен әкімдердің 2022 жылы қазақстандықтармен кездесулерінің қорытындысы туралы мәселелер қаралды.

«Таза парақтан» реттеу

Бірінші мәселе бойынша сөз алған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазіргі таңда реттеудің барлық 44 саласы қаралғанын, 2 823 нормативтік-құқықтық актіге талдау жасалғанын баяндады. Нәтижесінде мемлекеттің жаңа реттеуші саясатының шарттарына сәйкес келмейтін бизнеске қойылатын 10 108 талап анықталды. Осыған байланыс­ты өткен жылдан бастап заңға тәуелді актілер аясында оларды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мұндай үдеріс заңнамалық өзгерістер бөлігінде де жүріп жатыр. Сонымен қатар реттеу салаларын талдау қорытындысы бойынша Smart Data Ukimet платформасында кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылды. Ол реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісі қолданылады. Ол кәсіпкерлерді талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатуды қарастырады.

– Жұмысты дұрыс ұйымдастыру үшін былтыр үйреншікті әрі тексерілген тәсіл ұсынылды. Аталған тәсіл бойынша реттеудің әрбір саласындағы жұмыс топтары түзетулер әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне жинақтауға жолдайды. Қазіргі уақытта министрлік бірыңғай пулды қалыптастыру мақсатында 15 сала бойынша түзетулер жинақтап алды, 17 сала бойынша түзетулер әлі күтілуде, – деді Ә. Қуантыров.

Министрдің айтуынша, кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі Цифрлық үкіметті қолдау орталығының базасында құрылған және Smart Data Ukimet платформасында іске қосылған. Тізілім – реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін, кәсіпкерлік ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік беретін міндетті тетік. «Биыл бақылаудың қалған 35 саласын автоматтандыру жоспарлануда. Осыған байланысты Smart Data Ukimet базасында автоматтандырылған жүйенің толыққанды жұмыс істеуі мақсатында мемлекеттік органдардан жетекшілік ететін ақпараттық жүйелерден базаны өз көрсеткіштерімен толтыру талап етіледі», деді Ә.Қуантыров.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, қазіргі таңда Үкімет пен бизнес бірлесіп, бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау жұмыстарын аяқтады. «Атамекен» Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, бұл жұмысқа аса белсенді қатысты. Нәтижесінде нормативтік-құқықтық актілердің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін қажетті жобалар, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша заңнамалық түзетулердің кезекті пакеті, талаптарды қайта қарау үшін әдістемелік материалдар әзірленді. «Біздің сарапшылар қайта қарауға қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен бизнес-сарапшыларды оқыту және оларға кеңес беру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізді. Жұмысқа бизнес-қоғамдастықтың 100-ден астам сарапшысы тартылды», деді Р.Баталов.

Оның айтуынша, жыл бойы жұрт­шылық арасында жаңа реттеуші саясаттың негіздерін жариялау бойынша кең ау­қымды медиажұмыс ұйымдастырылды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде осы тақы­рып бойынша 1 200-ден астам хабарлама жарияланған. Палата сайтында реформа туралы барлық ақпарат инфографика түрінде орналастырылатын тұрақты қо­сымша бет бар.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр бизнеске әкімшілік жүктемені азайту үшін барлық реттеуші актілер бойын­ша ауқымды талдамалық жұмыс жүр­гі­зілгенін атап өтті. «Осы жұмыстар­дың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар тізілімі жасалды. Оны біз қажет кезде қайтадан қарап, реттеп отыратын боламыз. Бұл жерде «Атамекен» палатасы белсенді рөл атқаруға тиіс. Яғни орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мем­лекеттік бақылау жүйесінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді іс-шаралар қа­был­данып жатқанын да айтты. 35 салада бұл жұмыс аяқталды. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға мүмкіндік береді. «Жалпы «таза парақтан» реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне бірінші кезекте мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінулері керек», деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, атқа­рылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Премьер-министр бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақтылы қабылдануын қамтамасыз ету, заңға тәуелді актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату және бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ ашықтықты арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын алушыларды іріктеу рәсімдерін одан әрі автоматтандырудың, сондай-ақ әкімдіктер мен министрліктер тарапынан өндірістің, инфрақұрылым мен электр энергиясының негізгі факторларына тең қол жеткізу бойынша жаңа бизнес-жобаларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдарды кәсіпкерлердің өтініштері бойынша жедел әрекет етуге шақырды. «Жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, салықтық әкімшілендіру, сәулет және қала құрылысы салаларында шағымдар саны көп. Жұмыстың жаңа белсенді форматына көшіп, бизнес жиі көтеретін проблемаларды шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», деді Ә.Смайылов.

 

«Халықпен кездесу» индикаторы

Министрлер мен әкімдердің 2022 жылы ел тұрғындарымен кездесулерінің қорытындысы туралы баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі былтыр министрлер мен әкімдер 216 жеке қабылдау өткізгенін мәлімдеді. Бүгінде мемлекеттік функция­ларды монополиясыздандыру арқылы азаматтардың мәселелерінің едәуір бөлігі жергілікті деңгейде шешіліп жатыр. Алайда жұртшылық арасында ведомство­аралық пысықтауды талап ететін бірқатар мәселе де жоқ емес.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Ауыл шаруашылығы және Ұлт­тық экономика министрліктері сияқты өзге де мемлекеттік органдар ауқымды жұмыс жүктемелеріне қарамастан, тиімді қызмет атқаруда. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының «Орталық атқа­рушы орган басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы мен Үкімет қаулысы аясында, азаматтардың мәселелерін шешуде әкімдіктерге елеулі қолдау көрсетуде. Көшпелі кездесулер аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша министрлер 216 жеке қабылдау өткізіп, 1 498 азаматтың арыз-шағымын тыңдаған. Кездесуде 1 679 мәселе көтеріліп, оның 1 241-і немесе 74 пайызы шешілді. Ал 438-і мемлекеттік органдардың орындауында.

Д.Қыдырәлі азаматтар мен БАҚ ми­нистрлердің өңірлерге сапары жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланбайтынын, ха­лықтың көбінесе хабарсыз қалатынын айтты. Кестеге сәйкес 2022 жылға 227 кез­десу жоспарланған екен. Оның 55-і бірін­ші жартыжылдыққа, 172-сі екінші жар­тыжылдыққа межеленген. Нәтиже­сінде былтыр (мамыр-желтоқсан кезеңінде) барлығы 212 кездесу өткізілді. «Министр­лердің халықпен кездесулеріне жүр­гі­зілген салыстырмалы талдау жұмыс­тары екінші жартыжылдықта кездесу қар­қы­ны екі-үш есе өскенін көрсетті. Жал­пы, халықпен кездесу өткізуге вице-ми­нис­­трлерді де тарту кестеде көрсеті­л­ген мін­деттерді 1 айға жетпейтін уақытта атқаруға мүмкіндік берді», деді Д.Қыдырәлі.

Ведомство басшысы мемлекеттік орган­­дардың ашықтығын бағалау әдісте­месіне «Халықпен кездесу» атты жаңа ин­дикатор енгізілгенін жеткізді. Енді министрлердің халықпен кездесуі мен оның нәтижелерін ведомство бағалайтын болады. Д.Қыдырәлі халықпен кезде­су­лер­дің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныс­тарын айтты.

– Біріншіден, Мәдениет үйлерінде және Орталық коммуникациялар қыз­ме­тінің алаңдарында ғана халықпен кез­десумен шектелмей, азаматтардың өтініш­терінде көрсетілген проблемалық мекенжайларға барып, жағдайды көзбен көрген абзал. Екіншіден, министрлердің өңір­лерге сапарын тек орталық атқарушы органдардың сайттарында ғана емес, жергілікті деңгейде де жариялауды қамта­масыз еткен жөн. Үшіншіден, министр­лермен қатар, вице-министрлер мен ведомство төрағаларының да өңірлерге шы­ғуы қажет, – деді ол.

Мәселені қорытындылаған Пре­мьер-министр сұрақтар негізінен тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық, құры­лыс, ауылшаруашылығы және жер қаты­нас­тары, сондай-ақ баға мәселесіне қатысты екенін атап өтті. «Олардың басым бөлігі министрлердің халықпен кездесулерінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде шешілді. Ал қалған мәселелер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілді», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, олардың кейбіріне заңнамалық өзгерістер, қосымша қаржыландыру немесе басқа ведомстволардың шешімдері қажет. Сондықтан Іс-қимыл жоспарларына енгізілген мәселелерді уақтылы шешуді қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар Ә.Смайылов бірқа­тар ми­нистрліктердің басшылары кездесу­лерді алдын ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырып, қорытындысы бойынша арнайы брифингтер өткізгенін айтты. Ал кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ. «Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кездесу өткізілуге тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуға тиіс», деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, бү­гінде әкімдердің кездесулері жаңа форматта өткізіледі. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99 пайызы шешімін табады. Бұл орайда, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы оң тәжірибені атап өтуге болады. Ал Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тұрғындардың проблемасын шешу көрсеткіштері төмен.

Сондай-ақ Ә.Смайылов «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін аза­мат­тардың өтініштеріне қарайтын болсақ, басқаша жағдай қалыптасып отырғанын атап өтті. 2022 жылы осы жүйе арқылы 1,7 млн-нан астам адамның өтініші қаралған. Оның 82 пайызы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. «Өткен жылдың екінші жартысында азаматтардың жергілікті билікке жолдаған арыздарының саны 16 пайызға артқан. Бұдан көтерілген проблемалардың бір бөлігі жергілікті жерлерде шешімін таппағанын көреміз. Сондықтан азаматтар өз мәселелерін «е-Өтініш» жүйесі арқылы шешуге мәжбүр болған. Алматы және Астана қалаларында, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында шағымдар саны көп», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, тұрғындар құрылыс, көлік және коммуникация, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бо­йынша мемлекеттік органдар қабылдаған әкімшілік актілерге, олардың әрекетіне немесе әрекет етпеуіне қатысты көп шағым айтады. «Сондықтан әкімдіктер жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруы қажет. Сонда электронды жүйе арқылы арыздардың азайғанын көреміз», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы әрбір орталық және жергілікті атқарушы органдар бойынша мәселелер картасын әзірлеуді, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізуді, сондай-ақ кездесулердің өтетіні туралы алдын ала хабарлап, өткен шаралардың қорытындысы туралы кеңінен жариялауды тапсырды. «Қазақстандықтар ең күрделі деген мәселелердің шешу жолдары барын көруге тиіс», деді ол.