• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2010

“ЭКСПО – 2010” Дүниежүзілік көрмесі

810 рет
көрсетілді

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ПАВИЛЬОНЫ

Астананың сипаты мен сәулетін асқақтатты

Әлемдік әмбебап додаға Қазақстан да қызулылықпен кірісіп кетті. Бұрын па­вильон­ды жалға алып, жасауын жаятын елі­міз бұл жолы 1240 шаршы метрге өз қо­лы­мен құрылыс салып, қонысын бекем қон­дырды. Атам қазақтың киіз үйінің керегесі мен шаңырағы сонадайдан қылаң беріп, сезім қылын шертердей. Бауырына жа­нас­ты­рылған “Бәйтеректің” ұшар басында ба­қыт құсы қалықтап жүргендей... Қазақстан Үкі­метінің басшысы Кәрім Мәсімов 31 сәу­ір­де бұл айтулы көрменің ашылу салта­на­ты­на жиырма мемлекет жетекшілерінің сана­тында қатысқанда да тәуелсіз мемле­ке­ті­міздің өрлеу тетіктерін дөп басып баяндап, ел болашағынан келелі сыр суыртпақтаған. Сонымен, Қазақстанның ұлттық павильо­ны­ның өресі қандай? Көз сынынан өткізелікші. Көршіні таңдамайды десек те, Жапония мен Оңтүстік Кореяға иықтаса, қанаттаса орын тепкен Қазақстан павильоны құтты жер­ге келісті түскендей болып, көңіл ор­нық­­тырады. Әр елдің тоқсан қатпар болмы­сы­нан бір қарағанда-ақ өзіндік сыр түй­гізетін павильондардың сыртқы пішіні әп дегенде жақұт ерекшеліктерімен көзге жы­лыұшырай қалғанымен, бірден тылсымын аша қой­майды. Міне, өз босағамыздан оң аяғы­мызбен аттадық... Қазақстанның ұлттық павильоны өзіндік атаулы мәнімен жеті аймаққа бөлінген екен. Бәрін аралап шыққан көрермен қана­ғаттанары хақ. Мысалы, “Таным аумағын” алсақ ше? Астана қаласы туралы жинақ­талған мәліметтер тасқыны байтақ елдің таныстырылым қақпасы дерлік. Сан қырлы технологиялық тетіктер көмегімен еліміздің көне дәуірінен бастап бүгінге ұласқан же­місті жолдарын, қызықты да қилы тағдырын әркім талғаммен талғап, саралай алады. Ал, “Интерактивті ойын-сауық” айма­ғына кірген адам ел мен елорда тұтастығын одан әрі тарихи деректермен байыта түседі. Мұнда Астананың табыстары, болашақ мүмкіндіктері визуальді ақпараттармен ай­шықталған. Қазақстанның интерактивті картасы бейнеленген көпқырлы экран­дар­дан елдің ғажап та таңсық көріністерін тамашалауға болады. Экрандарға көз салған келушілер еліміздің көпұлтты халқының тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен, әр өңірінің таңдай қақтырарлық табиғатынан, әрине, Астана хақындағы мәліметтерден таңсықтық аңсарын басатындай. Сырт көрермендер үшін екінші қабатта орналасқан “4D– кинотеатр” аймағы те­легей-теңіз тылсымына қанықтыра тартып жөнеледі. Мұнан Қазақстанның нақты әле­мін тереңірек танып білуге мүмкіндіктер зор. Жоғары сапалы бейнематериалдар легі аса талғамды көркем толғауларға ұласып, көкейді түрткілеген не бір сұрақтарға жауап ұсынары кәміл. Қазақ халқы қандай климаттық жағдайда өмір сүріп жатыр екен? Мұны білмекке ынтызарлықты “Қыс” аймағын аралағанда сәл-пәл басуға болар-ау. Елдің төрт бұры­шында түрліше құбылып, түрленетін әрқа­лай райлы қаһарлы қыс әсем Астанаға қан­дай мейірім танытар? Қапырық ыстықтан қорғалақтап ішке кірген таңырқаушы адам бір сәт қыс көрінісін қызықтап қана қой­май, жанға жайлы қоңыр салқын лептен нағыз құрсаулы табиғаттың ызғарын нақпа-нақ сезінетіндей. Жас Астананы көруге деген іңкәрлік өзінше бір құлшынысты оятады. Бүгінде қай тілде болсын жиі естіліп қалатын “Қазақ­стан. Астана. Назарбаев” тіркестеріне таңғала алмайсыз. Өйткені, бұл ұғымдардың мә­ні ажырамастай боп, құрыш бітімге айналып кеткелі қашан. Осындай ыстық аңсармен “Ас­тана алаңы” аймағына бас сұққандар би­ік­тігі 18 метрлік “Бәйтерекке” тамсана қа­рап, құмарынан шығады. Және де кәдім­гідей алуан түске боялып, мың құбылып жа­нар суырады. “Мені көр де Астананы елес­тет, байтақ еліммен етене таныс бол”, – деп ма­ңайына жар салып, паңданып тұрғандай ма? Сіз енді бірте-бірте павильон қызығын тәмамдауға да тақап қалдыңыз. Ондай се­зімге “Жұмсақ мінбер” аймағына келгенде, ықтиярсыз бөленесіз. Қазақстанмен қош­тасып қалайын дегендей, қимастықпен алабұрта түсесіз. Бұл аймақ негізінен дем алу, көңіл көтеру, манадан бергі миға жи­­наған дерек-мәліметтерді сұрыптап, сапа­ластырып, “не білдім, не көрдімге” тиянақ іздерлік әрі сүйінішті сабырлылыққа ұласқан мезеттік байсал күй кештіреді. Әне, қазақ әндері әуелеп, күйлері күмбірлеп жүректерге нұр боп құйылды. Даласы қандай кең болса, өнері де сондай еркін екеніне, бұғалықсыз тұлпардай адуынды екпініне екінің бірінің көзі жеткендей. Ескерткішке суретке түсіп, еңселеніп кеткен қонақтарда есеп жоқ. Әсерлі шақ – шекарасыз әлем. Енді біреу­лер түрлі-түсті жарықпен әрленіп, әсем­ден­ген әлем картасынан астаналар шоғырымен “жүздесіп” жайдарман күйге енген. Келу­ші­лердің лезде білдірген лебіздері немесе жа­зып қалдырып жатқан пікірлері тайға таңба басқандай болып экраннан бедерленіп тұр. Бізбен ере түсіп, көрме қызығына еліт­кен­дей күй кешкен оқырмандарым, сәл шы­да­саңыз, павильон саяхаты әне-міне сар­қы­лып та қалыпты. Оны “Сый-жоралғы дү­кені” аймағына бас сұққанда айқын сезі­не­сіз. Көз арбап, құмарлық алауын маздатқан не сан сәнді бұйымдардың қайсысын қалар едіңіз? Еркіңізде. Лықсып тұр таңдауың. Ұлттық нақышты, мінсіз шеберлік қол­таң­балары қай ұлттың төрінде тұрса да, тұла бойы тұнған танымымен тарта түсер өзіне. Қол өнерінің қайталанбас құйылымдарын айтсайшы. Қызығып сатып алған музыкалы диск дорбаңда жатып-ақ қазақ жырын жырлап қоя беретіндей күпінтіп жібереді... ...Шуы басым Шанхайдың келісті төріне жайғасқан Қазақстанның ұлттық павильоны осындай-осындай қызықтарымен жан баурайды. Павильондар... Бірімен бірі иек­тес­кен, дара бітімді, сирек кескінді олардың өзіндік “үміті” де жоқ емес. “ЭКСПО- 2010” көрмесінен соң арнаулы комиссияның елеп-екшеуінен сыр бермей өткен ұлттық па­вильон­дар Қытаймен мәдени алмасулар базасы ретінде біржола тұрақты көрілімге қызмет етпек екен. Мұндай мүмкіндіктен Қазақстан да дәмелі. ... Боқырауға дейін қызығы мен шыжығы тарқамайтын Қоянды жәрмеңкесіндей, жарты жыл бойы көрерменнің жарғақ құ­лағын жастыққа тигізе қоймайтын шан­хай­лық көрмелер додасында, 5 маусымда, қазақстандық павильонның экспозициялар базасы негізінде республикамыздың Ұлттық күні аталып өтіледі. Сол ұлыстың ұлы күнін­де жолығысқанша, әлеумет! Қайсар ӘЛІМ – Шанхайдан.