АСТАНА. 17 маусым. Бразилияның Салвадор қаласында чемпионаттың G тобындағы Германия және Португалия құрамалары арасындағы ойналған ойын немістердің айқын басымдылығымен аяқталды. Есеп – 4:0. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
«Неміс мәшинесі» шешуші шақтарда әрдайым тастүйін қалыпқа түсіп, ыңғайы келіп жатса, алдына келген кім-кімді де таптап өте шығатынын осы жолы тағы да анық танытты. Оның диірменіне түсіп кеткен Криштиану Роналду мен оның әріптестері үшін бұл барынша сәтсіз күн болды. Олардың ірі есеппен жеңілгендері өз алдына, оның сыртында жетекші қорғаушысы алаңнан қуылып, тағы екі ойыншысы жарақат алып қалды. Португалдар қарсыластарына барлық жағынан ұтылды. Олар өздеріне тән ойынның ешбірін көрсете алмады. Олар немістердің алдында футболды жаңа үйреніп жүрген тәліптердің кейпін көрсетті.
Матчтың басынан Йоахим Лёв футбол қауымдастығын өзінің старттық құрамымен қатты таң қалдырды. Ойынның қарсаңында неміс журналистері алғашқы минуттардан алаңға Лукас Подольски мен Андре Шюррленің шығатындарын бір ауыздан жария еткен еді. Бірақ жеме-жемге келгенде, негізгі құрамда бұлардың екеуі де болмай шықты. Олардың алаң төрінде орындарына Марио Гетце мен Месут Озил жайласты. Ал Паулу Бентуге келсек, оның Роналдуге оңтайлы орын қарастырылған схемасында ешқандай бір құпия болған жоқ.
Кездесудің басын «бундестим» өз активіне жазды. Бүкіл алаңның билігін бірден өз қолына алып алған Германия құрамасы бірнеше шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Олардың бірінде тіпті бұрыштамадан доп та берді. Бұдан кейін португалдар алға ұмтылды. Осы шабуылдың өтінде жүрген Роналду бірер соққы жасап та көрді. Бұдан ары екі жақтың алма-кезек шабуылына кезек келді. Соның бір сәтінде португал қақпашысы Руй Патрисиу өз қақпасына доп кіріп кетуіне себепші бола жаздады. Оның лақтырған добы таяу маңдағы Хедиренің аяғына барып сарт етті. Оны алған Сами бірден ахуалды пайымдап, дарбазаға қарай зуылдатты. Құдай сақтағанда, оның атқан снаряды бағанның дәл жанынан зу ете түсті. Бірақ бұл сәттілік екі минутқа ғана созылды. Соның артынша айып алаңына кірген Гетцені Жоау Перейра жерге ала жығылды. Серб төрешісі Милорад Мажич ойланбастан 11 метрлік нүктені көрсетті. Оны Томас Мюллер мүлтіксіз орындады – 1:0. Сөйтіп, немістер 11-минутта алға шықты.
Таймның ортасы ауа германиялықтар қарқынды ептеп бәсеңдетті. Осыны пайдаланған қарсы жақ тізгінді өз қолдарына ала бастады. Алайда, оларды қақпаға тікелей соққы жасап, қауіп шақыратын өткірлік жетіспей жатты. «Еуропалық бразилиялықтар» көбіне алаң ортасымен шапқылаумен болды. Мұндай сылбыр ойынды байқаған немістер бір кезде тағы да қауырт қимылға ерік берді. Алдымен Тони Кроос алаңның түкпір жағынан қарсыластар айып алаңындағы Месут Озилге керемет пас жеткізді. Ал Озил әріптестері жетуін күтіп тұрды да, жүгіріп жеткен Гетценің алдына допты көлбей тастай салды. Бірақ оның соққысы алдынан шыға келген Перейраға тиген доп артқы аутқа кетті. Осыдан кейін берілген бұрыштама «бундестим» үшін кезекті голмен аяқталды. Бұрыштан Кроос жөнелткен допқа Матс Хуммельс бұрын жетіп, басымен солқ еткізді. Гол! Матчтың 32-минутында есеп осылай 2:0-ге жетті.
Кездесудің 37-минутында португалдардың қарсыластарына әлдеқандай қарсылық көрсете алуының соңғы мүмкіндіктерін жұлып әкеткендей оқиға орын алды. Олардың Пепе атты ойыншысы Мюллерді тыйым салынған тәсілмен тоқтатты. Онымен де қоймай, қарсыласына жүгіріп барып, оны басымен бір соқты. Осыдан кейін алаңдағы арбитрдың бұзақыны алаңнан қуғаннан басқа амалы қалмады. Бұдан кейін Мажичтің тағы португалды – Фабиу Контрауды да алаңнан қууына әбден болатын еді. Ол допқа талас кезінде Хедираны шынтағымен қасақана бетінен соғып жіберді. Ал үзілістің дәл алдында Йоахим Лёвтің шәкірттері үшінші голды да түсіріп, кездесудің қорытындысын толық шығарып қойғандай болды.
Кездесудің екінші бөлігінде ойынның көрінісі көп өзгерген жоқ. Ал бұдан да күйрей жеңілуі мүмкін екенін сезген Паулу Бенту бұл кезеңде қорғанысты күшейте түсуге күш салды. Дегенмен, екінші таймның басы бей-жай басталды. Португалдар өздерінің үрей құшағында жүргендерін білдірмеуге тырысты. Немістер болса, бұрынғысынша алға өршелене ұмтылуды қойды. Бірақ бұл салыстырмалы тыныштық тым ұзаққа бармады. 51-минутта Озил ойыннан тыс қалу шегінде тұрған сәтінен алға атылып, Патрисиумен бетпе-бет келуге мүмкіндік алды. Бірақ бұдан оңды нәтиже бола қоймады.
Ойын соңғы төртінші гол соғылғанға дейін осындай ырғақпен жүріп жатты. Ақырында, 78-минутта Кроостың оң қапталға асырған добы кезекті голдың негізі болды. Ол жақтағы Шюррле допты сосын жерлетіп қақпашы алаңына жеткізді. Оны Патрисиу кері теуіп қайтарды. Міне, сол қайтқан доп Мюллердің аяғына топ ете түсті. Гол!
«Неміс мәшинесі» осылай өзінің нәті мықты екенін тағы танытты.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: Чемпионат.Ру.
Фото: Sportbox.ru.