АСТАНА. 17 маусым. Бразилияның Куритиба қаласында өткен чемпионаттың F тобындағы Иран және Нигерия құрамалары арасындағы кездесу бірінші рет тең нәтиже әкелді. Матч 0:0 есебімен аяқталды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Мұның алдындағы голға да, оқиғаға да бай ойындарға қарағанда, екі жақ та барынша сақтыққа ден қойған бұл кездесу көңілсіздеу көрінді. Әу басында бұл шайқастағы жеңістің құны өте жоғары саналған. Ол жеңген команданы екінші орынға шығуға мүмкіндік әпереді деп есептелді. Себебі, бірінші орынның Аргентинаға бұйыратынына ешкім шәк келтіре қоймаған. Нәтижесінде ешбір гол соғылмаған тең ойынға кезек келді. Ал мұның өзі енді Босния үшін таптырмас көрсеткіш болып табылады.
Кездесу негізінен Нигерия құрамасының басымдылығымен өтті. Соған қарамастан, оның шабуылшылары қарсы жақ бетке аса көп бара алмады. Бұған ирандықтар қорғаныс шебінің өте мұқият ойнағаны мүмкіндік бермеді. Дегенмен, үзіліске дейін африкалықтар сапындағы Виктор Мозес екі рет есеп ашатын сәттерді пайдалана алмады.
Үзілістен кейін Мозестің тағы бір соққысын парсы қақпашысы Алиреза Хагиги қайтарып үлгерді. Мұндай сәтті Карлуш Кейруштің шәкірттері де жіберіп алды. Айталық, Реза Гооханнеяд ұрған соққыдан өз қақпасын голкипер Винсент Эньеама қорғап қалды. Дегенмен, ойынның бұл бөлігі алдыңғыға қарағанда да, мамырақан қалыпта өтті. Сондықтан онда есеп ашылмауын заңдылық деп қабылдағанымыз жөн шығар.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: Чемпионат.Ру.
Фото: Чемпионат.Ру.