• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2014

«Биз – бир халқмиз»

393 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік қолға тигелі бері алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымызбен қауышу жиілей бастағаны белгілі. Оны еліміздің Алматы, Түркістан, Астана секілді ірі қалаларында өткен әлем қазақтарының 1992, 2002, 2005 және 2011 жылдардағы төрт құрылтайынан анық байқауға болады. Бұған қоса соңғы 10 жыл бедерінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей қолға алып ұйымдастыруымен өтіп келе жатқан кіші құрылтайлар мен достық фестивальдері тағы бар. Сөз орайында олардың Швецияның Вестерос, Германияның Берлин, Норвегияның Осло қалалары мен Моңғолияның Баян-Өлгей, Францияның Париж, Ресейдің Самара шаһарларында өтіп, ондағы жүзеге асқан мәдени іс-шаралардың диаспора жұмыстарын жолға қойып, жандандыра түсуге ықпал еткенін  айту ләзім. Үстіміздегі жылдың мамыр айының ортасындағы Өзбекстанда өтетін осындай басқосуға жиналғанда ойымызға міне, жоғарыдағы жайлар оралған еді. Ташкентке келіп түскен делегация өкілдері, біздерді әуежайда осындағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Марат Үкібаев пен Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы Нұрлан Мұсаев қарсы алып, жанындағы қандастарымызды таныстыра бастады. Олар осы достық фестивалін өткізуге тікелей жауапты: елшілік кеңесшісі Уәлихан Төреханов, кәсіпкер Дамир Қалдыбаев пен Өзбекстан­дағы ана тілімізде шығатын «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы Ғұламзәкір Юсупов және Ташкент қалалық қазақ мәдени орталығының қызметкері Зылиха Оразбаева мен еларалық «Алтын бесік» журналының тілшісі Марат Арынов сияқты қандастарымыз екен. Фестивальдің алғашқы іс-шарасы таңер­тең, қала орталығындағы «Жар» ста­дионында басталды. Біздер мұнда қос елдің бір кездегі ары мен намысы, жан­кү­йерлердің сүйіктісі бола білген «Қай­рат» және  «Пахтакор» командалары арда­гер­лерінің жолдастық кездесуіне куәгер болдық. Куәгер болып қана қоймай, матч жү­ріп жатқан кезде өзбек футболының 1960-1980 жылдардағы жарық жұлдыздары атан­ған Берадор Абдураимов пен Владимир Штерн және Төлеген Исақовты ста­дион­ның ішінен іздеп тауып, сұхбат алып үл­гердік. Адамдардан аяқ-алып жүргісіз мұн­дай у-ду жерде кімнің кім екенін танып білу мүмкін емес қой. Осы ретте «Өзбекфильм» акционерлік қоғамының қарт кинорежиссері Ғияс Шермұхамедовке  алғысымыз шексіз. Әріптесіміз жасының ұл­ғайып қалғанына қарамастан, толып жатқан баспалдақтармен ілгері-төмен тү­сіп жүріп, жоғарыдағы жампоздармен жолық­тырды-ау, әйтеуір. (Алдын-ала айтып қоя­йық, 1960-1977 жылдары «Пахтакор» коман­дасы сапында алаңға 358 рет шығып, осы көрсеткішке оның ізбасарлары әлі жете ал­май келе жатқан, КСРО-ның 1972 жылғы бірін­ші лигасындағы маусымда 34 доп со­ғып, одақтағы ең үздік футболшы атанған Бера­дор Абдураимовпен сұхбат газетіміздің таяу­дағы нөмірлерінің бірінде жарияланады деп жоспарлануда. Сонда бәрін айтатын боламыз әлі). Жә, сонымен достық фестивалінің беташары іспеттес «Қайрат» және «Пахтакор» командалары ардагерлерінің арасындағы матчта алдымен біздің жерлестеріміздің қақпа кілтін өзбекстандық С.Кодиров пен Р.Дурманов ашты. Содан соң «Қайрат» командасынан В.Вораговский қатарынан қос доп соғып, есепті 2:2 етіп теңестірді. Екінші таймда жаңа өзіміз сөз еткен Берадор Абдураимовтың «Пахтакорда» ойнайтын ұлы Азамат бірінен кейін бірі деп айтатындай «Қайрат» қақпасына үдемелетіп екі допты кіргізіп, алаң иелерін 4:2 есебімен алға шығарды. Осыдан кейін ышқына қимылдаған біздің жерлестеріміз С.Савич пен А.Құлшыбаев қарсы жаққа бір-бірден доп салып, есеп 4:4 болып тең аяқталғанда «уһ» дедік-ау  әйтеуір. Осы кезде алаңға Өзбекстан  Ұлтаралық мәдениет орталығының директоры Нуриддин Мухаммадиев пен қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Марат Үкібаев шығып, көрермендерге өз өнерін көрсеткен қос ардагерлер командаларының капитандары иығына  шапан жапты. Ташкенттегі біз сөз етіп отырған достық фестивалінің осы күнгі түске дейін өткізген тағы бір үлкен іс-шарасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел мәжілісі болды. Оны жүргізген Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Амангелді Мұқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатханға сөз берді. Шешен өзінің баяндамасында: «Бұл бізді биіктететін бағдарлама. Қысқа да нұсқа қағидалармен қашалған қуатты құжат. Мұнда егемен еліміз атқарар ауқымды істер мен алар асулар жөнінде қадау-қадау мәселелер қарымды ойлармен қамтылған», дей келіп: «Стратегиядағы сіздердің түсініктеріңізге лайық, ұғымдарыңызға жақын-ау деген төмендегі  тақырыптарға тоқталайын», деп Жолдаудағы мына ұйғарымдарға талдау жасады. Оның алғашқысы Қазақ елі, Қазақ мемлекеті ұғымдары мен Мәңгілік Ел идеясының бағдарламалық құжатта нақты анықтамалармен батыл айтылғаны. Екінші, мемлекеттік мәртебеге егемендіктің елең-алаңы, сонау 1989 жылдың күзінде ие болса да тұсаулы аттай кібіртіктеген қазақ тілін таққа отырғызар тұжырым. Бұл жөнінде Жолдауда: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, күнделікті қатынас тіліне айналады», деп нақты айтылған. Үшінші, демократиялық ахуал мен қазақстандық патриотизм туралы пайым. Стратегия жолдарындағы бұл мәселелерге уақыттың өзі әділ түрде жауап беруде. Олай дейтініміз, кеңестік кезеңдегі өзінің атымен аталатын елде өзі азшылыққа ұшыраған қазақ секілді халық сол кездегі 15 одақтас республиканың ешқайсысында болған емес. 1991 жылы тәуелсіздік табалдырығын 41 пайыздық көрсеткішпен аттаған біз содан бергі 23 жыл ішінде өсіп-өніп, 65 пайызға жетіп отырмыз. Республикамыздың Статистика агенттігі өткен жылы ғана Қазақстанның өз ішіндегі қандастарымыздың саны 11 миллион адамнан асқанын хабарлады. Бұған шетелдегі 5 миллион отандасымызды қосыңыз. 16 миллион қазақ! Демек, күшті, қуатты жас ұлтпыз. Мәңгілік Ел идеясын мұрат тұтқан мемлекетпіз. Оған жету үшін: «Ел ерлігі – бірлігі», деп Жамбыл баба айтқандай, ынтымақ керек. Бұл Стратегияда: «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», – деп өте дәл айтылған. Бү­гінгі таңдағы талап та, мақсат та міне, осы. Дөңгелек үстелдегі Ботагөз Уатханның осындай пікір-пайымдау тұрғысындағы ойларынан кейін мәжілісті жүргізуші Амангелді Мұқан келесі сөз кезегін Өзбек­стандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Марат Үкібаевқа берді. Ол кісі: «Маған Жолдаудағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ХХІ ғасырдағы, Қазақстандағы дін мәселесі, ол қандай болады деген толғақты тақырыпқа байланысты пайымдаулары қатты ұнады, – деп бастады әңгімесін. – Жасыратыны жоқ, қазір қазақ жұрты үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәсе­лесі өткір тұр. Өйткені, қазақстандық сайт­тар мен газет-журналдардан оқып қала­мыз, ел жастарының бір бөлігі өмірге сәй­кес келмейтін жалған діни ағымдарға көзсіз­дікпен баруда екен. Бұл – кемшілік. Ол неден туып отыр? Гәп қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге деген иммунитетінің әлсіздігінде. Елбасы мұны жасырмай айтып, Жолдауда онымен күресудің нақты тетік, тәсілдерін көрсетіп берген. Міне, бұл енді қиын түйінді тарқатып, күрделі жағдайды жеңілдететін жол. Ол мынаған саяды. Біз мұсылманбыз. Оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттеріміз. Бабаларымыздан қалған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Бірақ Қазақ елінде зайырлы қоғамның өркениетті ұстанымдары да бар екенін естен шығармауымыз керек.Сондықтан халқымыздың дәстүрлері мен мәдени өлшемдеріне сәйкес келетін сана қалыптасуы керек. Сонда ғана ол ақыл-ой күші ұрпақтарымыз бойына өзін-өзі ұс­тау ерекшеліктері үлгілерін сіңдіріп, хал­қы­мызды кешегі кезең деңгейіне емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге лайықтап, бейімдейді. Жолдаудағы біздің болмысымызға жақын деп айтарлық бірлік мәселесіне келсек, – деді бұдан кейін Марат Үкібаев, – онда мынадай мәнді де мағыналы сөз тіркестері бар. Қазақты еш уақытта сырттан жау алмаған. Қазақ, әсіресе, алауыздықпен әлсіреген. Күшейсе, бірлікпен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Елбасы өз Жолдауында осындай мәсе­ле­ні қадап айта келіп, халқымыздың тұтастығына жік түсіретіндей көлеңкелі жәйттерден сақтандырғаны қай қазақ баласына болсын сабақ. Ол – жершілдік пен рушылдықты уағыздап, бір атаның баласы екінші атадан артық деген пиғылдағы шежіре жасаушылыққа бой алдыру. «Бұлар ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі», деп атап көрсеткен Мем­лекет басшысы сөз болып отырған құжатта. Дұрыс ескерту, дұрыс сақтандыру. Тарихты білгеніміз жөн. Оның бір бұтағы – ата тек пен шежірені ұмытпауға тиіспіз. Бірақ бұларды бұра тартпай, осылардың түбін қуа келгенде қазақ деген ұлтқа барып тірелетінімізді естен шығармауымыз қажет. Сөз етіп отырған сала қадым заманнан халқымыздың бірлігін, тұтастығын әйгілеген. Ру, ата тек, шежіре қазір де сондай қызметті атқаруы керек. Өйткені, бұл қазақты бөлшектейтін емес, қайта біріктіретін ұғым. Бірлесіп өмір сүрейік. Құдай содан жазбасын. Сонда ел еңбегі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы өрелі болады. Дөңгелек үстел басындағы әңгімеде бұдан кейін де бірнеше адам сөйлеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Солардың ішінде, әсіресе, Қазақстандағы өзбек драма театрының директоры Икрам Хашимжановтың сөзі әсерлі шықты. Ол  Жолдаудағы Елбасының: «Біз – көпұлтты қоғамбыз. Сондықтан ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауы тиіс. Мемлекетімізде бәрі де тең. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы, жаман деген сөз жоқ. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептелуі керек. Өйткені, біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз», деген сөздер Қазақстанды мекендеп келе жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың ойларына дөп келіп, көңілдерінен шығып отырғанын ерекше атап айтты. Содан соң ол жоғарыдағы Президент қағидатының өмірде нақты көрініс тауып келе жатқанын Қазақ еліндегі өз қандастарының мәдени орталығы жұмысымен сабақтастыра айтып берді. Икрам Хашимжановтың сөзіне қарағанда, республикамызда 500 мыңға жуық өзбек тұрады екен. Бұл өздері өмір сүріп, еңбек етіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұлттардың ішінде сан жағынан қазақтардан кейін екінші, ал еліміз бойынша үшінші орындағы ұлыс деген сөз. Олардың балалары осы өңірдегі 143 мектепте өз тілдерінде білім алса, оның 57-і таза өзбек те, 86-ы аралас білім ұясы болып табылады. Бұларды жыл сайын бітіріп шығатын жеткіншектердің жоғары, арнаулы орта оқу орындарына түсуіне жол ашық дейді әңгіме иесі. Егер олардың арасында түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз болып жүрген оқушылар болса, ондай қабілет иелеріне Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті және өңірлік гуманитарлық институты арнаулы гранттар бөліп отыруды дәстүрге айналдырыпты. Бір ғана мысал, осы облыстағы өзбек балалары 8 жылда 84 грант алған. Ол орта есеппен әр жыл сайын 10-11 жолдама деген сөз. Ал бұл, яғни, грантқа қол жеткізген әр түлектің 5 жыл тегін оқуы сол отбасындағы бюджет үшін қаншама пайда десеңізші?! Міне, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында ұлтаралық қатынастар туралы жоғарыдағыдай адамгершіл ұста­ным­дарын ұдайы айтып, республика аума­ғын­дағы барлық этностардың мәдени ор­та­лықтарына  жақсы жағдайлар жасап келе­ді. Сондықтан да біз «Қазақстан-2050» Стра­­тегиясын қолдаймыз және оны бағдар­лама ретінде өз жұмысымызда қалтқысыз басшылыққа аламыз. Дөңгелек үстел мәжілісі біткеннен кейін «Теміржолшылар» сарайында қос халықтың достық фестивалі аясындағы келесі бір мәдени іс-шара – қала жұртшылығымен кездесу болды. Оны салтанатты түрде ашқан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Марат Үкібаев сөз кезегін Өзбекстан Ұлтаралық мәдениет орталығының директоры Нуриддин Мухаммадиевқа берді. Шешен фестивальдің белгіленген бағ­дарламаға сай өтіп жатқанына қанағат­тан­ғандық сезімін білдіре келіп, қос халық­тың арасындағы мәдени, рухани бай­ла­ныстардың тамыры тереңде екеніне тоқ­талды. Оны орнықтырып, беркіте түсуде сонау 50-60-70 жылдарғы екі елдің аға ұр­пақ өкілдері  Ғафур Ғұлам мен Сәбит Мұқанов, Айбек пен Мұхтар Әуезов,  Камил Яшен мен Ғабит Мүсірепов, Тураб Тула мен Әбділда Тәжібаев сынды тұлғалардың ерекше еңбек сіңіргенін, бүгінгі қауышу сол алтын арқаудың уақыт сынынан өткен берік тіні екенін әдемі айтты. Содан соң ол өзбек әдебиетінің көрнекті өкілдері Ұйғын мен Міртемір және Мирмухсиннің әрқайсысының әр жылдары «Қардош, қазағым!» деп қазақтарды бауырына, туысқанына балап, жеке өлеңдер арнағанын тебірене сөз етті. Ал өз кезегінде сөз алған Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин болса, әңгіме өзегін екі елдің қазіргі таңдағы қарым-қатынасы үйлесімді дамудың жаңа сапалық кезеңіне көтерілгенінен тарқатып, оған нақты мысал ретінде мынадай дерек-дәйектерді алға тартты. Экономикалық байланысқа келсек, бүгінде Өзбекстан аумағында қазақстандық қаржының қатысуымен 178 кәсіпорын жұмысын жүргізуде екен. Соның ішінде 143 бірлес­кен және 35 кәсіпорын 100 пайыздық Қазақ­стан бизнесі үлесінде болып шықты. Ал Қазақстанда 118 өзбек кәсіпорны әр­түр­лі салаларда жұмыс істейтіні айтылды. Өзара тату көршілестіктің маңызды шарты жоғарыдағыдай экономика және бизнес қоғамдастығында ғана емес, мәде­ни-гуманитарлық ынтымақтастыққа да қа­тысты екені белгілі. Бұл тұрғыдан қарағанда да көңілге қуаныш ұялайды. Оған мысал ретінде Ташкенттегі Төле би мен Нұра­тадағы Әйтеке би бабаларымыз мазар­­ларының үлкен этномемориалдық кешен­дерге айналып, оларды көркейтіп, көгал­дандыруға жергілікті үкімет орын­дары­ның жасаған қамқорлығын риза­шы­лық сезімімен айтуға болады. Сон­дай-­ақ, екі елдегі шығармашылық ұжым­дар­­дың өзара гастрольдік сапарлар ал­­ма­суы достық дәнекерінің атап айтар арқауындай. Мәселен, жыл сайын өзбек театрлары Алматыда өткізілетін Орта­лық Азия халықтары театрларының фес­ти­валіне қатысады. Ал Қазақстанның өнер өкілдері Ташкентте өтетін «Шарқ та­ро­налари» музыкалық байқауының бел­сенді қатысушылары. Бұдан бөлек қос ел кинематографистері «Достық тамырлары», «Ағайын», «Мәңгілік достық» секілді деректі киноленталарды өмірге бірлесіп әкелуде. Елші Бөрібай Жексембиннің осындай достық рәуіштегі сөздерінен соң фестивальді ұйымдастырушылар қала жұртшылығы өкілдеріне ән-күй бағдар­ламасы ұсынылатынын хабарлады. Сахнаға Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі шықты. Бұл өнер ұжымы Әйтеке би бабамыздың биыл аталып өтілетін 370 жылдық мерейтойына байланысты Нұратаға арнайы бара жатып, Ташкенттегі достық фестивалі шараларына қатысуды да ниет еткен екен. Жақсы болды, олардың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деп Абай секілді толғанып, «Мақпал» деп Әсет болып ән салып, Тәттімбетке ұқсап күй шертуі көрермен қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұдан кейінгі кезек Алматыдан келген жас таланттарға тиді. Әншілер Уатхан Заханқызы мен Бибігүл Қилымханның әуелете салған әндеріне қол соқпаған жан жоқ. «Денар» фольклорлық-эстрадалық тобының мүшелері Естай Бекбергенов, Ернар Жұматаев, Әліби Кәдір­баевтың орындаған шығармаларына табынбаған көрермен қалмаған шығар, сірә. Құрманғазы атындағы ұлттық консер­ваторияның студенті, жас талант Дәурен Жанарбектің өнері өзінше бір жеке әңгіме. Достық фестивалінің аясында осымен бір мезетте басқа да мәдени іс-шаралар өтіп жатты. Олар: Ташкент ирригация және мелиорация институтында ұйымдастырылған сту­дент жастардың «Тоғызқұмалақ» ин­­тел­лектуалдық спорт жарысы мен «Темір­­жолшылар» мәдениет сарайының фо­йесіндегі Өзбекстан бейнелеу өнері колледжінің студенттері сал­ған сурет көр­месі және Аброр Хидоятов атындағы драма театры сахнасына «Қарыз» спектаклін шығарған Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театрының қойылымы еді. Қала жұртшылығының өкілдері бұл мәдени іс-шаралардың бәрін өте жақсы қабылдап, ұйымдастыру комиссиясының жұмысына риза екендіктерін жүрекжарды сөздермен білдіріп жатты. Р.S: Ташкенттегі достық фестиваліне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан барған делегация мүшелері осы сапарға сергектікпен қарап, жәрдем қолын жанашырлықпен созған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мен осы республикадағы қазақ ұлттық мәдени орталығына ризашылығын білдіріп, рахмет айтады. Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы. Суреттерде: бүгінгі Ташкент; Өзбекстан Ұлтаралық мәдениет орталығының директоры Н.Мухаммедиев;  туыстардың табысуы.

Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргенМарат АРЫНОВ
Соңғы жаңалықтар