• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Ақпан, 2023

Роман Головченко ЕАЭО үшін жабдықталған қауіпсіз желі құруды ұсынды

164 рет
көрсетілді

Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің деректерін берудің арнайы жабдықталған қауіпсіз желісін құру және онымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге көбірек күш салуы қажет деп санайды, деп жазады Egemen.kz.

Бұл туралы ол  Digital Almaty 2023 халықаралық цифрлық форумы аясында ЕАЭО елдері үкімет басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыста айтты. 

«ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жалпы процестерінің дайындығы және одаққа мүше мемлекеттердің арнайы жабдықталған қорғалған желісін құру бойынша барлық жоспарланған жұмыстарды аяқтау – кезек күттірмейтін міндет»,  деді Головченко.

Беларусь премьер-министрі ЕАЭО-дағы әріптестерін осы жылдың маусым айында Еуразиялық экономикалық форумда осы жұмыстың нәтижелерін талқылауға шақырды.

«Қашықтан мемлекеттік қызметтерді көрсету тек біздің елде ғана емес, біздің одақтағы мемлекеттердің барлық азаматтары үшін де дамуы керек»,  деді Головченко.

Сондай-ақ ол ЕАЭО аясында трансшекаралық сенім кеңістігін құру маңызды қадам болуы мүмкін екенін де айтып өтті. 

Головченко бұл үшін ЕАЭО мемлекеттерінің электрондық цифрлық қолтаңбаны тану процесін жеделдету қажет екенін, онсыз халықты сапалы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен мемлекеттік институттардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес екенін түсіндірді. 

«Үкімет басшылары жауапты органдарға осындай тапсырмалар беруге құқылы деп есептеймін - бұл бағыттағы қажетті жұмыстардың аяқталуын жеделдету керек», деді ол әріптестеріне.

Ол сондай-ақ цифрлық экономика үшін кадрлар даярлаудың маңыздылығын, осы мақсатта білім беру құрылымын ұдайы жаңарту, халықтың барлық топтарын цифрлық әлемде өмір сүруге бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Мен әріптестерімді, ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларын одақтың цифрлық күн тәртібін дамыту бойынша жұмысты жандандыруға шақырамын», деді Головченко.