Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында бірыңғай валюта енгізу болжанып отыр ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біздің барлық негізгі құжаттарымызда бұл мәселе қозғалған жоқ. Біз қаржы нарығы саласындағы заңнаманы үйлестіру мәселесімен ғана жұмыс істейміз. Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы аясында бірыңғай валютаны енгізу туралы мәселе қарастырылған жоқ», деді ол.
Ол 2025 жылға қарай ЕАЭО-ға қатысушы елдер ортақ қаржы нарығын құруға ниетті екенін айтты. Басқаша айтқанда, ЕАЭО елдерінде банк, биржа және сақтандыру секторларында бірыңғай ережелер қалыптасуы мүмкін.
Сағынтаев бұл шешім шеңберінде мүше мемлекеттердің қаржы нарығы (банктер, бағалы қағаздар, сақтандыру нарығы) саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімдер қабылданатынын атап өтті. Бұл бағытта Еуразиялық экономикалық комиссия үлкен жұмыс жүргізіп жатыр.