• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2014

Менің мектебім

484 рет
көрсетілді

Оңтүстікқазақстандықтардың атына өмірдегі барлық қара күйені баттастырып жаға салғысы келіп тұратын кейбір замандастарыма әбден зығырданым қайнағаннан туған жердің түймедей түйткі­ліне ішегі түйіліп қала жаздай­тын жазғанқұлданбыз. «Шым­кенттіктер дипломды сатып алады», «олардың мектепті 5-ке оқыдым дегендерінің білімі «үш» деген бағадан әрі аспайды» деп жазы ұзақ жақтың жастарын бір сыпырғымен жапыра салуға бейім тұратындардың бәрінің аузына түгел құм құя алмаспыз. Туған жеріме, мектебіме тіл тигізуді анама, ең ізгі арманыма, бала қиялыма, мөлдір тұнығыма, бастауы­ма тиісу деп түсінетін біздер мұндай жаңсақ ойлардың ауа жайылып кетуіне қанша жерден қарсы болғанымызбен әбден миға сіңіп кеткен әлгіндей қауесеттер, әсіресе, басты білім сынағы – ҰБТ-ның тұсында отқа май құйғандай өрши түсетіні тағы ақиқат. Көкірегімізге білімнің кәусар дәнін сепкен, «алтын ұяны» аялай білуге үйреткен мектебіміз алдындағы қарыз бен парызды немен өтерін білмей жүрген сандаған түлектің бірі ретінде оқыған ортамды, отырған партамды ақ сүт берген анамдай абзал тұтамын. Ерінбей әліппені жаттатқызып, ең алғаш қолға қалам ұстатқызған Қаршыға апайдың жылы шырайлы жүзін, күлімдеген келбетін жасымыз жер ортасынан ауғанмен, әлі сол жас қалпында сағынамыз. Қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берген ағайлар мен апайлардың сыңғырлаған әсем дауыс­тары құлағымыздың түбінде жаңғырады. Есептен сабақ берген Ният ағайдың мінезінің қаталдығы мен сыртқы түріне дейін университеттегі ұстазымыз марқұм Темірбек Қожекеевтен аумай қалған еді. Құдай-ау, одан бері өмір атты кітаптың қанша­ма бетін оқып тауыстық десең­ші. Көбін қазір іздеп таба алмайсың. О, дүниелік. Ұстаз, мұғалім ұғымының ұсақталып кетуіне біздің ұрпақ кінәлі емес. Оның қадір-қасиеті қай кезден бастап өзгергенін өзіміз байқамай қалған сияқтымыз. Құрғыр, жыл сайын осы ҰБТ басталғанда есіңе құлдыраңдаған құлын кезің, дүниеде одан еңселі, одан биік ештеңе жоқтай көрінген зәулім мектебің, айдай әсем апайларың мен сыйлы, зиялы ағайларың ора­лып, көгершін көңіл тым алыс­­­тағы буалдыр сағымдарға сіңіп, сағыныш мұңына оранады. Қайран, кездер-ай! Балдәурен шақ­тың ағаш партасы сынбайтын темір үс­телдерге айналып кеткені қашан. Алғашқы мектебін іздемейтін адам бола ма? Біздің мектептің аты өзгерген жоқ. «Қызыл таң» деп аталады. Кеңестік дәуірдегі қызылдардың жұрнағы емес. Ол тұрған төбеден төмен сырғып, қызыл-табақ күннің батып бара жатқан сәтін қызықтап, ұзақ ойға шоматынбыз. Бізді қиялшыл, арманшыл еткен бәлкім осы бір керемет сурет шығар. Таң атып келе жатқандағы күннің шұғыласы одан бетер тамаша еді. Әдетте арайлап атқан ақ таң демейтін бе еді? Ал біздің таң – қызыл. Ешбір жерге ұқсамайды. Халқы құмырсқа сияқты, қысы-жазы қыбыр-қыбыр. Барлық өнім қып-қызыл бейнетпен өседі. Тірліксіз таң бола ма екен?! Осылай байыптап, бейнелеп жеткізгенде атының ар жағынан елдегі тіршіліктің сондай беймаза тынысы сезіліп қалатын сияқты. Жә, әңгіме атау туралы емес. Білім нәрімен сусындатқан сол мектебіміздің кейінгі түлектері қай жерлерде білім алып, қай жерлерде жұмыс істеп жүр екен деген сұрақ. Мархабат ағамыз Мақтааралдағы бір мектеп-гимназияның биылғы ҰБТ-дағы көрсеткіші жүздің үстінен асып жығылғанын жазғанда, ішім бүлк ете қалды. Апыр-ай, «Қызыл таңның» жағдайы қалай екен? Мектебіңнің абыройы өзіңнің абыройыңа айналып кетеді екен-ау, тәйірі. Неге соншама жүрегім аузыма тығыла жаздады? Неге мазаландым? Сөйтсем, бәйгеге балалар емес, ең алдымен елдің, жердің, мектептің намысы түсіп жатыр екен ғой... Жас түлектің тұяғы сүрініп кетпесе игі. Оны бітірген жастар келешекте Оксфорд, Кембридж, Назарбаев университеттерінде білім алса игі. Деген тілекті алыстағы мектебіме көңілімдегі ақ, адал сезім алып ұша жөнелгендегі сәт е-ең керемет сәт.