• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 05 Ақпан, 2023

Кәсіпкерлікті қолдау қай деңгейде?

286 рет
көрсетілді

Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасында жергілікті бизнесмендер монополист компанияға қарсы наразылықтарын айтты. Петропавлдағы көпқабатты үйлердің астында дүкені, дәмханасы немесе қызмет көрсету орны бар бизнесмендер «Севказэнергосбыт» ЖШС-ның жылу үшін жіберген хабарламасымен келіспейтінін жеткізді.

Кәсіпкерлердің айтуы­на қара­ғанда, жылу ақысы бұ­рын­­ғы­дан екі есеге жуық негіз­сіз қым­баттап кет­кен. Олар тариф­тің өзгер­ме­генін және жы­лыту алаң­да­рының сол қал­пы­нда еке­нін, ендеше ақының неге бұ­лай көбейіп кеткеніне на­ра­зы­лықтарын айтты. Кәсіп­кер­лер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев та кәсіпкерлердің талабы орынды екенін білдірді. «Біздің ойы­мызша, монополист компания нысанның 1 шаршы метріне тиесілі коэффициентті дұрыс қол­­данбай, ақыны негізсіз көтер­ген», дейді ол.

Кәсіпкер Елена Игнатенконың айтуынша, кеңсе үшін жалға алған нысанының көлемі үнемі 84 шаршы метр болған, ал жылу ақысын есептегенде биыл оны 198 шаршы метрге бір-ақ көтер­ген.

«Мен өзім заңгермін. Біз тек тұтынған жылу үшін ғана ақша төлеуіміз керек. Барлық келісім құжат­тарында осылай жазыл­ған. Менің кеңсемде еш­қан­­дай өзгеріс болған жоқ. Қосым­ша, жылу батареяларын қосқан жоқпын. Барлық төлем парақ­тарын сақтап жүремін. Былтыр желтоқсан айында 7 гига­калорияға ақша төледім. Ал 2021 жылы 3 гигакалорияға төле­дім. Тарифте еш өзгеріс болмаса, хабарламадағы жылу құны неге өсіп отыр?», дейді ол.

Жиналғандардың айтуынша, бұл істі «Секазэнергосбыт» ЖШС өздеріне қосымша табыс табу мақсатында негізсіз жасап отыр. Кездесуге шақы­рыл­ған серіктестік директоры Мағауия Сағындықов бұл пікір­мен келіспейді. Өздеріндегі жаңа өзгерістерге сай монополист ком­пания үйлердің астыңғы қа­ба­тында орналасқан кәсіп­кер­­лік нысандарына берілетін жылу­дың ақысын енді тұтынған жылу­дың мөлшеріне емес, алаң­ның көлеміне баса назар аудару ар­қы­лы есептейтін болып­ты. Кә­сіп­керлер болса бұл жаңа­шыл­дық­тан бейхабар болып шықты.

«Жаңа өзгеріс 2019 жылы қабылданды. Ал біз оны норма­тив­тік құқықтық актіге сай тек өткен жылдың сәуір айынан бас­тап іс жүзінде қолдана баста­дық. Бізден келіп сұраған кәсіп­кер­лерге осыны түсіндірер едік. Алайда ешкім сұрақпен келген жоқ. Кәсіптік нысандарға кәдімгі үйлерге қарағанда жылу көбірек беріледі. Біз министрлік бекіткен «Тарифтерді қалыптастыру қағи­да­ларын бекіту туралы» №90 бұйрығына сәйкес жұмыс істей­міз. Бұл еліміздің барлық өңіріне қатысты», деді М.Сағындықов.

Алайда «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасы сарап­шы­ла­ры­ның сөзіне қарағанда, кәсіп­­керлердің наразылығын тудыр­­ған есептеудің бұл түрі бас­қа өңір­лерде қолданылмайды екен. Сондықтан олардың наразы­лы­ғын тудырған бұл мәселе әлі бір шешімін тапқан жоқ. Түйткіл сот алдында шешілгенше тарқай қоймайтын секілді.

Жалпы, облыстың Кәсіп­кер­лер палатасына өткен жылы бизнесті қорғау бойынша 105 өтініш түсіп, оның 36%-ы оң шешімін тауыпты. Ақшаға шақсақ 2020-2022 жылдар аралығында кәсіпкерлердің құқықтары 804 млн-нан аса теңгеге қорғалған. Түскен өтініштердің ішінде қар­жы­ландыру проблемалары – 20%, жер бөлу – 16%, салық қатынастары бойынша – 15% және мемлекеттік сатып алу сала­сындағы өзекті мәселелер 12% үлес алып, кәсіпкерлерді алаң­дат­қан.

Облыста кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес белсенді жұмыс істеп жатыр. Оның жұмысының нә­ти­ж­­елері бойынша 2022 жылы 7 лауазымды тұлға тәртіптік жа­уап­­кершілікке тартылды. Рес­пуб­­ликалық деңгейдегі 9 ке­дергі, жергілікті деңгейдегі 9 кедер­гі қаралып, соның ішінде барлы­ғы 6 мәселе шешілді.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлт­тық жобасы шеңберінде Пет­ропавл қаласы мен аудан орта­лықтарындағы филиал­дар­дың қасынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің 14 орталығы ашылған. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Бекеевтің айтуына қарағанда бұл орталықтар 2022 жылы жаңа бастаған кәсіпкерлерге 8 907 кеңес берген. Сондай-ақ айрықша клиенттерге 490 қолдау білдіріліпті. Белгіленген меже 472 екен, жоспар 104 пайызға орындалған.

«Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан 5 онлайн тапсырыс берілген. Осындай жобаларды іске асыру барысында 2,5 млрд теңгенің 152 жобасы іске асырылып, 412 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Облыстағы «Атамекен-Қы­зыл­­жар» микроқаржылық ұйымы 2022 жылы 197 өтінімді мақұл­дап, 1 млрд 132 млн теңгенің қаражатын бөлген. Оның 80 па­йы­зы инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, олар техника мен жүк және жолаушы тасымалдайтын автокөліктер сатып алуға, ҚКС, медициналық кабинеттер, кафе, дүкендерге жабдықтар алуға, құ­рылыс материалдарын өнді­ру­ге, мал шаруашылығы мен құс өсіруді дамытуға жұмсалған.

Кәсіпкерлер палатасының айналысатын тағы бір үлкен саласы – адам капиталын арттыру, жұмысқа тұру проблемаларын шешуге көмектесу. Бұл істе айтарлықтай нәти­же­ге қол жеткізді деп айту қиын. Облыстың өндіріс ошақ­та­рында жұмыс қолы әлі де жетіс­пейді. Мәселен, тек былтыр­ғы сауалдамаға қарағанда жұмыс берушілер өздеріне 2 481 маман­ның жетіспейтінін айтқан. Осыны жою жолында Кәсіпкерлер палатасы үлкен нәтижеге қол жет­кізбесе де өздерінің үлесін қосу­ға тырысып келеді. Дуалды оқыту­дың жол картасы бойынша 274 кәсіпорын мен 21 колледж 1 214 үшжақты (кәсіпорын-колледж-студент) келісімшартқа отырғызылды.

Оқу орталықтарының тіркелі­мі­не 19 мекеме қарайды, соның ішінде 8-і кәсіпорындарда ашылды. Олар 93 түрлі жұмысшы мамандар дайындай алады. Бүгінге дейін оларда 325 тыңдаушы өтті. Палата өңірдің ерекшелігін ескере отырып, агроқұрылым сала­сы­ның мамандарын дайындауға ерекше көңіл бөліп отыр. Былтыр агроқұрылымдарда 42 онлайн семинарлар өткізіліп, оған 375 адам қатысты. Бүгінге дейін об­лыстың 8 сүт-тауарлы ферма­ла­ры, 5 құс фабрикасы, 2 ет өңдеу кәсіпорындары арнаулы комис­сия­ның оң қорытындысын алған. Бұл оларға мемлекет тарапынан субсидия алуда қолдау болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы