ОДАҚТАН ҮЛЕС АЛМАҚ
Украина президенті Виктор Янукович бұрынғы КСРО-ның дүниесі Одаққа кірген республикаларға бөлінуге тиіс деген пікірін жариялады. Оның бұл ұсынысы жәй саяси ұпай жинаудың қулығы сияқты. Ресеймен жақындасумен қатар, қажетті жерінде оған қарсы да шығамын дегенді білдірмек болса керек. Кезінде сол одақтас республикалардың басшылары Ресей КСРО-ның дүниесін алумен бірге, оның қарыздарын да өтесін деген келісімге келген. Оны қайта қараудың реті жоқтай. Келісілген соң, сөзде тұру қажет.
БИЛІКТЕН ШЫҚҚАН
Жапонияның Социал-демократиялық партиясының басшылығы өздерінің биліктегі премьер-министр Ю.Хатояма басқаратын коалициядан шығатынын мәлімдеді. Бұларға не жетпей қалғаны белгісіз. Социалистердің кетуінен коалиция парламенттегі көпшілік дауыстан айырылар болса, бұл елдегі тұрақтылыққа қатты соққы болып тимек.
ЧИНАВАТ АЙЫПТЫ
Таиланд соты елдің бұрынғы премьер-министрі Таксин Чинаватты лаңкестік әрекеттері үшін айыпты деп тауып, оны тұтқындауға ордер берді. Қазіргі билік оны екі жарым айдай “қызылжейделілердің” көшелердегі тәртіпсіздігі мен шерулер өткізіп, елдің берекесін кетірген әрекеттерін ұйымдастырушы деп санайды. Сол әрекеттердің салдарынан отыздан астам адам қаза тауып, мыңға тарта адам жараланған. Сол үшін де жазаға тартуға болғандай. Оппозиция 36 ғимаратты өртепті.
ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ АСЫҒУ
Француздар ереуілге шығып, ел ішінде біраз қиындық туды – көшелерде көлік кептеліп, авиарейстер орындалмай қалды, тіпті мектептерде оқу тоқтаған. Ереуілдің себебі – үкіметтің зейнеткерлікке шығу жасын көтермек ойына қарсылық. Бұл елде зейнеткерлікке шығу жасы – 60. Бұл тек Еуропада ғана емес, әлемнің көптеген жетекші елдеріндегіден әлдеқайда төмен. Айталық зейнеткерлікке шығу жасы АҚШ-та – 65-67, Жапония, Германия, Испания, Финляндияда – 65, ал Израильде 67 жас. Француздар зейнеткерлікке 62 жаста шығуға қарсы.
ЛИБЕРМАН ЖЕМҚОР МА?
Би-би-си ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, Израиль полициясы елдің сыртқы істер министрі Авигдор Либерманның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар-ау деген күдік білдіріпті. Оның бір дәлелі – сыртқы істер министрі ақшаны жасырып өткізгендерді тергеуге ықпал етпек болыпты. Полиция бұл жайдан-жай емес деп қорытынды жасаған.
ҮНДІСТАНДАҒЫ АПАТ
Жұма күні бұл елде темір жол апаты болып, одан 65 адам қаза тауып, 200-дей адам жараланыпты. Батыс Бенгалияда бұл апатты елдегі маоистік топ жүзеге асырыпты. Калькуттадан Мумбайға бара жатқан пойыз рельстен шығып кетіп, содан соң қарсы келе жатқан жүк пойызымен соғысқан. Маоистік экстремистер бұған дейін де осындай теракт ұйымдастырған екен.
ЧАВЕС ТЕ ҚОРҚАДЫ
Венесуэла президенті Уго Чавес астананың сыртында болатын шараларға алдын ала хабарламай баратын көрінеді. Өз өмірінің қауіпсіздігі үшін осылай етуді оған Куба көсемі Фидель Кастро айтты, дейді ол. Чавес үнемі тікұшақты пайдаланады екен. Тағы да бұл көлікті Фидель Кастро ұнатпапты. Тікұшақты зымыранмен атып түсіретін жындылар көп, депті Чавес. Өз халқынан қорыққан президенттің де күні күн емес-ау.
КЕРЕКСІЗ НӘРСЕ КӨП
Немістің экономист-ғалымы Юстус Хаукал “Германиядағы шенеуніктер тасқыны” деген кітап шығарып, елдегі 50 мемлекеттік қызметтің ешқандай пайдалы іс атқармайтынын, тек бюджеттік қаржыны босқа жейтінін жан-жақты дәлелдепті. Хаукалдың пікірінше, сол мекемелерді жою мемлекеттік органдардың жұмысын ширата түсумен қатар, қыруар қаржыны өтейтін көрінеді. Сірә, ондай керексіз мекемелер барлық жерде де бар шығар. Неміс ғалымы талайларға ой салып отырғандай.
АҚ ЖАҢҒАҚ – КӨК ЖАҢҒАҚ
Қазір базарларда, сондай-ақ дастарқандарда бір мұрты ашылған ұсақ ақ жаңғақты жиі кездестіреміз. Ол негізінен Қытайдан әкелінеді. Бұл шекілдеуіктердің табиғи түсі ақ емес, сұр көрінеді. Саудада өтімді болсын деп қытайлар оны аққа бояйды екен. Табиғи түсі қандай екендігінен бейхабар тұтынушы ағын алады. Бұлай бояу қытайлардың өз заңдарына да қайшы көрінеді. Ал аққа бояғаннан оның адам ағзасына зияны анықталмағанмен, ол өнімдегі В1 витаминін жояды екен.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.